11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әбу Ханифаның бақытты болуға жетелейтін насихаты

Әбу Ханифаның бақытты болуға жетелейтін насихаты

Ғибратнама
Жарнама

Имам Ағзам Әбу Ханифа – кемеңгер ғұлама. Мұнымен қатар ол кісі бақуатты жан еді. Бұл абзал тұлға өзінің білімі арқылы да, байлығы арқылы да айналасындағы адамдарға сан рет жомарттық танытқан. Сол себепті де ол кісі өзі секілді мықты шәкірттерді тәрбиелеп шығара білді. Имам Әбу Юсуф – сол кісінің әйгілі шәкірттерінің бірі.

Әбу Юсуф кедей отбасыдан шыққан еді. Сол себепті жұмыс істеп нәпақа табатын. Сөйте жүріп ілімге де қатты қызығатын. Имам Ағзам мұны дер кезінде байқап, Әбу Юсуфқа материалдық жақтан жәрдем беріп тұратын болып шешті. Нәтижесінде, бұдан былай Әбу Юсуф бар уақытын тек білім ізденумен өткізетін болды. Имам Ағзамның алғашқы шәкірті болып есептелетін Әбу Юсуф аз уақыттың ішінде үлкен ғалымға айналды және маңызы зор үлкен-үлкен істерді атқарып, дін жолында аянбай қызмет етті.

Әбу Юсуф ұстазымен қош айтысып, Басра қаласына кетіп бара жатқан кезде, Имам Ағзам бұл сүйікті шәкіртіне өзінің бүкіл білімі мен ерекше әдебін білдіретін құнды насихат айтады. Адамдармен жақсы тіл табысып, жетістікке жетудің һәм бақытты ғұмыр кешудің бірден-бір жолын көрсететін бұл насихатты мен де оқу жылының соңында айырылысу сәтінде шәкірттеріме айтқым келді. Имам Әбу Юсуф барған жерінде аталмыш насихатқа қатаң құлақ асқандықтан, әрі халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, әрі жұртқа көп пайда тигізді. Өйткені бұл насихаттар ұлы тұлға Әбу Ханифаның өмір бойы көріп келе жатқан тәжірибесінің қысқаша мазмұны деуге болады.

Енді Имам Ағзамға құлақ түрелік: «Мынаны біліп ал! Адамдармен жақсы қарымқатынаста болмасаң, оларды өзіңе дұшпан етіп аласың. Тіпті ата-анаңмен де осылай болады. Ал сенімен ешқандай туыстығы жоқ адамдармен жақсы қарым-қатынас жасассаң, олар сенің ата-анаң секілді болып кетеді.

Басраға барғаныңда, ол жердегі сенімен пікір қайшылығына түсіп, қарсы келгендерді біліміңе арқа сүйеп, оларды өзіңнен төмен санасаң, олар да саған сондай қарым-қатынаста болады. Сен оларды сөксең, олар да сені сөгетін болады. Оларды айыптасаң, олар да сені айыптай бастайды. Нәтижеде, сенің де, біздің де атымызға күйе жағылады. Сөйтіп сен де олардан құтылуға асығатын жағдайға жетесің. Меніңше, мұндай әрекет дұрыс болмайды. Бауырмалдық таныту қажет болған жандарға ет жүрегің елжіреп бауырмалдық таныт. Бұл – ақылды адамның ісі. Сол себепті Басраға кірген кезіңде сені қарсы алып, алдыңнан шыққандарды сен де күлімдеп қарсы ал.

Әрбір адамды бағала, беделді тұлғаларға өзіне лайықты сый таныт, ғалымдарға құрмет көрсет, үлкенді сыйла, кішіге ізет білдір, халыққа жақын бол, әрбір азаматтың пікіріне құлақ ас, ешкімді қор санама, қолыңнан келген жақсылығыңды баршаға арна, алайда сырыңды ешкімге ашпа. Адамды жіті танымайынша, оған құлай сенбе. Қытымыр, сараң адамдармен жолдас болма. Сырт көзге адамдарға ерсі көрінетін қасиеттерді бойыңа жинама. Ойынсауыққа құмар, қылжақпас адамдардан бет бұр. Әрдайым күлімдеп жүретін бауырмал жандардың соңынан бір елі қалма. Адамдармен мәмілегер, дос көңілде бол. Көркем мінезден еш айырылма.

Әрқашан пейілің кең болсын. Үсті-басыңа қарап, ұқыпты бол. Мініп жүрген көлігіңе жақсы қара, оны дұрыс тамақтандыр. Хош иістеніп жүр. Дастарқаның әрдайым жаюлы болсын, себебі сараң адамнан мырзалық күту қисынсыз. Әрқашан қоғамдық жаңалықтан хабардар бол. Қандайда бір келеңсіздік, жамандық орын алса, дереу оны түзетуге ат салыс. Ал қандай да бір жақсы хабар, ізгі дәстүрдің басталғанын көрсең, оны күшейтуге, дамытуға үлес қос. Сені зиярат еткендерді зиярат ет. Алайда сені зиярат етпегендерді де ұмытпа. Саған жақсылық жасағандарға да, жасамағандарға да жақсылығыңды аяма. Әрдайым кешірімді бол. Әрдайым ізгілік жаса. Өзіңе қатысы жоқ істерге көз жұма қара. Саған зиян беретін нәрселерден сақтан. Баршаның құқын жақсы біл.

Егер достарыңның бірі науқастанып қалса, дереу оны зиярат ет. Одан кейін жиі-жиі адамдар арқылы халін сұратып тұр.

Достарыңның бірі көптен көрінбей кетсе, оны іздеп жағдайын сұра. Егер достарыңның бірі сенен алыстай бастаса, сен оған жақындай түс. Қолыңнан келгенінше баршамен дос бол. Адамдардың барлығымен сәлемдес. Жаман адамдармен де жылы амандас.

Өзге адамдармен бір мәжілісте отырғаныңда олар қандайда бір мәселеде саған қарсы пікір айтса, сен оларға қарсы сөз айтпа. Ал аталмыш мәселеге қатысты сенің пікірің сұралса, онда дұрысын айтып, дәлелін ұсын. Сонда жұрт өзіне керекті ақиқатты өзі тауып алады. Егер сенен «Бұл кімнің сөзі?» деп сұраса, «Кейбір ғалымдардың сөзі» дерсің.

Сені іздеп алдыңа келген жандарға дәрежелеріне қарай білім бер және сол берген ілімді одан әрі зерттеуіне жол сілте. Оларды әрдайым күлімдеп қарсы ал. Тіпті арасында жеңіл қалжыңдассаң да жақсы. Себебі, достықтың ілімге құштар жандардың дәрістен қалмай тұрақты келуіне септігі тиеді. Ара-тұра оларды тамаққа шақыр. Жеке мәселелерін, мұңын тыңда. Қателіктерін кешіріп, оларға жақсылық жаса һәм жеңілдік ет. Олардан жалыққаныңды сездірме. Қысқасы, олардың арасында болғаныңда мүлдем ерекшеленбе, өзіңді солардың бірі секілді ұста. Өзіңді әрдайым бақылауда ұста. Ешкімге шамасы келмейтін істі жүктеме.

Олардың жаны не нәрседен жай табатын болса, соны ескере отырып мәміле жаса. Жақсы ойда, ізгі ниетте екеніңді әрқашан білдіріп жүр. Ақиқаттан сәл де болсын жырақ кетпе.

Тәкаппарлықтан сақтан, өзіңе жәбір көрсеткендерге кек сақтама. Саған опасыздық жасаған адамға опалы болуды жалғастыр. Тақуалықты ұстан. Барша адаммен жақсы мәміледе бол».

Имам Ағзамның жетістікке жетіп, бақытты болуға себеп болатын бұл насихаттарында Ислам ахлақының негіздері қамтылған. Өйткені мұнда айтылған мінездер Пайғамбарымыздың бойында болған. Қазіргі таңда жетістікке жетудің және бақытты ғұмыр кешудің жолдарын баяндайтын көптеген кітаптар жазылуда. Сол кітаптарда айтылған мәселелердің барлығын Имам Ағзам өзінің қысқа да нұсқа насихатымен Әбу Юсуфке айта отырып, баршамызға үгіт беруде. Бұл насихатқа құлақ асқандар Ислам этикасын бойына сіңіріп, адамша өмір сүруге мүмкіндік алады. Себебі, Ислам адамгершілікті насихаттайды. Ол – жұмсақтықтың, парасаттылықтың һәм жетістікке жетудің жалғыз жолы. Дөрекілік пен қаталдықты, қызғаныш пен қыңырлықты әсте құптамайды. Сондықтан да анархиядан, лаңкестіктен, соғыс пен дау-жанжалдан құтылуды қалаған адам Исламмен өмір сүруге мәжбүр.

материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: