«Ал егер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінен қорықсаңдар ер адамның туыстарынан бір әділ төреші, сондай-ақ әйелдің жақындарынан да бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті жарастыру болса, Алла Тағала оларды сөзсіз қайта табыстырады. Шүбәсіз, Алла барлық нәрсені білетін шексіз ілім иесі, барлық нәрседен толық хабардар болушы» («Ниса» сүресі, 35-аят), – делінген.
Қалыңдығыммен барлық мәселеде ойымыз ортақ болатын. Оның әрбір қалауын орындауға дайын тұрдым. Ол да менің ұсыныстарымды үнемі қолдауға әзір еді. Осындай өзара түсіністік оны жар етуіме ықпал еткен жайттардың бірі болатын. Екеуіміз ұрысып, жанжалдасып қаламыз деген ой менде ешуақытта болмады.
Алайда, алғашқы айлардан-ақ бітпейтін жанжалдар басталды. Қалыңдығым осындай қисынсыз әрекеттер жасайды деп ойламаппын. Ол да менің қайтпас қиқарлығыма куә болды. Қайтпас қаталдық көрсету ниетімде жоқ. Алайда менің ойым ең дұрыс шешім екенін түсіндіргім келді. Бар болғаны осы. Әрине, ол да өзінің пікірін жалғыз дұрыс шешім деп ойлады. Өкінішке орай, ерлі-зайыптық өмірде келіспеушілік деген қарапайым құбылыс екенін ешкім ескерткен жоқ. Келіспеушілікпен бетпе-бет келмейтін жұбайлар жоқ десе де болады. Оның себебі екі қосу екі тең төрт деген сияқты қарапайым. Өйткені сіз бен біз әрқайсымыз жеке дара адамбыз. Әркімнің өзіндік қалауы бар. Бір нәрсені жақсы көрсек, басқасын жақтырмаймыз. Ал бірін көңіліміз қаламайды.
Әйелім теледидар тамашалауды жақсы көретінін кейін білдім. Мен мұны уақытты босқа өткізу деп есептеймін. Неге осы уақытты кітап оқып, жаңа дүниелерді үйренуге жұмсамаймыз деуші едім. Әйелім теледидар тамашалау демалудың бір әдісі деген пікірде. Әрі теледидардан көптеген тың мағлұматтар біліп тануға болады дейтін. Бұл арамыздағы ең нәзік әрі осал тұсымызға айналды. Оқтын-оқтын осыған байланысты келіспеушілік үлкен дауға айналып отыратын. Уақыт өте бұдан да басқа келіспеушілік тудыратын жайттар пайда бола бастады. Осылайша, біздің отбасымыз телехикаяға айналды.
Бір-бірімізді түсіне алмайтын шақта «әйел таңдауда қатты жаңылдым. Оңбай қателестім. Егер дұрыс таңдау жасағанымда мұндайға тап болмас едім» деген ой мазалай бастады. Қазір ойлап отырсам, сол кезде әйелімнің де пікірі сондай болған. Ол да өз таңдауын үлкен қателік деп түйген. Аға-жеңгелерімізбен әңгімелесе келе, келіспеушілік болмайтын жұптар жоқ екеніне көзіміз жетті. Ең тату-тәтті деген жұптардың да өзара келіспейтін тұстары болады. Кейбір ерлі-зайыптылар келіспеушілікті сүйспеншілік арқылы шешеді. Ал кейбірі ұрыс-жанжалмен ара-қатынасын реттемек болады. Өкінішке орай, біз екінші топтағы жұптар қатарынан болдық.
Маманның сөзі: Ширек ғасырдан астам отбасылық мәселелер бойынша кеңес берумен айналысам. Кабинетімде отырып көптеген хикаяларды естідім. Жанжалдасу өмірінің ажырамас бөлігіне айналған жұптар бар. Көпшілігіне менің көмегім тиді. Соған қатты қуанамын. Кеңесім арқылы олар араларындағы келіспеушілікті дұрыс жолмен шешуді үйренді. Ендеше, сол ұсыныстардың кейбірін талдап көрейік:
Бірінші: Әуелі, болған жағдайды қабылдауды үйренейік. Айтпағым, келіспеушілік болуы қалыпты жайт. Келіспеушілік немесе талас-тартыс жар таңдаудағы қателік салдары деген ойдан арылыңыз. Келіспеушіліктің болуы пенде екеніміздің бір белгісі. Әр адам менің пікірім ең дұрыс шешім деген бек сенімде. Біздің қателесетін тұсымыз, өмірлік жолдасымыздың да дәл біз сияқты өзіндік ойы бар екенін есепке алмауымыз. Ол да өз пікірін мінсіз әрі ең дұрысы деп біледі. Бөтен адамның ойы сенікімен сәйкес келе бермейді. Сенің ойың және пікіріңді, ұстанған бағытыңды өткен шағың, құндылықтарың һәм тұлғалық болмысың қалыптастырады. Міне, осы факторлар сыңарыңда бүтіндей өзгеше боп келеді.
Арадағы келіспеушіліктің бірі үлкен, екіншісі ұсақ-түйек болуы мүмкін. «Бөлмедегі диванды терезе түбіне қоямыз ба, әлде қабырға жақта тұрғаны дұрыс па?» деп тартысу қарапайым келіспеушілік. Ал үлкен шаңырақта қалу немесе еншіні алып бөлек шығу деген сияқты келіспеушілік біршама күрделі болып табылады. Бір күн ұрыс болған үйден қырық күндік ырыс кетеді. Келіспеушілік үлкен-кішілігіне қарамай өміріміздің құтын қашырады. Алайда келіспеушіліктің берер өзіндік күш-қуаты бар. Сол күш арқылы бір-бірімізге қаншалықты қымбат екенімізді танып біле аламыз. Демек, келіспеушілікті өз пайдамызға қолдануға болады.
Келіспеушілік заңды құбылыс екенін білдік. Ендеше, оны игерудің де жолы бар. Жолын тапсақ тиімді пайдалана бастаймыз. Ол үшін бір- бірімізге құлақ салуды үйренген жөн. Көпшілік адам келіспеушілік туындаған кезде, ішіндегі барын айтып салуды ойлайды. Күйеуін (әйелін) тыңдамайды. Бір жақтама сөйлеуден тұратын мұндай әңгіме түбі жанжалға алып барады. Қабылдауымда болған бір әйелдің сөзі есіме түсіп отыр: «Алғашқы кеңестен түйгенім жолдасыма «тыңдау уақытын» берудің маңыздылығы. Бұдан алдын күйеуіме үнемі «біз сөйлесуіміз керек» деп айта беруші едім. Менің бұл сөздерім күйеуімнің жанын сығатын. Енді, күйеуіме: «Саған ыңғайлы уақытта сені тыңдағым келеді» дейтін болдым. Ішіндегісін айтуға дайын болғанда: –Ойымды тыңдағың келе ме? – деп бір уақыт белгілеп сөйлесетін болдық. Мұндай әңгімелесу өзіндік оңды пайдасын біре бастады», – деді.
– Тыңдау уақыты? – деп сұрадым. Күйеуім: – Демек, менің ойымды тыңдағың келе ме? Қай тақырыпта? – деді.
– Жазғы демалысты қайда өткіземіз немесе басқа да келісе алмай жатқан мәселе жайында, – деймін. Бір отырғанда бір ғана тақырыпты талқылайық деп келісіп алдық. Осылайша жазғы демалысты қалай өткізгісі келгені жөнінде менімен пікір бөліседі. Өз кезегінде мен оның ұсыныстарының себебін түсінуге тырысамын. Әрі оған бұл қаншалықты маңызды екенін қабылдауға әрекет етемін. Мәселен, жан-жақты сұрақтарымды қойған соң жазғы демалысты ата-анаңмен өткізгің келеді. Өйткені әкең ауру. Келесі жылы қайта көру мүмкіндігі болмауы ықтимал. Ойың дұрыс, – деймін. Сосын күйеуім менің ойымды сұрайды. Айтқан сөздерімді күйеуім қорыта келе:
– Шетелде тұратын әпкең жылына бір рет қана келеді. Сондықтан, санаулы күндерде онымен кездесіп қалуды қалайсың? Жарайды, – деп менің не айтпақ болғанымды түсінуге тырысады. Біз сөйлесе отырып, осы нүктеге келдік. Арамыздағы мәселені шеше алмадық. Алайда ешбір ұрыс-жанжалсыз бір-біріміздің ойымызды тыңдауды үйрене бастадық. Пікірімізді құрметтейтін болдық. Бір-бірімізге дұшпандық көзқарастан арылдық. Ұрыспаймыз деп келістік. Арамыздағы мәселеде ортақ шешім табуға әрекет етеміз», – деді.
Міне, бұл жылдар бойы кабинетімде жас жұбайларға берген кеңесімнің мақсаты. Жұбына шынайы құрмет көрсетуді үйрету. Ой- пікірін жеткізуде толықтай еркіндік беру. Осындай қорытындыға алып келген оның ойлау қабілетіне сыйластық таныту. Мұндай қарым-қатынас екеуінің арасында «бәсекелестік» атаулыдан толықтай арылған достық атмосфераны жаратады.
Хасан Басриден (Алла оған разы болсын) бір кісі: «Менің қызым бар. Кімге тұрмысқа бергенім жөн?» – деп ақыл сұрайды. Ғұлама: «Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көрсе қадірлеп, сыйлайды. Ал ашуланса қызыңды ренжітпейді», – деп кеңес берген екен. Отбасылық өмірде «менің шешімім» деген сөз ешқашан жақсылыққа апармайды. Үнемі «біздің шешімді» табу қажет. Оның бір ғана шарасы бар. Бір-бірінің сөзін тыңдау, жұбының ой-пікірін құрметтеу. Мұндай мәміле келіспеушілікті шешуге мүмкіндік тудырады. Мәселені шешудегі басты принцип – ымыра. Бұл дегеніңіз – келісу, райласу. Ырыма жағымсыз сөз деп ойлаймыз. Ерлі-зайыптылар арасындағы ымыраны жағымды сөз деп айту жеткіліксіз. Ымыраны қажеттілік деп білу керек. Ымыра ортақ түйісетін нүктені таба білу демек. Белгілі бір мәселеде бір-біріне жол беруге, шегінуге немесе көнуге дайын тұруы.
Мұндай тәсіл жұбайлық өмірдің шырқы бұзылмауы үшін ауадай қажет. Әрқайсысы өз дегенінен қайтпай ерегісуден түк шықпайды. Ортақ шешім табылмағандықтан айналып бастапқы нүктеге қайта оралады.
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz