Өмір мен уақыт – адам баласының қайта айналып келмейтін, тіршілік тағдырына бір рет қана берілетін баға жетпес байлығы. Сондықтан мұсылман баласы өзінің өмірі мен өтіп жатқан уақытының әрбір сәтін мәнді де сәнді өткізуге тырысуы тиіс.
Өмірдің мәні адамды жоқтан бар етіп жаратып, оған өмір сыйлаған Алланы танып, Оның есепсіз нығметіне шүкіршілік білдіру десек, ал уақыттың қадірі ертеңгі мәңгілік өмірде бақытқа жеткізетін амалдарға асығып, жаман істерден іргемізді аулақ ұстап, асқан сүйіспеншілікпен жаратқан Жаратушы Иеміздің разылығын алумен өлшенбек.
Аллаға құлшылық ету, ата-анаға құрмет көрсету, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу, отбасына көркем мәміле жасау, халыққа қызмет ету, жетім-жесірге қамқорлық жасау, Отанын сыртқы жаудан қорғау, көркем мінез-құлықтарды өміріне сіңіру секілді істер – уақытын қадірлейтін адамның жүзеге асыратын ізгі амалдары. Халифа Омар ибн Абдулазиз (оған Алла разы болсын): «Күн мен түн әрдайым сендер үшін қызмет етеді, ендеше сендер де сол уақыттарыңды қызметке арнаңдар», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетіне өмір мен уақыт қымбат қазына екенін аңғартып: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл! Қартаймастан бұрын жастығыңның, ауырмастан бұрын саулығыңның, кедейлік келмес бұрын байлығыңның, қарбалас сәттерден бұрын бос уақытыңның, өлімнен бұрын өміріңнің қадірін біл!».
Біз бұл хадистен қарбалас сәттер келмей тұрып уақыттың қадіріне жетіп, өмірімізді екі дүние үшін пайдалы істерге арнау өте маңызды екенін түсінеміз. Өйткені кез келген пенденің қамшының сабындай болған қысқа өмірдегі дәм-тұзы таусылады. Ал ажал сәті таяғанда иман келтіріп, ізгі іс жасау кеш болады. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай ескертеді: «Бұрын-соңды иман келтірмеген немесе тек сөз жүзінде ғана иман келтіріп, ешбір қайырлы іс істемеген адамға соңғы сәттегі иманы ешқандай пайда бермейді» («Әнғам» сүресі, 158-аят).
Баршамыздың өміріміз жылдар мен айлардан, күндер мен сағаттардан, тіпті минуттар мен секундтардан тұрады. Осылайша әрбір деміміздің шығуымен уақытымыз да өте бермек. Хасан әл-Басридың (оны Алла рақымына алсын): «Әй, адам баласы! Расында сен күндерден тұрасың. Сондықтан әрбір күнің өткен сайын сенің өміріңнің де бір бөлшегі азая бермек», – деген сөзінде үлкен мән бар.
Кез келген нәрсе белгілі бір уақытпен жаратылған. Әрбір іс белгілі бір өлшеммен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартайып, дүниеден озуы. Өмір жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы. Сондықтан уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырындағы мәселе.
Алла Тағала «Қамар» сүресінің 49-аятында: «Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық», – деген. Сонымен қатар әр нәрсенің соңы, түгесілетін кезі болады. Адамның өмірі де күндердің бір күнінде таусылады. Сол секілді талайды тамсандырған сұлулық та жылдар өте әжімге айналады. Бұл өмірдегі барлық нәрсе уақытша. Бұл туралы Алла Тағала «Рахман» сүресінің 26-27-аяттарында: «Жер бетіндегі барлық нәрсе пәни! Тек ұлылық пен жомарттық иесі Раббыңның Өзі ғана мәңгібақи қалады!» – деп баяндайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамның өмір жасы жайында: «Үмбетімнің жасы алпыс пен жетпістің арасы және кейбіреулер ғана бұл жастан асады», – деген. Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл 840 айға тең. Міне, уақыт осылай өте береді.
Біз кейде уақытымыздың өткеніне қуанамыз. Алайда әр мезетімізге ойланып, ой жүгіртуіміз керек. Уақытымыздың қалай өтіп жатқанына шынайы ақыл көзімен қарайтын болсақ, біз әр күн сайын ажалға жақындап бара жатырмыз. Айталық, жасыңыз отызда болса, осы отыз жасқа дейін не іс тындырдыңыз? Соны ойлануымыз керек! Ата-бабамыз «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деп текке айтпаса керек.
Уақыт өткізуге қатысты мұсылманның екі міндеті бар. Біріншісі – уақытты жүйелеу. Екіншісі – уақытты тиімді өткізу. Мұсылман баласы әрбір әрекетінің ішінен маңызды істі таңдап алуы қажет. Сол істің дүниелік, яки ақыреттік пайдасы жайлы ойлануы керек.
Бос уақыт – Алланың бізге берген ұлы нығметі. Мұндай нығметті берген Аллаға тиісінше шүкір етіп, лайықты түрде құлшылық жасауымыз қажет. Біздің шүкіріміз – бос уақытымызды жоғары бағалап, пайдалы істерге жұмсау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген.
Сондықтан уақытты қателікке, өкінішке, пайдасыз әңгіме-дүкенге емес, керісінше өзімізге де, өзгеге де пайдасы тиетін істерге жұмсағанымыз жөн. Ғалымдарымыз пенденің төрт уақыты бар екенін айтқан. Оның біріншісі – нығметке бөленген уақыты. Мұсылман баласы қандайда бір нығметке бөленсе, Алла Тағалаға шүкір етеді. Екіншісі – құлшылық уақыты. Мұсылман баласы құлшылық уақыты келгенде оны кейінге қалдырмайды, өз уақытында орындайды. Үшіншісі – сынаққа душар болатын уақыты. Мұсылман адамның басына қандай да қиындық туса, оған сабыр етеді. Соңының қайырын күтеді. Төртіншісі – күнәға тап болатын кезі. Мұсылман баласы байқаусыздан күнә жасаса, алдымен лезде тәубе етеді.
Қай салада болсын жетістікке жеткен тұлғалар ең уақыттың қадірін терең түсініп, әрбір сәтін тиімді істерге арнаған. Өйткені уақыттың қайтып келмейтінін түсінген олар әрбір зая кеткен сәттердің орнын ешнәрсе толтыра алмайтынын саналы түрде сезінген. Шын мәнінде уақытын зая кетіріп, оны пайдасыз істермен өлтіріп жүрген адамның дүниеде қандай да бір салада жетістікке жетуі һәм ақыретте бақытқа бөленуі екіталай.
Мұсылман баласы өзіне берілген әрбір уақыты үшін о дүниеде есеп беретінін әсте ұмытпауы керек. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша пенденің аяғы орнынан қозғалмайды: өмірін қалай өткізгені, жастық шағын қалай өткізгені, мал-дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағаны, біліміне қалай амал еткені».
Ғалымдарымыз уақытты зая кетірмеу үшін мынадай амалдарға ден қоюға шақырған: жұмыстарды жүйелеу, өзіне үнемі есеп беру, ізгі адамдармен жолдас болу, алдына нақты мақсат қою, ізгі амалдарды көбірек істеу т.б.
Уақытына берік, әр сәттің қадірін білетін адамдармен жолдас болу өте маңызды. Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 119-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман дос пен жақсы достың мысалы – әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, ол саған сыйлық жасайды немесе сен одан бір нәрсе сатып аласың не одан шыққанда хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан жағымсыз иіс үстіңе сіңеді», – деген. Дана халқымыз «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» деп босқа айтпаса керек.
Расында өткен уақыттың қайтып келмейтініне көзіміз жетсе де, бұл жайлы терең ойлана бермейтініміз ақиқат. Жылдар сырғып өтеді, айлар, апталар, күндер бірінің артынан бірі өтеді, кетеді. Хасан әл-Басри (оны Алла рақымына бөлесін): «Әр өткен күн адам баласына былай айтады екен: «Ей, адам баласы! Мен жаңа күнмін. Сенің амалдарыңа куәлік етудемін. Егер өтіп кетсем, қайтып оралмаймын», – дейді. Ғұлама тағы бір сөзінде: «Дүние үш күннен тұрады: кешегі күнің өте шықты, ертеңгі күнің сен үшін беймәлім, сол себепті бүгін амал жаса» деген екен. Расында, бұл – түсінгенге өте терең өсиет.
Кейде білместікпен қаншама уақытымызды пайдасы жоқ әңгімемен өткізіп аламыз. Сөз арасында біреуді ғайбаттап қойғанымызды да байқамай қаламыз. Мұсылман баласы бос әңгімеге уақытын зая етпей, екі дүниеде пайдасы тиетін іспен шұғылданғаны абзал. Бірде ерекше тақуалығымен танылған Әмір ибн Әбдуқайс (оған Алла разы болсын) есімді сахабаны бір кісі әңгімелесуге шақырады. Сонда Әмір (оған
Алла разы болсын) оған: «Күнді орнында ұстай тұрсаң (яғни уақытты тоқтата алсаң) сөйлесейік», – депті. Осылайша Әмір ибн Әбдуқайс бос әңгімеге уақытын зая кетіргісі келмейтінін жеткізген екен.
Біздің де бабаларымыз адамзат баласы уақытқа тәуелді екенін меңзеп, ұрпағын жақсылыққа үндеген. Абай хәкім бір өлеңінде:
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмиша өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек», – деп жырласа, Мұқағали ақын:
«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!» – деп, терең ой салады.
Алла Тағала баршамызды уақытын ізгі істерге арнап, екі дүниенің бақытына бөленген пенделер қатарынан еткей! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №12, 2024 жыл