18
Жұма,
Қазан

һижри

Құрметті қонаққа немесе марқұмға арнап мал союға бола ма?

Құрметті қонаққа немесе марқұмға арнап мал союға бола ма?

Ислам тарихы

Кейде айтулы жиындарда, я болмаса шалғайдан қадірлі қонақ келсе, бізде соған арнап мал сою үрдісі бар. Мұның шариғатқа томпақтығы жоқ. Себебі, Құранда әзірет Ибраһим пайғамбардың үйіне періштелер адам бейнесінде қонақ болып келгенде, соларға арнап бұзау шалғаны айтылады.

Алайда малды сойған кезде, Алланың атымен сою шарт. Ниет шүкіршілік ету немесе марқұмға сауабын бағыштап, оның күнәларына кәффарат болса екен деген үмітпен, садақа ниетімен шалынатын болса, мұның еш ағаттығы жоқ. Ал әлдебір кісіні кие тұтып яки әулиенің басына барып малды тікелей соған арнап, сол кісінің аруағынан медет күтіп, Аллаға емес соған жақындайын деген ниетпен (Алланың атымен сойса да) сойса, бұл жерде жасырын серік қосу болғандықтан, шариғатқа қарсы шыққан болып есептеледі. Қашан да үкім берерде Хақ Тағаланың нұсқауын басты өлшем ету қажет. Сондай-ақ, мұсылмандық әдеп бойынша, сойылмаған не болмаса өз-өзінен өлген малдың еті харам екендігі де Құранда ашық айтылған.

«Бақара» сүресінде: «Шынайы түрде сендерге өлексені, (харам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды харам етті», - деп айтылған.

Аятқа көз салсақ, үш түрлі мал етінің харамдығы айтылған. Атап айтқанда, өлген малдың еті, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған малдың еті. Осы аятта көрсетілген мал еттерінің харам екендігі жөнінде барлық Ислам ғұламаларында бірауыздылық бар.

Ал аталмыш жіктеуге кірмеген өзге жан-жануарлардың еттерінің адал не арамдығы турасында ғұламалар арасында пікір қайшылығы бар.

1. Жыртқыш аңдар тобына жататын, яғни астыңғы һәм үстіңгі жағындағы төрт ұзын және үшкір тістерімен тістеп аулайтын және осы ерекшелігі арқылы қорғанатын (қолға үйренсе де, үйренбесе де) қасқыр, арыстан, қабылан, барыс, маймыл, шиебөрі, ит, мысық сияқты жануарлар мен шеңгеліне бүріп аулайтын бүркіт, сұңқар, күшіген сияқты жыртқыш құстар, сонымен қатар дәл осындай ерекшелікте болмаса да, жалпы алғанда, өлексе жейтін құзғын, қарға сияқты құстар, жаратылысы тұрғысынан жиіркенішті көрінген тышқан, жылан сияқты жәндіктер, шаян, шыбын, өрмекші тәрізді ұсақ жәндіктер ғұламалардың басым көпшілігінің көзқарастары бойынша харам саналады.

2. Әбу Юсуф пен имам Мұхаммедтердің көзқарасы бойынша, түлкінің еті адал саналғанымен, имам Ағзамның көзқарасында харам саналған. Осы орайда қазақ халқы Әбу Ханифаның көзқарасын ұстанып терісін алғанымен етін жемеген. Бұған қоса аю да Ханафи мен Шафиғи мәзһабында харамға жатады. Ал тауыс құсы мен тотықұс Шафиғи мәзһабында харам саналғанымен, қалған үш мәзһабта адал жануарға жатады. Ханафи мен Ханбалилер бойынша, кірпі арам, Шафиғи мен Мәликилердің көзқарастарында адал саналған.

Сонымен қатар Ханафи бойынша, тиін, бұлғын, кәмшәт, құндыз, қорқау, кесіртке, ақ тышқан (сусар тұқымдас), лашын, жезқұйрық, құзғын, жапалақ, қаршыға, тасбақа, көртышқан, ұлу, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейлер түгел арам.

Енді Құранда үкімі айтылмаған, тек пайғамбар сүннетімен үкімі мәлім болған жануарлар да бар. Соларға тоқталып өтейік:

Бірінші: Қоян еті төрт мәзһаб бойынша адал саналғаны-мен, кейбір жекелеген сахабалар мен табиғиндардың не мүштәһид имамдардың көзқарасында мәкруһ деп табылған. Мәселен, Ибн Әбу Ләйләның айтуынша, қоян етін жеудің үкімі – тахримән мәкрүһ.

Екінші: Жылқы еті жалпы төрт мәзһабтың көзқарасы бойынша адал жануарға жатады. Ал имам Ағзамға келсек, ол кісі жылқы етін жеуді тахримән мәкрүһ санаған. Бұл жерде жылқы етінің мәкрүһ саналуы жылқының лас болуында емес, керісінше, жылқының соғыста көлік ретінде қолданылатындығына қатысты екендігін ғалымдар алға тартады. Әйтсе де кейбір деректе Әбу Ханифа жылқы етін тахримән (арамға жақын) емес, тәнзиһан (адалға жақын) мәкрүһ дегені айтылады.

Сондай-ақ, жылқы етін мәкрүһ санаған Әбу Ханифа сынды ғұламалар осы аяттан басқа Халид ибн Уәлидтен бізге жеткен мына хадисті дәлел етіп көрсетеді. Хадисте: «Алла елшісі жылқы етіне тыйым салды» деп айтылады. Жылқы етін «мәкрүһ емес, адал» деп баға бергендерге келсек, олар да хадиске жүгінген.

Атап айтқанда, Бұхаридағы мына хадисте: Әбу Бәкірдың қызы Әсмә (р.а): «Біз Алла елшісінің заманында бір жылқы сойдық. Ол кезде біз Мәдинада болатынбыз. Бәріміз соны жедік», - деп, Мәдина қаласында жылқы сойып жегендерін анық айтқан.

Бұхаридағы басқа бір хадисте сахаба Жабир: «Хайбардың (жеңісі) кезінде жылқы мен жабайы есек етін жедік. Алла Елшісі үй есегінің етін жеуге тыйым салды. Бірақ жылқыға рұқсат берді» - деп жеткізеді.

Осы хадистерге зер салсақ, жылқы етін Мәдина кезеңінде жегені айтылған. Ал Мекке кезінде жылқы еті туралы ешқандай дерек жоқ. Әрі Пайғамбарымыз жылқы етін жеуге рұқсат берсе де, өзі жылқы етін жемеген.

Меніңше, бұл жерде мынадай хикмет бар секілді. Егер Алла елшісі өзі де жылқы етін жегенде қуатты сүннет болып, Мәдинада жылқы етін жеу дағдыға айналар еді. Алайда Мәдина кезеңі – жиһадтың басталған кезеңі. Ол кезде сахабаларда жылқы аз болатын. Сондықтан аттарды соғыста мінетін болғандықтан, оларды көбейту, бағу кезек күттірмес мәселе еді. Әрі сахабалар жылқыны Хайбар қамалын алғаннан кейін жейді. Бұл кезде мұсылмандар мықты мемлекет болған кезі еді. Һәм сол арқылы Пайғамбарымыз жылқының халалдығын да алға тартқан.

Екінші мәселе – жылқы етінің мықтылығы. Жалпы жылқы етін көбінесе суық аймақта тұратындар көбірек тұтынады. Мысалы, қазақ халқының өзі ежелден жылқы етін соғымға сойып, көбіне қыс кезінде жеген. Өйткені жылқы еті, қазы-қарта, жал-жая суық күнде адам бойын қуаттандырып, денесін қыздырады, жауратпайды. Қыстың қақаған аязында жылқының сорпасын ішкен адамның өзі суықтың не екенін сезе бермейді. Мәселен, Өзбекстанда күн ыстық болғандықтан, өзбек халқы жылқы етін көп жей бермейді. Ал енді осындай қазы-қартаны сіз Меккеге барып күннің 60 градус аптапты ыстығында жейтін болсаңыз, халіңіздің не болатынын ойлап көріңіз. Айтқандай-ақ, қайбір жылы қазақтың кейбір қажылары Меккеге жылқы етін апарып асып жеп ыстықтан күйіп кете жаздаған. Сондықтан араб халқы жылқы етін жемейді. Меккеге қарағанда Мәдина әлдеқайда салқынырақ. Сондықтан сахабалар қыстың салқын күндері жеген де болуы мүмкін. Жылқының осындай ерекшеліктеріне орай Пайғамбарымыз өзгелерге рұқсат беріп, өзі жемей, әртүрлі елдердегі үмбетіне ерік берсе керек. Ал Халид ибн Уәлидтің «Пайғамбарымыз жылқы етін жеуге тыйым салды» дегеніне келсек, шамасы, Алла елшісі сол сөзін аптапты ыстық күндердің бірінде яки ғазауат кезінде айтқан болуы ықтимал. Әрі Әбу Ханифа да осы хадистегі «тыйым салды» дегенді харам деп емес, тәнзиһан мәкрүһ деп ұққанын ескерсек, осы пікірді қуаттағанын аңғарамыз. Дұрысын Алла біледі.

Үшінші: Үй есегінің етіне келсек, төрт мәзһабтың бәрі бірдей харам деп үкім берген. Әрі оған жоғарыдағы «алла елшісі үй есегінің етін жеуге тыйым салды» деген хадисті дәлел етеді.

материал «Отбасы ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: