Қазіргі заманның апаты, бәрі байланып қалып шыға алмай жүрген, көптің өмірін құртып, абыройын түсірген, қоғам алдындағы абыройына кері әсерін берген, жастарды құртып, адастырған ғасыр дерті – жасанды танымалдылық.
Ол адамды екі дүниеде де бақытсыз етеді. Шынайы танымал адам – Алла абыройын көтеріп, есімін адамдар аузына салған адам. Басқалар танымаса да, Алла танитын, періштелер білетін адам – нағыз мәшһүр адам. Шынайы танымал адам – жасандылық бойында жоқ, Алла бір күнде барлық адамды оның жеке өміріне қызықтырып қойған адам. Сырттай әдемі болып көріну – адамның табиғатында бар дүние. Нәпсі де соны қалайды. Адам табиғаты басқалардан мақтау естігенді жақсы көреді. Басқалардың аузында аты аталып, ерекшеліктері тілге алынса, достары арасында атағы бар өзі ғана болса, кеудесін керіп, мақтанға салынып кетеді. Неге?
Себебі атақ – байлық пен мансапқа апарар жол. Сол есік арқылы көп адам байлық тауып, мансапқа ие болған. Танымалдылық адамның өзін ғана емес, сөзін де салмақты етеді. Танымал адамдардың сөзін орындау арқылы қалғандар арман-мақсаттарыма жетемін деп ойлайды. Дүниелік жалған танымалдылықтың бағасы да тым ауыр. Адам оны өтеймін деп дүниелік рахатынан, жан тыныштығынан айырылады. Оның өтемі де қиын. Соңында адам өзінің ешкім болмағанын, ешқандай қасиеті мен ерекшелігі жоқ екенін сезініп, қурап қалған ағаш жапырағындай күй кешеді. Шариғи шарттар мен ақыл-ойға салып әрекет етпесе, адамды ол нәрсе құрдымға апарады.
Осы айтылған нәрсе орындалмаса жалған мәшһүрлік адамды екі дүниеде де – осы дүние мен ақыретте қор етеді. Сонымен қатар адам үшін пайдалы болған әрі оның дәрежесін арттырып, адамды пайғамбарлардың, шыншылдардың, шәһидтердің, ізгілердің деңгейіне жеткізетін де танымалдылық бар екенін ұмытпау керек. Адам ол кезде екі дүниеде де биік орында болады. Бұл дәреже тек тақуа мұсылмандарға арналған. Олар – сөздерімен де, істерімен де Алланың разылығын бәрінен жоғары қойып, Оның разылығын құлшылық-ғибадат етіп іздейтін жандар. «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» ("Бақара", 152).
Неткен құрмет? Неткен сый? Бірнеше минуттар ғана алатын ғибадат үшін Алла пендесін еске алса? Ғибадаттың соңы – Алланың періштелер алдында адамның есімін еске алуы! Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құдси хадисте Алла Тағаланың былай айтатынын жеткізеді: «Мені бір ортада еске алса, Мен оны одан қайырлы ортада еске аламын». Осылайша, Раббысын еске алған адам көкте де танымал бола алады. Алланың сүйікті пендесіне айналады. Міне, осы – ең пайдалы танымалдылық, жемісті сауда. Мұсылмандар, міне, осы үшін жарысуы керек. «Ендеше адамдар өзара жарысатын болса, осынау мәңгілік жәннат мекені үшін жарыссын!» ("Мутаффифин", 26).
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz