XX ғасырдың басындағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Абай Құнанбаев шығармаларында да хадис пен сүннеттің орны айрықша.
Ол: Алланың, пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз,[1] – деп халқымыздың мұсылман екенін мақтанышпен жырға қосады. Х. Сүйіншәлиев кемеңгер ақын жайлы: «Абай қалдырған ұлы мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ елінің шын сырын ашты»,[2] – дейді. Абай атамыз өзі өмір сүрген кезеңінің ішкі-сыртқы сырларын жете түсініп, қазақ елінің бейнесін айқын көрсете білді.
Медреседе білім алып, шығыстың классикалық әдебиетін толық игерген ақын адам баласын имандылық пен инабаттылық жолына тәрбиелеуде Ислам дінінің зор мәні бар екенін мойындап, оны уағыздаудан еш жалықпаған. Ол өзі де Ислами ілімдерді, соның ішінде хадис пен Құран аяттарын жай ғана жаттап қана қоймай, олардың мәніне тереңірек үңіліп, ой-толғамымен жаңа болжамдар ұсынған. Сондықтан болар қара сөздерінде хадистер мен аяттарды молынан қолданып, халқымызды бұл қайнар көзден сусындатқан.
Енді дала ділмарының қара сөздерінде қолданылған хадистердің бірнешеуін қарастырайық:
- «Құдайшылық сонда қалпыңды (қалып, арабша қалб – жүрек дегенді білдіреді (ав.)) таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті».[3] Ұлы Абай қолданған хадистің толық мәтіні: «Шындығында Алла Тағала сіздердің бет-бейнелеріңізге және дүние-мүліктеріңізге қарамайды, ең алдымен жүректеріңізге және іс-әрекеттеріңізге қарайды».[4]
- «Пайғамбар салалаһу һалайһи уәссәләмнің хадис шарифинде айтыпты: «... яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ», – деген».[5] Бұл хадис Дәйләмидің кітабында айтылған.[6]
- «Алла табарака уатагаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тафаккару фи’ал иллаһи» деген хадис шарифтің «инна Аллаху йухуббул муқситин» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргеніміз жоқ».[7] Бұл жерде қолданылған хадистің арабша толық мәтіні: «Тафаккару фи әлаиллаһи уа лә тафаккару филләһ», аудармасы: «Аллаһтың болмысын емес, нығметтері жайлы ойланыңыз».[8] Алайда бұл хадисті Суюти әлсіз хадис деп бағалаған.[9]
- «Әддүния мәзрәгәтул-ахирет.»[10] Абай дәлел ретінде алып отырған хадистің қазақша аудармасы: «Дүние – ақыреттің егістік алқабы».[11] Хадис ғалымы Алийул-Қари бұл хадистің ойдан шығарылғанын айтқан.[12]
- «Пайғамбарымыз салла Аллаһу һалайһи уәсссәлләмнің хадис шарифі «Инна йагмала-агмал бин нийат» – деген».[13] Бұл хадистің арабша дұрыс мәтіні: «Иннамал-а‘- мал биннийат», аудармасы: «Амалдар ниеттерге қарай бағаланады».[14]
- «...дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадисі, «хайрун-нас мән йанфагуннас», – деген».[15] Хадистің аудармасы: «Адамдардың ең жақсысы адамдарға пайдалы болғаны.»[16]
- «...әлинсан гәдду ләма жәһилгә».609 Абай қолданған хадистің аудармасы: «Адам білмеген нәрсесіне дұшпан болады».
Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан алынды.
Ummet.kz
[1] Абай, Шығармаларының екі томдық толық жинағы, ІІ, том: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер, 113-б, А., 1995.
[2] Х. Сүйіншәлиев, Қазақ әдебиетінің тарихы, 866-б., А., 1997.
[3] Абай, Қара сөз, поэмалар, 40-б., А., 1993.
[4] Ибн Мажә, Зүхд, 9.
[5] Абай, Қара сөз, поэмалар, 76-б.
[6] Дәйләми, әл-Фирдәус, II, 151-б.
[7] Абай, Қара сөз, поэмалар, 89-б.
[8] Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуаид, I т., 81-б.
[9] Имам Суюти, әл-Жамиус-сағир, I т., 114-б.
[10] Абай, Қара сөз, поэмалар, 95-б.
[11] Кәшфул-хафа, I т., 425-б.
[12] Али әл-Қари, әл-Әсрарул-мәрфуа фил-әхадисил-мәудуа, 43-б., Стамбул, 1289.
[13] Абай, Қара сөз, поэмалар, 101-б.
[14] Бухари, Иман, 23.
[15] Абай, Қара сөз, поэмалар, 96-б.
[16] Кәшфул-хафа, I т., 472-б.
[17] Абай, Қара сөз, поэмалар, 96-б.