02
Бейсенбі,
Қаңтар

һижри

Ең ауыр да, қиын қызмет – адам тәрбиесі

Ең ауыр да, қиын қызмет – адам тәрбиесі

Ислам тарихы

Ең ауыр да, қиын қызмет – адам тәр- биесі. Өйткені тәрбие алмаған нәпсі адамды үнемі жамандыққа бағыттайды.

Алла Тағала адам жаратылысына пасықтық пен тақуа қасиеттерін сыйлаған. Сондықтан кішкентайынан бастап осы екі қасиет белгілері адам бойынан көріне бастайды. Адамның бақыты күнәға деген бейімге кедергі болып, тақуа бейімінің қуатталуымен мүмкін болады. Бұның дұрыс бағытқа қою жолы – тәрбие. Жануарларды үйретудің өзі, әрине, нәпсі құмарлығына беріліп кеткен адамды тәрбиелеуден әлдеқайда жеңіл, оңай.

Тәлім-тәрбие беру міндеті – пайғамбар кәсібі. Тәрбиеші бола білу үшін сана-сезім күшті болу керек. Өйткені шәкіртпен тіл табыса білу үшін олардың сезімдерін түсіне біліп, бағалай білу және соған қарай әрекет жасау керек. Бұл дәрігердің емдеуден бұрын ауруың себебін анықтауға мәжбүр екені сияқты жағдай.

Мынаны ешқашан ұмытпауымыз керек. Мәселесін шешкен адамымызды ғана өзімізге тартқан боламыз. Ұмытпайтын екінші нәрсе – оңды нәтижеге жете білу сабырлықты қажет етеді. Бұл бір грамм алтынды қолға түсіру үшін тонналаған таулар мен жартасты қазу керектігі сияқты. Адамдардың қабілеттері бір бірінен өзгеше және әлсіздіктері де түрлі болып келеді.

Сондықтан тәрбиеші адамға бейне бір рух дәрігерінің ұқыптылығымен жақындауы керек. Біріне пайдасын тигізетін сөз бен әрекет енді біріне зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан тәлім-тәрбиесіне жауапты адамдарымыздың жаратылыс ерекшеліктерін өте жақсы білуіміз керек.

Екіншіден, тәлім-тәрбе қызметінің уақыты мен мөлшерін жақсы белгілеу керек. Қатты затты белгілі бір бағытқа қарай бұрғанда сынып қалмасын деп мұқият қараймыз. Сол сияқты нәпсілік бейімдері күшті адамды осы жаман ауруларынан құтқару үшін асығыстық танытпауымыз керек. Алдымыздағы адам қарсылық танытатындай дәрежеде шектен тыс мөлшерде әрекет жасамауға тырысуымыз керек. Мысалы, суға толы ыдысты үлкендігі бірдей екінші бір ыдысқа кенет құйсақ, судың жартысы зая кетіп, сыртқа төгіледі. Ал ақырын, асықпай құйсақ, қолымыздағы ыдыстағы суды екінші ыдысқа бір тамшы да төкпей құямыз. Демек, адамға бағыт беріп, тәрбиелеу ең алдымен сабырға және алдымыздағы адамды қабілеттері жағынан жақсы тануға байланысты екен.

Шынында, тәрбиеші шәкіртінің жараты- лысы мен қабілетін өз алақанындай біліп, қабілеттеріне қарай жетілдіруге тырысуы керек. Мысалы, өлеңге қабілеті бар шәкіртін адам рухының тереңдігіне жететіндей бағыттау керек. Адам басқару қабілеті барға да әділет ұғымы мен сезімін, адамдарды дұрыс жолға бағыттап, басқара алатыны, лайықты адамды тағайындау мен әділ де дұрыс ұстанымда болудың қажеттілігін үйретуі керек. Басқа кәсіби мамандықтарда да жағдай осылай. Бірақ, қоғамға зәру бұл қабілеттердің әрқайсысының тәлім-тәрбие әдістері де әртүрлі.

Тәлім-тәрбие қызметі адамдағы тән мен рух, ақыл мен жүрек арасындағы тепе-теңдікке назар аударылып, жоспарлануы керек. Тек адамның ақылына ғана мән берілсе, мүддешілдік пен атақ-мансап, лауазым мен дүние-құмарлық бейімдер басым болады да, рухи кемелдену өз жайында қалып қояды. Ал, ақылымен бірге жүрегі де тәрбиеленсе, сонда ғана жаратылысындағы бейімдер мен қабілеттердің ақиқат пен жақсылыққа қарай бағыталуы мүмкін болады.

Тағы да назар аударылатын жайт – жүрекке қонбаған мәлімет парасатқа айналмайды. Парасаттылықтан алыс мәлімет иесін теріс жолдарға итереді. Рухани сезімдермен, абзал ойлармен жабдықталмаған адам үнемі жамандықты қалайтын нәпсінің құлы болады.

материал «Рухани шыңның ұлы сатысы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: