20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Сахабалардың әуезді Құран оқуы, оны періштелердің тыңдауы

Сахабалардың әуезді Құран оқуы, оны періштелердің тыңдауы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уə сəллəм) Құран кəрімді жаттан өте əсем, əсерлі етіп оқитыны соншалық, оны тыңдаған кəпірлер де таң қалатын. Оны тыңдайтын мұсылмандардың саны өте көп еді. Хазреті Бəра бин Азиб айтады: «Бір құптан намазынан кейін пайғамбарымыз «Тин» сүресін оқып отырғанын тыңдадым, оның өте əсем оқығаны соншалық, өмірімде дауысы мен оқу мəнері одан жағымды адамды көрген емеспін».

Сахабалардың ішінде дауысы керемет, Құран оқығанда өзі де жылап, басқаны да жылататын адамдар көп еді. Солардың бірі Усəйд бин Худайр (радиаллаһу анһ) болатын. Бір күні түнде атын қасына байлап қойып, «Бақара» сүресін оқи бастайды. Оқып отырғанда аты бірден үркиді. Хазреті Усəйд оқудан тоқтайды, ат тынышталады. Қайтадан оқи бастағанда ат тағы да үркиді. Тоқтатса тағы да тынышталады. Қайтадан оқи бастағанда, ат тағы да үркеді. Усəйд бин Худайрдың (радиаллаһу анһ) баласы атқа жақын жерде жатқандықтан ат басып кетуінен қорқып, оқуды тоқтатады. Аспанға қарағанда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын түтін ішінен шырақ сияқты жарқыраған нəрселерді көрді. Оқуды тоқтатқан кезде сол жарқыраған нəрселердің аспанға қарай биіктеп көтерілгенін көрді. Таң атқаннан кейін пайғамбарымызға барып, болған жəйтті айтып береді. Пайғамбарымыз «Олардың не екенін білесің бе?» деп сұрағанда хазреті Усəйд «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулалла білмеймін» дейді. Пайғамбарымыз: «Олар періштелер болатын. Сенің дауысыңа жақындаған еді. Егер оқуды жалғастыра бергеніңде таңға дейін олар сені тыңдап, адамдар да оларды көріп тамашалайтын еді. Олар халықтан жасырынбас еді»,- деді.

Құран кəрімді беріліп оқитындардың бірі хазреті Əбу Бəкір болатын. Намазда оқи бастағанда өзін ұстай алмайтын, көздерінен жас құйылатын. Көргендер оның бұл халіне қайран қалатын. Бір күні мүшріктер жиналып, «Бұл адам пайғамбардың əкелгендерін бар жанымен оқып, көз жасына ерік береді. Балаларымыз бен əйелдеріміз оның осы жағдайына əсерленіп, мұсылман болады деп қорқамыз» дейді.

Пайғамбарымыздың дидарын көріп, оған шын ықыласпен берілгендердің, сөздерін жəне оқыған Құранын естіп, таңданып, мұсылман болғандардың бірі Абдуллаһ бин Сəлам болатын.

Тəурат пен Інжілді жақсы білетін Абдуллаһ бин Сəлам (радиаллаһу анһ) иман келтіруден бұрын яһуди ғалымы болатын. Өзі мұсылмандықты қалай қабылдағаны туралы былай əңгімелеген: «Мен Тəурат пен оның түсіндірмелерін əкемнен оқып үйрендім. Бір күні əкем ақырзаманда келетін пайғамбардың сипаттарын, белгілерін, жасайтын істерін маған айтып берді. «Егер ол Харун əулетінен шығатын болса ғана оған бағынамын, əйтпесе бағынбаймын» деп, пайғамбарымыз Мəдинаға келместен бұрын қайтыс болды.

Пайғамбарымыздың Меккеде пайғамбарлығын жариялағанын естіген кезімде оның сипаттарын, есімін жəне келетін уақытын білетінмін. Сол себептен оны күтіп жүрдім. Пайғамбарымыз Мəдина маңындағы Қуба деген жердегі Амр бин Ауф ұлдарының үйіне қонақ болып түскенін біреуден естігенге дейін мұны яһудилерден жасырып жүрдім.

Бір күні бақшамда құрма жинап жүргенімде Надир ұлдарының бірі «Бүгін арабтардың адамы келді» деп айқайлады. Мен қалшылдап дірілдей бастадым. Қуанғанымнан аузымнан «Аллаһу əкбар» деген тəкбір кəлимасы шығып кетті. Сол кезде əпкем Халида бинти Харис ағаштың түбінде отырған болатын. Ол өте қарт кісі болатын. Тəкбірді естіп «Алла мақсатыңа жеткізбесін. Сен Мұса бин Имранның келетінін естісең осылай қуанбас едің» деп мені ұрысқандай болды. Оған «Əпке! Ол Мұса бин Имранның бауыры. Сол сияқты пайғамбар. Соның жолында жəне сол сияқты тəуһид сенімімен жіберілген»,- дедім. Ол маған «Ей, бауырымның баласы. Əлде бізге қияметке жақын келетіні білдірілген пайғамбар сол ма?»- деп сұрады. «Иə, дəл өзі»,- дедім, ол «Онда дұрыс айтасың»,- деді.

Расулулла Мəдинаға хижрет еткен кезде оны көру үшін халықпен бірге мен де бардым. Оның дидарын, нұрлы келбетін көре сала «Оның жүзі өтірікшінің жүзі емес»,- дедім. Расулулла жиналған адамдарға Исламды түсіндіріп, насихаттар айтты. Сол жерде Расулулладан естіген алғашқы хадис шəрифім мынау:

«Сəлемді араларыңда жайыңдар, аш адамдарды тойғызыңдар, туыстарыңмен араласыңдар, елдер ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар. Осылайша, жұмаққа кіресіңдер».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уə сəллəм) мені пайғамбарлық нұры арқылы танып, «Сен Мəдина ғалымы Ибни Сəламсың ба?»- деп сұрады. Мен «Иə» дегенде пайғамбарымыз «Қасыма жақында» деп, былай сұрады: «Ей, Абдуллаһ! Аллаһута’ала үшін шындықты айт. Тəураттан менің сипаттарымды оқып үйренбедің бе?» Мен «Алла тағаланың сипаттары нелер екенін айтыңыз-шы?»,- дедім. Пайғамбарымыз біраз күтіп тұрды, сонда Жəбрейіл алейһиссалам «Ихлас» сүресін түсірді. Расулулла оқыған осы сүрені естіген кезде пайғамбарымызға «Иə, Расулаллаһ! Дұрыс айтасыз. Ант етемін, Алла тағааладан басқа илаһ жоқ. Сіз Оның құлы жəне Расулысыз» деп, кəлимаи шаһадат айтып, мұсылман болдым».

Сосын «Йа, Расулалла! Яһудилер ұялмай өтірік айтатын, негізсіз жалалар жабатын залым халық. Егер сіз мен туралы олардан сұрап білместен бұрын олар менің мұсылман болғанымды білсе, маған көптеген жалалар жабатыны ақиқат. Сіз алдымен олардан мен жайлы сұраңызшы, не дейді екен?» деп, үйдің бір бұрышына жасырындым. Менің артымнан бөлмеге бір топ яһуди кірді. Пайғамбарымыз яһудилерден «Қауымдастарың Абдуллаһ бин Сəлам қандай адам?»- деп сұрады. Яһудилер «Ол біздің ең танымал, ең абыройлы ғалымымыз, өзі ең күшті данышпанымыздың ұлы. Тағы ол біздің ішіміздегі ең қайырлымыз жəне ең қайырлы адамымыздың ұлы»,- деді. Сосын пайғамбарымыз яһудилерге «Егер ол мұсылман болса, оған не дейсіңдер?»- деп сұрады. Яһудилер «Алла оны ондай нəрседен сақтасын»- деп жауап берді.

Сол кезде жасырынған жерімнен шығып, «Ей, яһуди қауымы! Алла тағааладан қорқыңдар. Өздеріңе келген мына ниғметті қабылдаңдар. Сендер де білесіңдер, қолдарыңдағы Тəуратта есімі мен сипаттары жазылған Алла тағаланың расулы осы. Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы жəне расулы»,- дедім. Осыдан кейін яһудилер «Бұл біздің ең жаман адамымыз жəне ең жаман адамымыздың ұлы» деп əр түрлі жалалар жаба бастады. Мен «Менің қорыққан нəрсем де осы еді. Йа, Расулалла! Мен олардың залым, өтірікші, жалақор халық екенін сізге айттым емес пе? Міне, бəрі дəлелденді»,- дедім. Пайғамбарымыз яһудилерге «Бірінші айтқандарың бізге жетеді, екіншісі керек емес»,- деді. Мен үйіме қайттым. Отбасым мен туыстарымды Исламға шақырдым. Əпкеммен қоса барлығы мұсылман болды.

Менің иман келтіруім яһудилерді қатты ашуландырды. Сондықтан да мені қинай бастады. Тіпті, кейбір яһудилер «Арабтардан пайғамбар шықпайды, сенің адамың жай ғана көсем, билеуші» деп, мені Исламнан бас тартқызуға тырысты, бірақ ниетіне жете алмады.

Онымен бірге Салəбə бин Сайə, Усəйд бин Сайə, Əсад бин Убəйд (радиаллаһу анһум) жəне кейбір яһудилер шын көңілдерімен мұсылмандықты қабылдады. Кейбір яһуди ғалымдары халық арасына «Мұхаммедке тек біздің жаман адамдарымыз сенді, егер олар жақсы адамдар болса, ата-бабаларының дінін тастамас еді» деген сөз таратты. Осыған орай Алла тағала оларға жауап ретінде аят түсіріп былай деді: «Олардың (христиан жəне яһудилердің) барлығы бірдей емес. Əһли кітаптың (христиан жəне яһудилердің) ішінде ғибадат жасайтын бір жамағат бар, олар түнгі уақыттарда сəждеге барып, Алла тағаланың аяттарын оқиды». («Али Имран» сүресі, 113).

материал “Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: