19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

«Амандық он бөліктен тұрса, оның тоғызы – байқамағансу»

«Амандық он бөліктен тұрса, оның тоғызы – байқамағансу»

Ислам тарихы

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Мұсылмандардың иманы ең кемелі – мінез-құлығы ең көркемі. Ал сендердің жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың», – деген. Теңін тауып үйленген жігітке батасын берген әкесі оңаша шығарып:

– Ақ қағаз, қалам және өшіргіш алып кел дейді. Әке оны не істейсіз? – дегенде:

– Айтқанымды істе. Одан кейінгісін сұрама, – дейді. Қалам мен қағаз табады. Бірақ өшіргіш жоқ екен.

– Онда, барып сатып алып кел, – деді. Өшіргішті алып келіп, әкесінің жанына отыра кетті. Әкесі:

– Ал енді, жаз, – деді. Жігіт бір сөйлем жазды. Енді не істейін дегендей әкесіне қарады.

– Жазғаныңды өшір, – деді. Жігіт өшірген соң, қайта жазуды талап етті. Жігіт:

– Әке, не қалап отырғаныңызды айтыңызшы, – деді. Әкесі:

– Жаз! – деді. Жігіт қайта жазды.

– Жазбаны өшір, – деді әкесі тағы. Сосын қайта жаздырды. Жігіт әкесінің бұйрығын бұлжытпай орындауға көшті. Біршама уақыттан соң, барлығына көнген баласына қарап:

– Балам! Отбасылық өмірде өшіргіш ауадай қажет, – деді.

– Жұбайыңның саған жақпаған сөзі мен әрекетінің ізін жоқ ететін өшіргішің болмаса қиын. Әйеліңе де керек. Сенің бойыңнан көрген ұнамсыз жайттарды өшіретін құралы болуы керек. Әйтпесе, көп өтпей-ақ отбасылық қағаздарың шимайланып толып қалады. Бір-біріңнің кемшілігіңді тізбектеп термеңдер. Бір-біріңді аңдып мін іздемеңдер. Кешірімді де кең болу екеуіңнің өмірлік салтың болсын, – деген екен.

Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ. Ең бастысы, кешіре білу. Қажет орында байқамағандай кейіп танытып, келеңсіздіктің алдын алу.

Хадис ғалымы Осман бин Зайда: Мен Ахмед бин Ханбалға «Амандық он бөліктен тұрса, оның тоғызы байқамағансу», – дедім. Сонда ол кісі: «Амандық он бөлік. Оның баршасы да байқамағансу», – деген еді.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: