22
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Біліміне амалы сай болған уағызшы

Біліміне амалы сай болған уағызшы

Ислам тарихы

«Сахабалардан кейін Құранды Әбу Алияһтан жақсы білетін ешкім болмады, сосын одан кейінгі орында Сағид ибн Жүбәйр болды» (Әбу Бәкір ибн Дәуід).

Әбүл-Алияһ деген күнялы Руфәйғ ибн Миһран мұсылман ғұламаларының бірі. Қарилар мен хадисшілер ішінде әсемдерінің әсемі. Тәбиғиндердің арасында Алла кітабын ең жақсы білетін, Пайғамбардың (с.а.у.) хадистерін ең көп меңгерген, Құран Кәрімді ең жақсы түсінетін әрі мағынасына терең бойлайтын, мақсаттары мен құпияларын терең зерттеген ғалым еді.

Оның өмірін басынан бастап қарастырайық. Өмірі өнегеге, уағыз бен ғибраттарға толы еді. Руфәйғ ибн Миһран Парсы елінде дүниеге келді. Сонда өсіп жетілді. Парсы халқын қараңғылықтан жарыққа шығару үшін жасалған алғашқы жорықтарда Руфәйғ мұсылмандардың мейірімді қолына түсіп, олардың мейіріміне бөленген, қайырымды құшақтарына түскен жас құлдардың бірі еді. Жас құлдар Исламның ұлылығын көріп, пұтқа табынуды қойып, Алланың дініне топ-топ болып кіре бастады. Кейін Алланың кітабына ден қойды. Алла Елшісінің (с.а.у) хадистерін меңгере бастады.

Бұл кездер туралы Руфәйғтың өз аузынан айтылған деректер бар. Мен және бір топ отандастарым мұсылман жауынгерлердің қолына тұтқынға түстік. Көп ұзамай Басра қаласындағы мұсылмандарға құл болып аттандық. Алла Тағалаға иман келтіріп, Құран Кәрімді жаттауға кірістік. Біздің арамызда иелеріне жұмыс істеп, салық төлейтіндер мен оларға қызмет қылып жүретіндер бар еді. Олардың бірі мен едім. Құран Кәрімді бір түнде бастан-аяқ оқып шығушы едік. Күн сайын осылай оқу бізге қиын еді. Кейін екі түнде хатым қылатын болдық. Ол да қиынға соқты. Үш түнде бітіретін болдық. Бірақ күндізгі жұмысымыз ауыр болғандықтан, оған да шамамыз келмей қалды. Күндіз жұмыс істеп, түнде ұйықтамай, өміріміз қиындап кетті. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларымен жолығып, Алланың кітабын оқуда қиналып жүргенімізді айттық. Олар бізге:
– Әр жұма бір рет қайталаңдар, – деді.

Біз солай жасадық. Түннің бір бөлігінде Құран оқып, қалған уақытта ұйықтадық. Содан кейін бізге қиын болмады. Соңғы рет Руфәйғ ибн Миһран Тәмим тайпасының бір әйелінің құлы болды. Бұл әйел кеңпейіл, парасатты кісі еді. Иманды әрі тақуа еді. Күндіз біраз қызмет қылып демалатын еді. Бос уақыттарында сауатын ашып, діни ғылымдарды меңгере бастады. Оқуы оның жұмысына кедергі болмады, әйелдің құқығына нұқсан келтірмеді.

Күндердің бір күні, жұма күні Руфәйғ дәрет алып, ханымнан рұқсат сұрауға келді.

– Руфәйғ, қайда шықтың? – деп сұрады. – Мешітке барамын.

– Қай мешіт?

– Жұма мешітіне.

– Жүр, бірге барайық, – деді кемпір.

Олар мешітке жамағатпен бірге кірді. Ол әйелдің не мақсатпен бірге келгенін білмеді. Халық жиналған кезде, әлгі әйел көпшіліктің алдына шығып былай деді: «Мұсылман жамағат! Мына құлыма Алла Тағаланың сауабы, ризашылығы және кешірімі үшін бостандық беремін. Ол бүгіннен бастап азат, ешкімнің оны меншіктеуге құқығы жоқ».
Намаз біткеннен кейін екеуі екі жаққа кетті.

Руфәйғ ибн Миһран сол күннен бастап Мәдинеге жиі келетін болды. Әбу Бәкір Сыддықпен (р.а.) өмірден өтерінен аз уақыт бұрын жолықты. Әмирүл-мүминин Омармен жолығып,  оған Құран оқып беріп, артынан намазға ұйыды. Руфәйғты ара- бтар «Әбүл-Алияһ» деген күниямен атайтын. Алланың кітабын зерттеп, Пайғамбар (с.а.у.) хадистерімен айналысты. Пайғамбар (с.а.у.) хадистерін Басрадағы тәбиғиндердан тыңдай бастады. Бірақ өзі де риуаят етуге жарап қалғанын біліп, Пайғамбардың (с.а.у.) сахабаларының өз аузынан есту үшін Мәдинеге жиі баратын болды. Яғни, Пайғамбар (с.а.у.) мен өзінің арасында бірақ буын – сахабалар буыны болды. Хадис алған сахабалар: Абдуллаһ ибн Масғұд, Үбәй ибн Кәғб, Әбу Әйюб Әл-Әңсари, Әбу Һу- райраһ, Абдуллаһ ибн Аббас және тағы басқа сахабалар.

Әбүл-Алияһ Мәдинедегі хадис риуаятшыларына тоқталып қана қоймай, Пайғамбар (с.а.у.) хадистерін басқа жерлерден де іздеді. Біреудің білімі жоғары деп естісе, қаншалықты ұзақ болса да түйесіне мініп, соған баратын. Барған кісінің артына тұрып намаз оқитын. Намазында кемшілік болса, сол жерден кетіп қалатын. Намазында олқылық болған адамның қалған істерінен не қайыр дейтін. Таяғын қолына алып басқа жолға аттанатын.

Осылайша ғылым, білім іздеп, ғасырында теңдесі жоқ ғалым болды. Бұл жайында достарының бірі былай дейді: Әбүл-Алияһтың дәрет алып жатқанын көрдім. Жүзінен және қолынан су тамшылап тұр. Дәретсу барлық ағзаларына тигеніне дәлел ретінде су тамшылары жылтырап тұр. Сәлем беріп, былай дедім:

– Сөзсіз, Алла Тағала тәубе келтірушілер мен тазаланушыларды сүйеді.

– Бауырым, мұнда денесінің кірін сумен тазалағандар емес, күнәдан тақуалық арқылы арылатындарды айтып тұр. Осыдан кейін мен ойланып, оның сөзі рас екенін, қате жібергенімді іштей мойындадым.

– Алла разы болсын, біліміңе білім қоссын, – дедім.

Әбүл-Алияһ адамдарды білім талап етуге үгіттеп, білімге қалай жету жолдарын көрсететін:

– Ғылымға өздеріңді бейімдеңдер, көп сұрақ сұраңдар. Ғылым ұялшаққа немесе көкірегін керген адамға сырын ашпайды. Ұялшақ ұялғаннан сұрамаса, менмен тәкаппарлығы ұстап сұрамайды – дейтін. Шәкірттерін Құранды үйренуге, оны баптап оқуға, ондағы үкімдер мен шарттарды орындауға шақырып, ол жайында негізсіз сөздерге бет бұрып, жолдан таймауға шақыратын.

– Құранды үйреніңдер. Үйренсеңдер, одан қашпаңдар. Ол – Ислам. Тура жолды ұстаныңдар. Алланың кітабы мен Пайғамбар (с.а.у) хадистеріне қайшы келетін пікірлерден сақ болыңдар, олар сендердің араларыңа дұшпандық пен қастандық тудырады. Алла Елшісі (с.а.у.) сахабаларының бөлінбей тұрып келіскен істерінен ауытқымаңдар.
Бұл сөздерін кейбіреулер Әл-Хасан Әл-Басриге жеткізіпті, сонда ол:

– Дұрыс насихат берген екен, – депті.

Ол – Құран жаттаудың ең оңай әдісін үйрететін. Құранды бес аяттан жаттаңдар. Осылай етсеңдер зейіндеріңе жеңіл, түсінулеріңе де оңай болады. Жәбрейіл аләйһиссәләм Пайғамбарымызға (с.а.у.) бес аяттан түсіріп отырған, – дейтін. Әбүл-Алияһ мұғалім ғана емес, шәкірттеріне өмірлік жол көрсететін ақылшы да еді. Шәкірттерінің зейіндерін пайдалы ғылыммен толтырып, жүректеріне сәлихалы өсиеттер орнықтыратын. Көбінесе екі мәселені қосып сөйлейтін:

«Алла Тағала өзіне уәде береді: Кім оған иман келтірсе, тура жолға салады. Оған дәлел Алла Тағаланың Құрандағы сөзі: «Аллаға иман келтіргеннің жүрегін тура жолға салады».
Кім оған тәуекел жасаса, жәрдем береді. «Кім Аллаға тәуекел жасаса, Ол – оған жеткілікті».

Кім Оған қарыз берсе (ризашылығы үшін садақа берсе), сауабын береді. «Кімде-кім Алла үшін көп қарыз берсе, оның есесін Алла әлденеше есе көп қып қайтарады». Кім оған дұға қылса, дұғасына жауап береді. «Сенен мен туралы құлдарым сұраса, (айт) мен оларға ақиқатында жақынмын, менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін». Шәкірттеріне үнемі мына насихатты қайталап отыратын: «Алланың әмірлеріне бас иіп, парыз бен уәжібтерді бұлжытпай орындаңдар. Жаратқан Иеміздің үкімдеріне бойсұнатындарға жақын болыңдар. Алланың әмірлерін орындап, тыйған нәрселерінен тыйылыңдар. Күнә істерге жоламаңдар. Күнәһарлардың күнәсі үшін ризалық білдірмеңдер. Олардың ісін Аллаға тапсырыңдар. Қаласа – азаптайды, қаласа – кешіреді. «Алла үшін сүйемін, Алла үшін күйемін. Мен Алланың разылығы үшін жақсы көремін, Одан қорыққандықтан бас тартамын» деп айтып, өзінің мәртебесін көтергісі келетіндерден аулақ болыңдар».

Әбүл-Алияһ біліміне амалы сай уағызшы және жол көрсетуші болып қана қоймай, Алла жолында көп күрескен мүжәһидтердің бірі. Мүжәһидтермен бірге жорыққа шығып тұратын немесе олар- мен бірге шекараларды қорғайтын. Шамда Византиялықтармен шайқасса, Мәуәра әннәһірде парсылармен шайқасқан. Сол елдерде тұңғыш рет азан шақырған кісі.

Әли мен Мұғауияһ арасында қақтығыс болғанда Әбүл-Алияһтың ерекше ұстанымы болды. Бұл жайында өзі былай дейді: «Әли мен Мұғауияһ арасында жанжал шығып, соңы екеуінің жақтастары арасындағы шайқасқа айналған шақта, мен жас әрі байсалды жігіт едім. Шайқас дегенде ішкен асымды жерге қоюшы едім. Шайқас болады деген жерге сауыт-сайманмен келдім. Адамдар бір-біріне қарсы екі сап болып тұрды. Ұзын болғаны соншалықты, саптың соңы көрінбейді. Мына жақта «Аллау әкбар» деп ұрандатады, анау жақ та «Аллау әкбар» деп айқайлайды. Мыналар «Алладан басқа құдай жоқ» деп айқайласа, аналар да солай айқайлайды. Ақылға салып, өзіме: «Екі топтың қайсысын «кәфир» деп қылыш көтерейін, қайсысын «мұсылман» деп қатарларына қосылып, шайқасқа шығайын» деп тұрдым. Сосын екеуін де тастап кетіп қалдым!».

Әбүл-Алияһ Пайғамбарымызбен (с.а.у.) кездесе алмағаны үшін өмір бойы қайғырып өтті. Бұл қайғысын сахабалармен тығыз қатынас жасау арқылы басып, оларды жанынан жақсы көріп, құрметтеп, үнемі жандарында болып, сол арқылы өзін-өзі жұбататын еді. Бір күні оған Әнәс ибн Мәлик алма беріпті. Алған алманы сүйіп:

– Алла Елшісінің (с.а.у.) қолын ұстаған қолдан алған алма – қандай бақытты алма, – деп балаша қуанған екен.

Бір күні ол Абдуллаһ ибн Аббастың алдына кіріпті. Сол кезде Абдуллаһ ибн Аббас Әли ибн Әбу Талиб тарапынан Басраның әкімі етіп тағайындалған болатын. Абдуллаһ оны қошеметтеп күтіп алып, оң жағынан төрден орын беріпті. Мәжілісте отырған Құрайыш көсемдері өзара сыбырласып, ымдаса бастапты. Аббас олардың мына бір сыбырын естіп қалады:

– Көрдіңдер ме, Аббастың ұлы мына құлды қалай көтермелейді?
Аббас оларға қарап:

– Білім деген абыройлыға абырой қосады, адамдардың алдында даңқты қылады, құлдарды көсемдерден жоғары отырғызады, – деген екен.
Бір жылы Әбүл-Алияһ Алла жолында шайқасқа аттануға ниет қылады. Құрал-сайманын сайлап, Алла жолында күресушілердің қатарына қосылуға бел буады. Бірақ өкінішке қарай, келеңсіз жағдай болды. Таңертең тұрса, бір аяғы қатты ауырады. Уақыт өтісімен ауру асқынып, шыдатпай қояды. Емші келіп тексеріп, аяғының іріңдеп шіри бастағанын, өте қауіпті дерт екенін айтады.

– Қандай ауру дейсің? – деп сұрады.

– Түскен жерінен бастап шірітеді. Шірік жоғары қарай көтеріліп, уақыт өткен сайын бүкіл денеңізге тарай береді, – деп, емші аяғын кесіп тастауға рұқсат сұрады. Емші етті кесуге пышақ, сүйекті кесуге ара алып келді.

– Қаласаңыз, аяғыңызды кескенде, ауруды сездірмейтіндей етіп дәрі ішкізіп ұйытып тастайық, – деді.

– Бұдан абзалы бар емес пе?! – деді ғұлама.

– Не ол?

– Маған Құранды үздік оқитын қариды алып келіңдер. Алланың аяттарынан оқысын. Жүзім қызарып, көзімнің қарашығы үлкейіп, көзім жоғары қарағанда, қалағандарыңды істей беріңдер, – деді.
Бұйрығын орындап, аяғын кесіп тастайды. Есін жиғанда, одан емші:

– Аяғыңызды кескенін сезген де жоқсыз, – деп сұрады.

– Аллаға деген сүйіспеншілігім бойымды балқытып, Алла кітабын естіп ләззат алып, аяғымды қалай кескенін де сезбедім, – деп, кесілген аяғын алып: – Раббым қиямет күнінде менен қырық жыл бойы сенімен харамға барғанымды, мүбах емес нәрселерді басқанымды сұраса, «жоқ» деп жауап беремін. Алла қаласа, айтқаным рас болып шығар, – деді.

Әбүл-Алияһтың тақуалығы, ақырет күнін күтуі, Раббысымен кездесуге дайындалуы өзіне кебін дайындап жүретін жағдайға дейін жеткізді. Кебін дайындап, оны айына бір рет киіп тұратын. Сап-сау болып жүрсе де он жеті рет өлер алдындағы өсиетін жазыпты. Әрбір өсиетке уақыт белгілейді екен. Уақыты келгенде ашып оқиды екен. Өзгертеді немесе ауыстырып басқасын жазады не қол қояды екен.

Ол һижраның 93 жылының Шәууәл айында көз жұмды. Раббысына құр қол, таза рухпен, Жаратушысының мейіріміне сенімді, Пайғамбарымен (с.а.у.) кездесуге құштар болып кетті.

материал «Табиғиндер өмірінен өнегелер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: