19
Жұма,
Сәуір

һижри

Айша (р.а) анамыздың тақуалығы мен жомарттығы

Айша (р.а) анамыздың тақуалығы мен жомарттығы

Ислам тарихы

Хазірет Айша өте тақуа еді...

Бірде жалғыз өзі оңашада жылап намаз оқып жатқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келіп не үшін жылағанын сұрады. Ол: «Уа, Алланың елшісі! Тозақтың азабын еске алып жыладым, – деді, сөйтті де Пайғамбарымыздан: – Қиямет күні сіз жанұя мүшелеріңізді еске ала аласыз ба?» – деп сұрады. Сонда Ұлы Елші оған: «Уа, Айша, үш жерде ешкім ешкімді еске алатын жағдай болмайды, – деген ол: – Таразыға амалдар тартылып ауыр-жеңіл екені белгілі болғанға дейін, амал дәптерлері оңнан яки солдан берілгенге дейін, Сырат көпірі жаһаннамның үстіне құрылып, өтіп-өте алмауың белгілі болғанға дейін», – дейді.

Ұруаның айтуынша, Айша (р.а.) айт күндерінен басқа күндердің көбісін ораза ұстап өткізетін, Алла Расулымен (с.ғ.с.) бірге түнгі тәһәжжуд намаздарын үзбей оқитын. Пайғамбарымыз дүние салғаннан кейін де бұл ғибадатын жалғастырды. Мұң-мұқтаждарға қарасып, қолына жетімдерді алып тәрбиеледі.

Бірде қасына баласын көтерген әйел келді. Баланың қарнына ұстара байланыпты. Бұны көргенде хазірет Айша: – Балаға ұстара байлап қойғаның не? – деп сұрады. Шешесі: – Тіл-көзден, дұғадан сақтасын дегенім, – деп жауап бергенде ол: – Бұндай ырым-сырымның дінде негізі жоқ, өйткені, Алла және Елшісі бізге бұның дұрыс емес екенін білдірген, – деп дереу тыйым айтты.

Түн қараңғылығы басқанда үйіне жарық қылуға жарайтын май болмай қараңғыда отыратын. Тіпті суық күндері де үйді жылыта қоятын ештеңе болмайтын. Бір жолы өзі осы жағдайды тілге тиек етіп: «Үйімізде жылынуға не жарыққа қолданатын майымыз болмайтын. Әкем Әбу Бәкір жіберген қойды Алла Елшісі екеуміз тас қараңғыда сойып едік», – дегенде, біреу: «Сонда жарыққа тұтататын май таппағандарыңыз ба?», – деп сұрап қалды, сонда ол: «Май болса біз оны жаққанша, жейтін едік қой», – деп аштық пен жоқшылыққа сабыр етіп әмір сүрудің қаншалықты ауыр екенін ұқтырған-ды.

Айша анамыз өте жомарт еді...

Хазірет Омар (р.а.) қайтыс боларының алдында ұлы Абдуллаһты хазірет Айшаға жіберіп, ендігі арманы Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкірдің қасына жерленуді қалайтынын білдіргенде, ол көзі жасаурап тұрып: «Олардың қасындағы бос орынды өзіме сақтап жүр едім. Бірақ еш ойланбаймын, Омардың қалауы болсын», – деген еді.

Тағы бірде екі баласын ертіп қайыр сұрап келген әйелге жаны ашып, берерге ештеңе таппай бір құрманы ұстатып, шын пейілімен шығарып салғаны бар. Үммү Дүррәнің айтуынша, Айша анамызға жүз мың дирхам ақша әкелінгенде, ол бәрін кедей-кепшіктерге таратқан екен. Сол күні аузы берік еді. «Өзіңізге бір дирхам болса да қалдырып, ет алмадыңыз ба?, – дегенде, – Ертерек есіме салғаныңда, алар едім», – деп жауап береді.

материал «Хазірет Айша (р.а)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: