11
Сенбі,
Қаңтар

һижри

Алланың қалауының бәрін қамтуы (Тағмим әл-мурад)

Алланың қалауының бәрін қамтуы (Тағмим әл-мурад)

Ислам тарихы

Әһлі сүннет ғалымдары былай дейді:

«Болып жатқан барлық құбылыстар мен заттар, жақсылық-жамандықтың бәрі Алланың қалауымен, оның жазмыш, тағдыры арқылы жүзеге асады». Мұғтазилиттер: «Алланың разылығына сай келмейтін нәрселер оның қалауының шеңберіне де кірмейді» – деген.

Ал мүбах нәрселердің Алланың қалауына кіріпкірмейтіндігіне қатысты ғалымдарының арасында әртүрлі көзқарастар бар. Біздің пікірімізше, бір нәрсенің жаратылатындығын Алла Тағаланың білуі, оның болуына әмір берсе де, бермесе де сол нәрсенің бар болуын қалағандығын білдіреді.

Өз кезегінде Әбу Ханифа қадария ағымының өкілімен пікірталас жүргізу барысында, осы мәселеге байланысты одан: «Алла Тағала келешекте орын алатын жамандықтар мен тыйым салынған істерді ежелде егжей-тегжейлі білетін бе еді? Білмейтін бе еді?» – деп сұрағанда, қарсыласы: «Білетін еді» деуге мәжбүр болады.

Әбу Ханифа: «Алла Тағала ежелде білген нәрсесін сол білгеніне сай жаратуды қалай ма әлде, Өз білгеніне қайшы жаратуды қалай ма? Егер білгеніне қайшы жаратуды қаласа, ежелде білмеген болып қалады. Солай емес пе?», – деп сұрағанда әлгі адам тәубесіне келіп, ұстанымынан бас тартқан-ды.

Осыған байланысты ғалымдарымыз (Алла олардан разы болсын): «Алланың қалауы ілімімен қатар жүреді» деген. Негізінде «Алланың қалауы (жарату) ісімен қатар жүреді» деген дұрыс. Яғни, Алланың ісіне қатысты барлық нәрсе Оның қалауын білдіреді.

Міне осыған орай ардақты ұстаз имам Әбу әл-Мансур әл-Матуриди: «Бұл – пенденің ісінің жаратылу мәселесінің бір бөлігі» деген. Пенденің ісінің барлығы Алланың жаратуы арқылы жүзеге асады деп сенетін біздер үшін оның бәрі Алланың қалауы шеңберіне кіреді. Себебі, бұл істерді Алла қаламаған болса, оны жаратуға мәжбүр болар еді. Әрине бұл ‒ мүмкін емес.

Құран аяттарының кейбірі де Алланың қалауының жақсылықты да, жамандықты да қамтитындығын білдіреді. Мысалы: «Алла қаламайынша сендер ешнәрсені қалай алмайсыңдар» («Инсан» сүресі, 30-аят), «Алла қаласа, олар оған серік қоспас еді» («Әнғам» сүресі, 107-аят), «Егер Алла қаласа, жер бетіндегі адамдардың бәрі иман келтірер еді» («Юнус» сүресі, 99-аят).

Кейбір аяттарда Алланың қалауы адастыруды да қамтитындығы айтылған: «...Ол қалағанын адастырады», «Кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін көкке көтіріліп бара жатқандай қысады» («Әнғам» сүресі, 125-аят).

Әһлі сүннеттің көзқарасы бойынша, «машиә» мен «ирада» сөздері арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл көзқарасымызды исі мұсылманға кең тараған мына: «Алланың қалағаны жүзеге асады, ал қаламағаны болмайды» деген хадис қуаттайды. Ал қарсыластарымыздың көзқарасы бұған қайшы келеді. Олардың көзқарасы бойынша, барлық кәпірдің иман келтіруін қалаған Алланың ирадасы орындалмай, оның қаламаған күпірліктері көрініс тапқан. Мұндай көзқарас – үмбеттің ижмасына қайшы. 

материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: