14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Исламда рұқсат етілген қызғаныш

Исламда рұқсат етілген қызғаныш

Ислам тарихы

Ислам ғұламалары кейбір адамдарға қарсы қызғаныш сезімін қолданудың рұқсат екенін айтқан. Олар – кәпірлер мен Құдай берген нығметті Құдай жолына қарсы, күнәлі істерге қолданатын пасықтар. Бұлардың нығметтен мақұрым қалуын тілеу – күнә емес.

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) былай деді: «Мына екі адамнан басқа ешбір адамға ғибта етуге (қызығуға) болмайды, олар: Алланың бойына дарытқан даналығымен үкім беріп (адамдар арасында туындаған дау-жанжалға даналықпен оң шешім айтып) әрі өзгелерге де даналық тәлімін үйретуші адам және Алланың өзіне берген байлығын ақиқат жолында түгесілгенше жұмсаған атымтай жомарт адам».

1. Хадисті дұрыс түсіну үшін ең әуелі арабшадағы «хасад» және «ғибта» сөздерінің мағынасын ажыратып алған жөн. Араб тіліндегі «хасад» сөзі «күншілдік», «қызғану», «көре алмау», «іштарлық таныту» деген мағыналарды білдіреді. Қызғаныштың бұл түрі адам үшін қатерлі. Себебі мұндай қызғаныш дерті бар адам өзгелерге берілген нығметтің одан кетуін, тек өзінде ғана болуын тілейді. Мұндай қызғаныш дертіне шалдыққан адам өзгедегі нығметке қол жеткізу үшін және оны одан айыру үшін қылмысқа баруы да ғажап емес. Шариғатымыз қызғаныштың мұндай түрін құптамайды және оған үзілді-кесілді тыйым салады.

Ал «ғибта» сөзі «қызығу», «жаман ойсыз қызғану» деген мағынаға саяды. Қызғаныштың бұл түрі өзгелерге берілген нығметтің одан кетуін тілемей қызғуды һәм қызғануды білдіреді. Яғни, адам басқаға берілген нығметке қызыққанда «Шіркін, маған да дәл осындай нығмет берілсе ғой» деп армандайды және ол нығметтің әлгі адамнан кетуін тілемейді. Ал «хасад» болса керісінше дәл сондай нығметтің өзіне де берілгенін қалаумен қатар, ол нығметтің әлгі адамнан кетуін де тілейді.

«Ғибта», яғни, қызығу һәм жаман ойсыз қызғану – шариғатта құп көрілген амалға жатады. Себебі қызғаныштың бұл түрі адамды өзара жарысуға жетелейді. Дінде бұған «мунафаса» делінеді. «Мунафаса» сөзі «өзара жарысу» деген мағынаны білдіреді. Жақсылық һәм құлшылық мәселесінде «мунафаса», яғни, өзара жарысу шариғатымызда мақтауға тұрарлық амал. Құранда Алла Тағала: «...Адамдар өзара жарысатын болса, осынау мәңгілік жаннат мекен үшін жарыссын!» – деп баяндайды. Жақсылықта өзара жарысу рұқсат етілген болса, күнә істеуде жарысуға шариғатымыз тыйым салады.

2. Аталмыш хадистегі «хасад», яғни «қызғаныш» сөзі арабшадағы «ғибта» мағынасында айтылған. Хадисте айтылған екі нығметтің бірі – хикмет болса, екіншісі мал-мүлік және екеуі де Алла жолында сарп етілуде. Бұл жерде бұл екі нығметтің дұрыс жолда қолданылған жағдайда мақтауға һәм қызығуға лайық болатынын аңғарамыз. Нәпсі мен жамандық жолында қолданылатын мал-мүлік пен ілім адамға ауыр жауапкершілік жүктететіндіктен, Алла елшісі (с.а.с.) оған қызығуды құптамаған.

3. Алла елшісінің қызығуды аталмыш екі нығметпен шектеуіндегі хикмет – Алла Тағалаға бойсұну тәнмен және дүние-мүлкіпен жүзеге асатынын көрсету. Хадисте тәнмен бойсұну ретінде даналық және сол даналықты өзгеге үйрету мәселесі мысал ретінде баян етілген. Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте: «Алла Тағала Құран ілімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқитын һәм ондағы үкімдермен амал ететін ғалым» деп келеді. Ғұламалар осы хадиске берген түсіндірмеде: «Құранды намазда тұрғанда және намаздың сыртында оқитын және онымен амал ететін, оны басқаға үйретіп, Құранмен үкім шығаратын адам», – деп түсіндірген.

4. Хадистің басқа сахабалар тарапынан риуаят етілген нұсқаларында басқаша қосымшалар бар. Бұл қосымшаларға қарасақ, Пайғамбарымыз осы хадисін айтқан кезде, араларынан бір адам: «Шіркін, маған да пәленшеге берілген мал-мүлік беріліп, ол секілді мен де жақсы амалдар жасағанымда ғой», – деп армандайды. Сонда Пайғамбарымыз, өзіне берілген нығметті пайдаланып, Алла жолында жақсы амал жасаған адаммен, өзіне ондай нығмет берілмесе де Алла жолында дәл сондай жақсы амал жасауды шын жүрегімен қалаған адамның алар сауабы бірдей болатынын айтып, былай деген: «Кімге Алла Тағала білім нәсіп етіп, бірақ мал-дүниені нәсіп етпесе, әлгі адам шынайы ниетімен: «Маған да мал-дүние нәсіп болғанда, бәленше секілді мен де ол дүниені Алла жолында жұмсар едім», – деп тілейтін болса, екеуі де сауап тұрғысынан тең болады», – деген.

материал «Сүннет энциклопендиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: