20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Перғауын өлімінің сыры арқылы Исламға келген Морис Бюкай

Перғауын өлімінің сыры арқылы Исламға келген Морис Бюкай

Ислам тарихы

Қазірде француздың белгілі ғалымы, жазушысы, дәрігер-хирургы Морис Бюкайдың есімін білмейтін мұсылман баласы кемде-кем. Батыс әлемін дүр сілкіндірген “Інжіл, Құран және ғылым” атты кітаптың авторы, перғауынның суға батып өлгенін дәлелдеген ғалым Бюкайдың Ислам әлеміне сапары қалай басталған еді?

Франция – ежелден археология, көне заман мұралары мен ескерткіштеріне ерекше көңіл бөлетіндігімен аты шыққан ел. 1981 жылы француз билігінің басына әлеуметтанушы Франсуа Миттеран келеді. Ол 80-жылдардың соңына қарай Мысырдан зерттеу жүргізу үшін перғауын мумиясын сұратып алады. Солай Мысыр тарихындағы ең жауыз патшаның өлі денесі ұшақпен Францияға әкелінеді. Әуежайдан мумияны Президенттен бастап, министрлер, елдегі жоғарғы шенді қызметкерлердің барлығы аяқтарынан тік тұрып күтіп алады. Кезінде халқына “Мен – сендердің құдайларыңмын” деп жар салған перғауын құдды тірідей, олар әміршінің өлі денесінің алдында бастарын да иеді. Салтанатты күтіп алу аяқталғаннан кейін мумия Археологиялық зерттеу институтына жөнелтіледі. Онда француздың атақты археолог, хирург, анатомдары перғауын денесін зерттеуге, оның құпиясын ашуға топтастырылып, дайын тұр еді. Ал бұл жобаның жетекшісі, бас хирургы, белгілі дәрігер, гастроэнтеролог Морис Бюкай болатын. Өзге қызметкерлер дененің қалыпқа келтірілуін, бальзамдалып, мумияға айналу жолын зерттесе, Бюкайды перғауынның қалай өлгені қызықтырды әрі оны анықтауға барын салды. Зерттеу толассыз жүргізіліп жатты. Соңғы нәтижелер түн ортасында шықты. Перғауын денесіне жабысқан тұз оның суға батып өлгенін сөзсіз дәлелдеп тұр еді. Халық патшаларының денесін судан шығарып алып, бүлініп үлгерместен бальзамдап, қатырып тастаған.

Перғауын өлімінің себебін анықтаған ғалымның алдынан тағы бір сұрақ шықты. Денесі судан шығарылса да бұл мумия басқаларына қарағанда неге ұзағырақ әрі жақсы сақталған? Олай болуы мүмкін бе? Бюкайдың басы қатты. Бірақ суға батып өлгеніне көзі жетіп тұр. Ақыры, соңғы қорытындысын “Перғауын суға батып өлді, сосын денесі бальзамдалды” деп жасап, ашқан жаңалығын халыққа жарияламақ болды. Сол кезде әріптестерінің бірі құлағына: “Тоқтай тұрыңыз, асықпаңыз. Мұсылмандар перғауынның суға батып өлгенін бұрыннан айтып жүр”, - деп сыбырлады. Бұл сөзге профессордың сенгісі келмеді. Өйткені, мұндай жаңалықты озық технология, заманауи құрал-жабдықтар болмаса ашу мүмкін емес қой! Бірақ әріптесі де қояр емес. Ол Құранда перғауынның суға батып өлгені және денесінің кейінгілерге сабақ болу үшін сақталатыны жазылғанын, мұсылмандардың оған шүбәсіз сенетінін жеткізді. Бюкайдың таңданысы тіпті артты, санасын жауапсыз сұрақтар торлады. Құранға 1300  жыл болған. Ал мумия 1898 жылы ғана табылды емес пе? Арабтар тұрмақ, күллі адамзат перғауынның денесін ежелгі мысырлықтар бальзамдағанын жақында ғана білді. Сонда ол қалай Құранда жазылған?

Морис Бюкай ой тұңғиығына батып, сол түнді ұйықтамаған күйі мумияның жанында өткізді. Ол әріптесінің Құранда жазылды деген сөздерін қайта-қайта ой елегінен өткізіп, өзге қасиетті кітаптарды есіне алды. Матфейден, Лукадан келген Інжілде Мұса пайғамбарды перғауынның қудалағаны айтылады, денесі туралы бір ауыз сөз жоқ. Сұрақты профессор енді өзіне қоя бастады: “Сонда менің алдымда жатқан мына дене Мұсаны қудалаған Мысыр перғауынына тиесілі болғаны ма? Және бұл деректі Мұхаммед мыңдаған жыл бұрын білген, ал мен қазір біліп отырмын ба?” Профессор ұйқысыз таң атырып, өзіне Тәуратты алдырды да, жанталасып оқи бастады. Онда жазылған: “Су кері қайтып, перғауынның артынан келген оның әскерінің арбалары мен аттарын түгелдей басып қалды. Олардан ешкім тірі қалмады”, - деген жолдарды оқығанда, есі ауып қала жаздады. Қасиетті кітапта өлімі айтылса да, перғауынның денесінің ерекше жағдайда сақталатыны жөнінде ештеңе айтылмапты.

Зерттеу аяқталып, барлық іс-шаралар атқарылғаннан кейін Франция мумияны перғауынға лайық шыны табытқа салып, Мысырға кері қайтарды. Мумия туралы Құранда жазылғанын естігелі бері жаны тыныштық таппаған профессор Бюкай өз бетінше зерттеуді тоқтатпай, мұсылман дәрігер-анатомдары қатысатын Сауд Арабиясында өтетін медициналық форумға аттанып кетеді. Бара сала бірінші сұрағаны, әрине, өз ашқан жаңалығы – перғауынның суға батып өлген жайы еді. Сонда мұсылман ғалымдарының бірі Құранды ашады да, Юнус сүресінің 92-аятындағы Жаратушының: “Кейінгілерге ғибрат болуы үшін, бүгін сенің денеңді ғана (жансыз түрде) құтқарамыз. Шынында адамдардың көбі аяттарымыздан (ғаламаттарымыздан) бейхабар”, - деген сөзін оқып береді. Аяттың Бюкайға қатты әсер еткені сондай, ол орнынан атып тұрып, барлығының көзінше: “Мен Исламды қабылдадым әрі ақиқат айтылған Құранға сендім”, - деп айқай салады. Алла Тағаланың аяттарына ой жүгіртіп, перғауынның өлі денесінен ғибрат алған ғалым Құран құдіретін осылай мойындаған еді...

Морис Бюкай Францияға мүлде басқа адам болып оралды. Кейінгі 10 жылда ол Құран аяттарын соңғы әрі бұрынырақ ашылған ғылыми жаңалықтармен салыстырды. Осынша уақыт ішінде қанша іздесе де, профессор заманауи ғылым мен аяттардан бір де бір қарама-қайшылық таппады. Нәтижесінде Құран туралы: “Өтірік оған алдынан да, артынан жолай алмайды. Оны Данышпан әрі Мақтауға лайықтының өзі жіберген” деген қорытындыға келді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: