08
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Умму Сәләмә – бүкіл мұсылмандардың анасы

Умму Сәләмә – бүкіл мұсылмандардың анасы

Ислам тарихы

Оның әкесі Махзум тайпасының абыройлы да атақты ақсақалдарының бірі еді. Арабтардың ішінде ол өзінің жомарттығымен танылған адам. Оған бұл жомарттығы үшін “Зәдурақиб” деген лақап қойылды. Мағынасы “жолаушы дорбасы” яғни, онымен шыққан жолаушы дайындалмай шықса да, ол сөзсіз қамтамасыз ететіндігі үшін қойылған ат.

Умму Сәләмәнің күйеуі Абдулла ибн АбдулАсад алғашқы Исламды қабылдаған адамдардың бірі. Одан алдын Ислам қабылдаған Әбу Бәкір (Алла олардан разы болсын) және одан басқа саусақпен санаулы адам ғана.

Негізгі шын есімі Һинд. Алайда Умму Сәләмә (Алла одан разы болсын) есімімен (куния) аталып, сол есіммен танылып кеткен. Умму Сәләмә (Алла одан разы болсын) Исламды өзінің күйеуімен бірге алғашқылардан болып қабылдады. Ол екеуінің Ислам қабылдағаны жайлы хабар таралғанда құрайыштықтар тау шыдамастай асқан қатегездік пен зорлық-зомбылық көрсете бастады. Алайда бұл нәрсе оларды әлсіретпеді де, қаймықтырмады да.

Құрайыштың мұсылмандарға зорлық-зомбылығы күшейген кезде Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларға Эфиопияға көшуге рұқсат етті. Умму Сәләмә мен оның күйеуі де алғашқы мүһәжірлердің ішінде болды. Осылайша Умму Сәләмә күйеуі екеуі Меккені, кең үйін, атақ-даңқын, ата-бабасынан келе жатқан тектілігін артқа қалдырып, өзге жат жерге сауапты тек қана Алладан күтіп, Оның разылығы үшін ғана кетті. Умму Сәләмә мен күйеуі Нәджәшидің (Алла жәннаттық етсін) қорғанында бола тұра, уахидың қайнар бұлағы Меккеден және Алла елшісінен (с.ғ.с) ажырап қалу оларға ауыр тиді.

Біршама уақыт өткенде Эфиопия жеріндегі мұсылмандарға Меккеде мұсылмандар саны артқандығы, Хамза ибн Абдульмутталиб және Омар ибн әл-Хаттабтың (Алла олардан разы болсын) Ислам қабылдап мұсылмандардың күш-қуаты артқандығы және бұрынғыдай құрайыштықтардың жапа шектіріп, азаптамайтындығы жайлы хабар жетеді. Сөйтіп елін қатты сағынған мүһәжірлердің ішінен бір топ мұсылман Меккеге қарай жол тартады. Әрине, оның ішінде Умму Сәләмәмен күйеуі бар.

Көп ұзамай қайтып келе жатқан мүһәжірлер бұл хабардың асыра сілтеп айтылғандығы және Хамза мен Омардың (Алла олардан разы болсын) ислам қабылдағанынан кейін мұсылмандарға жасалып жатқан азаптау тәсілдері бұрынғыдан да аса ауыр екенін біледі. Сол уақытта Алла елшісі (с.ғ.с)  мұсылмандарға Мәдинаға көшуге рұқсат берді. Умму Сәләмә және күйеуі (Алла олардан разы болсын) дінін сақтау үшін және құрайыштықтардың азаптауынан құтылу мақсатында көп уақыт жоғалтпай көшуге бел буады. Алайда Умму Сәләмәмен күйеуінің Мәдинаға һижреті олар ойлағандай оңай болмады. Керісінше, оларға ең ауыр, адамға қатер төндіретін қауіп болды. Ендеше бұл сапардың соншалықты қауіпті, эмоционалды болғанын терең түсініп сезінуіміз үшін Умму Сәләмәнің басынан өткен оқиғаны өз аузынан естиік.

Умму Сәләмә (Алла одан разы болсын) былай дейді: “Мәдинаға көшуге бекінгенімізде күйеуім Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) маған түйені дайындады. Содан соң оған мені отырғызып, тіземе баламыз Сәләмәні қойды.. Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) ешнәрсеге тоқтамай және жан-жаққа қарамай түйені жетектеп, Меккеден шыға бергеніміз сол еді, бізді менің “Бәну Махзум” руымнан болған бір топ адамы көріп қалды. Жолымызды бөгеп маған және Әбу Сәләмәға:

“Біз сені жолынан қайтара алмаған екенбіз, алайда, мына әйеліңнің оған қатысы қанша?! Ол біздің руымызға тиесілі қыз. Бізден оны алып, бөтен жерге кетуге жол береді деп ойлайсың ба?! Осылай олар күйеуімді бас салып, мені одан алып кетті”. Мені және баланы тартып алғанын көрген күйеуімнің “АбдулАсадтан тараған” руластары ашуланып: “Алламен ант етеміз! Біздің руласымыздан оның әйелін және баласын күшпен тартып алғандықтарына бей-жәй қарамаймыз. Бала біздің рудан тараған. Бала әуелі бізге тиесілі деп менің көзімше балаға талас-тартыс басталып кетті. Соңында балам Сәләмәны Бәну Махзум адамдары қолымнан тартып алды”. Сөйтіп қас қағым уақытта өзім жалғыз қалдым. Күйеуім Мәдинаға өзі және діні үшін жол тартты. Ал баламды АбдульАсад тайпасы қолымнан тартып алып кетті. Өзім болсам, өзімнің руым Бәну Махзумда қалдым.

Бір сағаттың ішінде мені, күйеуімді, баламды үш жаққа ажыратып жіберді. Сол күннен бастап, менен күйеуім мен баламды ажыратқан “Абтах” деген жерге әрбір таңда келіп, кешке дейін жылап, сол сәтті көзіме елестетумен болдым.

Бұл менің көкемнің балдарының бірі бұл хәлімді көргенше, бір жыл немесе сол уақытқа дейін жалғасты. Ол мені қатты аяп, жағдайымды түсініп, менің руластарыма: “Сендер мына бейшара әйелді осылай ұстап отыра бересіңдер ме?! Оны күйеуінен және баласынан ажыратқандарыңды түсінбейсіңдер ма?! Олардың жүрегіндегі аянышты оятып, “қаласаң күйеуіңмен қосыла аласың” , - деп айтқанға дейін жалғастырды. Алайда, мен қалай қайғымның бір бөлігі болған Абдуль Асадтағы баламды тастап, Мәдинадағы күйеуіме кетемін?! Мен Мәдинаға барып, балам Меккеде қалса, менің қайғы-қасыретімнен аққан көз жасым тоқтайтын ба еді?! Мұны білген руластарым бұл туралы Абдуль Асад руымен сөйлесті. Олар да маған мейірімділік танытып, менің ұлым Сәләмәні маған қайтарып берді. Күйеуіммен қауышуға кедергі болатын осындай жағдайға тағы душар болып қалам ба деп Меккеде көп қалғым келмей, Мәдинаға сапар шегетін адам іздедім. Көп кешіктірмей түйемді дайындап, қолыма баламды алып, күйеуіме тезірек жету үшін қасымымызда Алланың жаратқан ешбір жаратылысы болмаса да, Мәдинаға қарай жолға шықтым.

Алайда “Танғимға” (шамамен Меккеден 4.8 км арақашықтықта) әрең жеттік. Сол жерде Осман ибн Талханы кездестірдік. Ол маған:

– “Қайда жолға шықтың Задурақибтың қызы?”, - деді.

– “Мәдинадағы күйеуіме” ,-дедім.

– “Неге жаныңда ешкім жоқ?”, - деді.

 – “Алламен ант етейін, менімен мына баламнан және Алладан басқа ешкім жоқ”,- дедім.

– “Алламен ант етейін, ендеше сендер Мәдинаға жетпейінше, қастарыңнан кетпеймін”, - деп жауап берді.

Сөйтіп түйемнің тізгінін алып, жетектеп жолға шықтық. Алламен ант етейін, арабта одан асқан шарапатты, кең пейілді сапарлас адам көрмедім. Әрдайым біз жолда дем алуға тоқтаған сәтте менің түйемді шөктіріп, мен түйеден түскенше кішкене алыстайтын. Кейін келіп түйемді ағашқа байлап, өзі басқа ағаштың көлеңкесіне барып демалатын. Ал қайта жолға шығатын уақытта түйемді дайындап маған әкеліп, өзі тағы алыстап маған түйеге отыр дейтін. Отырған соң ол түйенің тізгінін алып жол жүруді жалғастыратын. Бұл ісі Мәдинаға жеткенше әрбір күні жалғасты. Әмр ибн Ауфтың (Алла одан разы болсын) руы мекен еткен Құба жері көрінген сәтте маған:

“Сенің күйеуің осы жерде, Алланың берекетімен осы жерге аяғыңды бас”, - деп өзі қайта Меккеге қайтып кетті.

Ұзақ уақыт бір-бірінен ажырап қалған отбасының басы қайта қосыллып, күйеуіне жеткен Умму Сәләмәнің (Алла одан разы болсын) көзі жайнап, қуанышында шек болмады. Әбу Сәләма (Алла одан разы болсын) да жұбайымен баласын көріп қатты қуанды.

Одан соң көзді ашып жұмғанша көптеген оқиғалар өтті. “Бәдр” шайқасы болып, онда айқын жеңіске жетті. Оған Әбу Сәләмәда (Алла одан разы болсын) қатысып, мұсылмандармен бірге аман-сау оралды. Бәдрден кейін Ухуд шайқасы болып, Әбу Сәләмә шайқастың ішіне кіріп кетті. Асқан ержүректікпен шайқасып, соғыста Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) жарақат алды. Ол алған жарақатын емдеп жүріп, сауықтым деп ойлағанымен жарақаты асқынып кетті. Жарақаты қайта ашылып, Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) төсек тартып қалды.

Бір күні жарақатын таңып жатқан уақытта: “Уа Умму Сәләмә, мен Алла елшісінің (с.ғ.с) былай айтқанын естідім:

“Қайсыбір адамға қайғы-қасірет келсе, ол: “Біз Аллаға тиесіліміз және Оған қайтамыз. Аллаһым бұл қайғымның сауабын Өзіңнен ғана күтемін. Аллаһым менен алғаныңнан хайырлысын бер! Уа Құдіреті күшті Раббым!”,- деп айтса міндетті түрде қабыл етеді”,-деп Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) айтады.

Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) төсек тартып (с.ғ.с)  бірнеше күн жатты. Бір күні таңда Алла елшісі зиярат етіп келді. Қайту үшін есікке жетер жетпес уақытта Әбу Сәләмә (Алла одан разы болсын) бұл дүниеден қайтты. Алла елшісі (с.ғ.с)  мүбәрак екі қолымен асыл сахабасының көздерін жауып, аспанға қарап былай дұға қылды:

“Аллаһым Әбу Сәләмәні кешір! Оның дәрежесін Өзіңе жақын құлдарыңның дәрежесіне көтер!Оның отбасына Өзің жеткілікті бол! Уа әлемдердің Раббысы оны және бізді кешіре гөр! Қабірін кең және нұрлы ете гөр!”. Күйеуінің пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткізген сөзін еске алып, Умму Сәләмә былай айтты: “Біз Аллаға тиесіліміз және Оған қайтамыз. Аллаһым бұл қайғымның сауабын Өзіңнен ғана күтемін”. Алайда әрі қарай: “Аллаһым менен алғаныңнан хайырлысын бер!”, - деп жалғастыра алмады. Өйткені Әбу Сәләмәдан артық, одан жақсырақ кім бар?

Бірақ та дұғаның жалғасын Умму Сәләмә (Алла одан разы болсын) толық айтты. Умму Сәләмәмен (Алла одан разы болсын) бірге бүкіл мұсылман қайғысына ортақтасып қайғырды. Сол кезде оған “Бүкіл арабтың жесірі” деген атақ берді. Өйткені Мәдинада оның буыны қатпаған кішкентай баласынан басқа ешқандай туысқаны жоқ еді.

Мүһәжірлер мен Ансарлар Умму Сәләмәнің жағдайын түсініп, біршама уақыт өткен соң Әбу Бәкір әс-Сыддық (Алла одан разы болсын) құда түсіп келеді. Алайда оның ұсынысын Умму Сәләмә қабыл алмады. Одан соң Омар ибн әл-Хаттаб (Алла одан разы болсын) келеді, алайда оның да ұсынысын қабыл алмайды. Одан кейін Алла елшісі (с.ғ.с) құда түсіп келді. Умму Сәләмә анамыз (Алла одан разы болсын) оған:

“Уа Алла елшісі (с.ғ.с) менің үш қасиетім бар. Біріншіден, мен өте қызғаншақпын. Қызғанып, менен теріс қылық көріп, ашуланып, Алланың жазасына ұшыраймын ба деп қорқамын. Екіншіден, жасым егде тартты. Үшіншіден, менің балаларым бар”, - деді.

Алла елшісі (с.ғ.с) оған:

“Қызғанышыңа келер болсақ, Алладан ол қасиетіңді кетірсін деп дұға етемін. Жасыңа келер болсақ, менде жас емеспін. Балаларыңа келер болсақ, оларды өзімнің баламдай көремін” ,- деп жауап береді. Осыдан соң Алла елшісі (с.ғ.с) Умму Сәләмәға үйленіп, өзінің айтқан дұғасын Алла қабыл етті. Әбу Сәләмәдан хайырлысын оған нәсіп етті.

Ол жәй ғана махзум руынан шыққан Һинд және Сәләмәнің ғана анасы емес, бүкіл мұсылмандардың анасы болды.

материал «Сахаба аналардың өмірбаяны» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: