22
Сейсенбі,
Қазан

һижри

«Сынақтардың арасында саған жасырын нығмет бар»

«Сынақтардың арасында саған жасырын нығмет бар»

Ислам тарихы

«Сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың» көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін» («Ниса» сүресі-19).

«Жек көрген нәрселерің сендер үшін хайырлы болуы мүмкін» («Бақара» сүресі-216).

«Уа, мүміндер, біліп қойыңдар! Шүбәсіз, пайғамбардың жұбайы-Айшаға) жала жапқандар араларыңдағы бір топ адам. Алайда бұл оқиғаны өздерің үшін жамандық екен деп ойламаңдар. Керісінше, ол сендер үшін хайырлы болмақ» («Нұр» сүресі-11).

Бану Мусталиқ тайпасына жасалған ғазауатта Айша анамыз (оған Алла разы болсын) алқасын жоғалтып, керуеннен қалып қояды. Артынша оны Сафуан ибн Муаттал көріп, түйесіне міндіріп керуенге алып барады. Осы оқиға себепті мунафиқтар Айша анамызға (оған Алла разы болсын) жала жапты. Оны Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай баяндайды: «Расуллаламен бірге сапарға шыққанмын. Бұл кезде әйелдердің жабық, шет көзден жасырын жүріп тұруы жайында аят түскен. Сол себепті мен түйеге қоршау ішінде әкеліп, сол күйі қызметшілерім жерге түсіретін. Содан не керек, осы жорықтан қайтар жолда Мәдинаға жақын бір жерде қолбасшының әмірімен тоқтап, сарбаздар тынықты. Түн ортасы ауған шақта сарбаздарға жолға жиналуға бұйрық берілді.

Бұйрық берілген сәтте мен әжет сындыру үшін оңаша жерде едім. Асығыс қайтып келгенімде мойнымдағы Йемен көз моншағынан тізілген алқаның түсіп қалғанын көрдім. Оны анам Үммі Руман тойыма сыйға тартқандықтан мен үшін аса қымбат еді. Әжет орнына қайта барып келгенімше мені түйе үстіндегі қоршаудың ішінде деп ойлап, қызметшілер түйені айдап кете барыпты. Алқамды іздеп жүріп, әрең тауып қайтып келсем, әскерлер ұзап кетіпті. Түйемнің шөккен орнына келіп, сырт киіміме оранған күйі қисайып жата кеттім. Менің жоқ екенімді көргенде қайта келер деп ойладым. Сөйтіп жатып көзім ілініп кетіпті. Әрдайым жорық тұсында жойлай қонған жерлерді бақылап, тексеруге тағайындалған Сафуан ибн Муаттал деген адам бар еді. Сол Сафуан міндетін орындамаққа әскер демалған жерге келгенде ұйықтап жатқан мені көріп, таниды. Өйткені сырт көзден жасырынып жүру жайында аят түскенге дейін мені көрген кісі еді. Сафуан мені көрген сәтте сасқанынан: «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиғун» (Біз Алладан келдік және оған қайтып ораламыз) - дейді. Оның дауысынан шошып оянып, киімімді түзелткен болдым.

Уаллаһи, онымен бір ауыз тіл қатысқан жоқпыз. Тек жоғарыдағы айтқанын қана есіттім. Сафуан түйесін шөктіріп, «мін» деді маған. Мен атып тұрып, түйеге міндім. Мұнан соң түйенің бас жібінен жетектеген күйі әскерлерге жету үшін жылдам ілгерілей берді. Таң атқанша қуып жете алмадық. Ақыры сарбаздар демалғалы тоқтаған кезде үлгердік». Осы оқиғалардың соңы Алланың Айша анамызды (оған Алла разы болсын) ақтап аят түсіруімен аяқталды.

Бір залым патша Ибрахимнан (оған Алланың сәлемі болсын) Сараны алып қойғаннан кейін, сол сынақтың ішінде Хажарды оған қызметші ету сыры болды. Солайша Хажар Ибрахимге (оған Алланың сәлемі болсын) Исмаилды (оған Алланың сәлемі болсын) дүниеге әкелді. Сөйтіп Исмағилдың (оған Алланың сәлемі болсын) ұрпағынан пайғамбарлардың мырзасы әрі мөрі болды. Сол қиыншылықтың ішіндегі жақсылық неткен зор еді.

Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) Сара анамызбен Мысырға барған кезде, сол жердегі залым патша әдемі қыз бен қасында бір кісінің келгендігі жайлы естиді. Дереу оны алдыртуды бұйырады. Өйткені оның әдетінде сұлу әйелді көрсе тартып алу бар еді. Ибрахимге (оған Алланың сәлемі болсын) патшаның нәукерлері келіп, Сараның кім екенін сұрайды. Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) оның егер әйелі екенін айтса оны өлтіретінін білді, сол себепті оның діндегі қарындасы екенін илеп, оны қарындасым деп айтады. Патша Сара анамызды алдыртып, оған жамандық жасағысы келгенде,

Алла Тағала Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) мен Сара анамыздың дұғасын қабыл етіп, Сара анамызды сақтайды. Ол оған жақындағысы келсе, қол-аяғы жансызданып, салақтады. Әрі оған дем жетіспей, тізерлеп қалды. Сара анамыз егер патша өлсе, оны бұл өлімде айыптайтынын біліп, Алладан оның өлмеуін сұрады. Ол өзіне келіп тағы да, жаман ойын жасағысы келді. Бірақ та қол аяғы қайта жансызданып,сіресіп қатып қалды. Перғауын ендігі Сарадан қайта дұға етуін өтініп, екінші рет жоламайтындығына уәде берді. Сараның дұға еткені сол еді, қолы икемге келді. Ол күзетшілерін шақырып: «Сендер адамды емес, шайтан әкеліпсіңдер. Босатыңдар оны!» - деп әмір етті. Оны құр жібермей, қасына Хажарды қызметші ретінде оған ілестіріп жіберді. Солайша осы күйінде ол Ибраһимге қайта келгенде, Ибраһим Сараның қасындағысы кім деп ишаратпен сұрады. Сол сәтте Сара: «Алла кәпірдің құрған тұзағына өзін түсіріп, Хажарды маған қызметші етіп берді» -деді. Былай делінген: «Сынақтардың арасында саған қаншама жасырын нығмет бар». Және де былай айтылған: «Ұнамсыз нәрсе де Алланың көптеген хайыры боуы мүмкін».

Алдыңғы он төрт пайданың барлығы да, автор ашық айтқан анық пайдалар. Ендігі одан бөлек Алладан басқа ешкім білмейтін жасырын пайдалар бар. Әдебиет, тарих, ғұмырнама, мінез-құлық кітаптары көптеген ғалымдардың кедейлікке, аштыққа, ғаріптікке, өмірдің ауыр қиыншылқтарына шыдам-тағат еткендігін баяндаған оқиғалар мен сөздерге толы. Олар сабырлықты ту етіп, сауабын бір Алладан күтіп, тұрмыстың тауқыметіне еңсесі түспеген, оған налып, қайғырып жатпаған. Міне, солар білім де табысқа жетті.

Сондай-ақ, ғалымдардың ішінде жетіспеушіліктен титықтап, әбден қажығандары, тіпті, жарлылықты айыптап жыр жазғандардың да саны аз емес. Ендеше солардың арасынан кедейлік пен тапшылыққа салмақтылық танытып, тойып тамақ ішпей, аштықты жеңе білген ғалымдардың қолжазбаларында сақталып қалған сөздерін келтірейік: «Аштықтың беті бір үзім қатқан нанмен қайтса, несіне өткінші қу дүние үшін мұңымды арттыра бермекпін?! Патшаға да пақыркедейге де ақыры келетін бір өлім. Өлім келгенде мынау патша, мынау пақыр деп бөліп жарып жатпайды» (Ғұламалардың сабыры, 123 б).

материал «Сынақ» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: