23
Жұма,
Қаңтар

һижри

«Егер» деген сөз шайтанға есік ашып береді

«Егер» деген сөз шайтанға есік ашып береді

Ислам тарихы

Алла кейбір сынақтарды белгілі бір қағиданы пенде жаттап, санасына орнықтырып алу үшін береді. Тіпті сол сынақтар арқылы адам дұрыс пен бұрысты, жақсы мен жаманды ажыратып алады. Ол нәрсе өткенге өкіне бермеу үшін де болуы мүмкін. Пенденің астамшылық пен өзімшілдікке салынып кетпеуі үшін де кейде сабақ ретінде жүзеге асып жатады.

Өткен шақ өтті. Өткен қиындық, сынақ, ауыртпашылық болашаққа барар жолға кедергі болмауы керек. Кеткен нәрсенің адам өмірінің жаңа парақтарын ашуына да тосқауыл болғаны жарамайды. Адам өмірдің жаңа парақтарын аша алғанда ғана сәтсіздік, жеңіліс парақтарын жаба алады. Сол ақиқатты білдіріп, еске салып тұратын нәрсе – пенденің Жаратушымен байланысы. Адам ешқашан өз күнә-қателігінің тұтқыны болып қалып кетпейді. Алла Тағала оған міндетті түрде тәубе мен кешірім есіктерін ашып қояды. «(Уа, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да, тәубелеріне келген жағдайда Өте Кешірімді), Рахим (Ерекше Мейірімді)!» ("Зумәр", 53).

Сондықтан да күнәң сені тәубеден тоспасын. Қателігің Аллаға қарай жүзіңді бұрып, кешірім сұрауыңа кедергі жасамасын. Өткен шағыңды ойлап, баяғы күйіңде қалып кетпе. Алла барлық күнәні кешіреді. Қанша көп болса да, ойыңа келіп, жасаған барлық күнәні Кешірімді, Мейірімді Алла кешіреді. Өз-өзіңді кешіре алмай жүрсең де, Алла кешіреді. Жоғарыдағы аятқа қара, назар сал. «Уа, күнәға батқан құлдарым!» деп айтып отыр. «Құлдарым!» Олай болса, сен Аллаға жақынсың. Одан алыстап кеткен жоқсың!

Алла Құранда адам жасаған, амал дәптеріне жазылып қойған күнә-қателіктің тура бір жасалмағандай болып өшіріліп кететіні жайлы да айтқан. «Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни кішігірім күнәларды) жояды» ("Һуд", 114).

Мүмкіндік есігі ашық. Өткенге өкіне беру пайда бермейді. Бірақ тәубе етуге шынайы ниет ету, ыждаһатпен жақсы амал ету, Мейірімді Аллаға бет бұрып, жақындау күнә мен қателіктен тазартады. Бұл айтылғандар ақыретке байланысты. Ал дүниеде ше? Дүниеде өткенге өкіну ешқандай пайда әкелмейді. Адам тек денсаулығын, уақытын құртады. Өткен өлді. Төгілген сүт қайта орнына келмейді. Өткенге жылай берме. Артқа бұрылма. «Егер» деген сөзді айтып, өзіңді қинама. Имам Муслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Басыңа бір іс түссе: «Былай істесем былай болар еді», – деп айтпа. «Алланың тағдыры, қалады, солай жасады», – деп айт.

«Егер» деген сөз шайтанға есік ашып береді». Жалғыз Аллаға сенім артып, тек алға жылжы. Артқа қарайлай беру – сүріншектіктің себебі. Өткен парақты жауып таста. Тәжірибе алдың, енді сол алынған тәжірибемен өміріңді жалғастыра бер. Кеткенмен бірге сенде уайым түбіне кетіп қалма. Алла Тағала өткен қауымдар жайлы былай дейді: «Олар да өз алдына бір үмбет еді. Келді де кетті» ("Бақара", 134).

Тура осы сияқты сенің де өткенің кезінде келді, енді кеткен. Кеткеннен алатын нәрсе – тек сабақ пен ғибрат қана...

 

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: