07
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Ақыретте өзіңмен бірге мәңгі қалатын жүрегіңе көңіл бөл

Ақыретте өзіңмен бірге мәңгі қалатын жүрегіңе көңіл бөл

Ислам тарихы

Әр орта, әр ұйым бір заңдылық, бір орталықтан басқарылатыны секілді,  адам да бір табиғи заңдылықтарға бағынады. Рухани тұрғыдан да, тән тұрғысынан да, өз міндеттерін атқару үшін ең маңызды ағза – жүрек саулығы екені барлығына мәлім.

Көз жанарынсыз, бір бүйрексіз адам баласы біраз жылдар, тіпті толықтай өмір сүре алады. Ал жүректің зақымдалуы табиғи болмысының нашарлауына, тіпті құруына әкеледі. Сол сияқты адамның рухының аштығы, азғындалуы да тікелей жүрек саулығына байланысты. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ألا وإنَّ في الجَسَدِ مُضْغَةً، إذا صَلَحَتْ، صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ، وإذا فَسَدَتْ، فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، ألا وهي القَلْبُ

«Назар аударыңдар! Адам ағзасында бір бөлшек ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари).

Яғни жүрек тек қанды жүргізіп тұратын ғана ағза емес, бәлкім адамның тазалығын, қоғаммен арақатынасын, жан тыныштығын қамтамасыз ететін күш.  Бұл тақырыпты толығымен ашықтауға том-том кітаптар жазуға болатыны мәлім, бірақ сіздерге кішігірім мағлұматпен жүректің дерттері жайлы, одан арылу жолдары туралы айта кетейік:

Жүрек ауруларына көп нәрсені жатқызса болады: ең әуелгі қарастыратын мәселеміз – ашу.

Ібіліс Адамға (с.ғ.) сәжде жаса деген иләһи бұйрыққа бойсұнбады. Ол иләһи бұйрыққа бойсұнбастан бұрын мәртебесі жоғары еді. Алла тағала Құранда: «Естеріңе алыңдар, (Біз) періштелерге адамға сәжде етіңдер дегенімізде олар сәжде етті. Бірақ ібліс (тәкәппарланып) Сенің лайдан жаратқаныңа сәжде етемін бе? - деді» («Исра», 61). 

Бұдан түсінетініміз: Адам болмысы - топырақ, ал шайтан болмысы – от. Топырақтың табиғаты: тыныштық пен айбындылық, ал оттың табиғаты: өртеу, күйрету мен қиратушылық.

Ашу жайлы хадистің ең таралғаны: пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуланба деп 3 рет сахабаға айтқан өсиеті. Одан бөлек бір сахаба келіп пайғамбарымыздан сұрағаны бар:

- Әлемдегі ең қатты нәрсе не дегенде, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Алланың ашуы деп жауап берген. Сахаба кері сұраған:

- Алланың ашуын алыстату үшін не істеуім керек дегенде:

- Өзің ашуланба, деп жауап қатқан.

Шектен тыс шыққан ашудың көріністері:

  1. Адам келбетіндегі көрініс: дене түсінің өзгеруі, қол-аяқтардың ретсіз қозғалуы, көз жанарының қызыл алауға боялуы, ашулы адамның сөздері мен іс-әркетінің жиіркенішті болуы
  2. Тіліндегі көрініс: Ақыл-есі дұрыс, сау кезіндегі айтуға ұялатын боқауыз, қолайсыз, намысқа тиетін сөздердің сан-алуан түрлері аузынан төгіліп шығуы. Оған еш бақылау жүргізбеуі.
  3. Дене бітіміндегі көрініс: Ұрып соғу, шабалаңдау, физикалық зиян келтіру, өлтіру.
  4. Жүректегі көрініс: дұшпандық пен өзекті өртейтін қызғаныш, өшпенділік пен табалаушылық, мысқылдау мен масқаралау және де басқа жиіркенішті жүрек дерттері.

Ашулы күйді өзгерту және ашу отын сөндіру бес нәрсе арқылы мүмкін:

1) Мұндай кездері Алланың есімдерін зікір ету. Өйткені бұл әрекет тақуалыққа себеп болады, жақсылықпен кешіру сияқты қасиеттердің келуіне әсер етеді. Осылайша Алланы еске алу арқылы ашудың оты бәсеңдеп сөнеді.

2) Кінәлі адамды кешірудің сауап болатындығын еске түсіру. Бұл еске түсіру адамды сауапқа жетелейді, кінәлі адамды кешіру Алла уәде берген жаннат ниғметтеріне қол жеткізуге себеп болады, ашуды кетіреді, тынышсыз нәпісті тыйып, иесін бақытты ортаға қарай итермелейді.

3) Ашуын басып, жұмсақтық көрсетіп кешірімді болса, адамдарда оған деген сүйіспеншілік туындайтындығын еске алу. Осы жолмен адамдардың сүйіспеншілігіне қол жеткізу және олардың арасында құрметті адам болу идеалы, ашу халінің кетуіне себеп болуы мүмкін.

4) Ашулы кездегі күйден басқа күйге өту. Мысалы, тұрып тұрған кезде отыру, дәрет алу. Халифа Мәмун ашуланған кезде бірден ол жерден кетіп, ашуын жеңуге тырысқан.

5) Ашуланудың соңында тудыратын қатты өкіну сезімін, кек қайтарудың жамандығын және оңайлықпен кетпейтін ауыр нәтижелер келтіретіндігін ойлау. Яғни, ашуланған нәрсенің бір қиындық екендігін қабыл етсек, сабыр ету керек, мұның қиындығын арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Қол қанға былғануы мүмкін, түрмеге түсуі мүмкін, отбасы тарап кетуі мүмкін немесе т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін. Бір қиындыққа сабыр етпеу арқылы дүние мен ахиреті бұзылуы мүмкін.

Дұшпандық пен жек көрініш:

Ашуланудың зардабы мен зияндылығын түсінбеген адам – дұшпандықтың кеселіне ұрынады, жек көрініштің көп болуынан адам жүрегі ауырлай бастайды:

  1. Жек көрген адам туралы түрлі жала, өсек, ғайбат айтылуына құмарлық артады
  2. Туысқаны болса да, жек көретін адамнан алшақтай, қашқақтай бастайды
  3. Кемсіту мен мазақтау орын алады
  4. Қолмен, тілмен зиян келтіру. Физикалық және эмоционалдық түрде қастық істеу

Дұшпандықты жеңе алмаған қызғаныштың өртіне шалдығады. Қызғаныш – ашумен білінетін, сосын кекке айналатын ызалану сезімінің нәтижесі. Қызғанышты білдіру және басқалардың төмен болғанын қалау жүректің кемелденуін тежейтін өте нашар қасиет.

Ихсан ілімінде, бұл дүниеде адамзат баласының үш нәрседен құтылуы қиынға соғады делінген. Олар – қызғаныш, жорамал және өзгелер туралы теріс пікір. Расында көре алмаушылық пен қызғаныш – жүрекке кірбің ұялатып, мазасыздыққа апарады. Бұлар иманмен бірге бірлікте өмір сүре алмайтын тәкаппар сезімдер. Себебі, тар ниетті адамның көре алмаушылығы, уақыт өте иманды әлсіретумен ұлғая береді. Іштарлық сезімінің пайда болуына себепкер болған адамның несібесі молайып, не мерейі жоғарлаған сайын, әлгі қызғаншақ, іші тар пенденің ашуы күшейіп, жауластығы одан сайын артады. Бұның салдары жаман оймен шектелмей, қастандық жасау сияқты түрлі қылмыстық күнәлі істерге жетелеуі әбден мүмкін. Демек іштарлық – өзгенің жетістігі мен жақсылығын құп көрмеуден, қабылдамаудан туады. Бойды бұл сезімдер билесе, иманды әлсіздікке, жүректі жүгенсіздікке соқтықтыратындығын білген ләзім.

Қызғаншақтық, іштарлық және көре алмаушылық сезімдеріне берілудің үкіміне қатысты, Ислам дінінің барлық ғұлама-ғалымдары бір ауыздан жиеркенішті әрі тыйым салынған күнәлі іс екендігіне бір ауыздан келіскен.

Мінезі жұмсақ, әрі бәріне жақсылық тілейтін адам Алланың сүйікті құлы болмақ. «Бір мұсылман өзіне келуін қалаған жақсылықты, басқа мұсылман үшін де қаламаса және өзіне қаламаған жамандықтың басқа мұсылманға келуін қаласа оның иманы толық емес» делінген сахих хадис шарипте.  Демек, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұхаммед өзін ғана емес, өзгелердің де қамын ойлау керектігін айтып кеткен. 

Жалпы, күреалмаушылық ғайбат сөйлеуге, өсек айтуға себепші болады.  Егер жақсы істерге он сауап берілсе, көреалмаушылық соның тоғызын жойып жібереді екен. «Әбу Һұрайра (р.а.) риуаятында: «Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от (ағаш) отынды жандырып жібергендей жоқ етеді» (Әбу Дәуіт) делінген.

Көркем мінезді, мәрт болуы дұшпандықты кетіреді. Белгілі қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жақсылық көрсем, өзімнен жамандық көрсем өзімнен» деп жырлаған екен. Демек, біз жақсылық пен жамандықты өзіміздің ниетімізден табады екенбіз.

Жүректің қатаюына көптеген себептер бар. Олардың ең негізгілері мыналар:

  1. Күнәны көбейту, оны тұрақты түрде істеу;
  2. Парыз амалдарды Алла бұйырғандай орындамау;
  3. Харам істерді ұялмай, еркін істеу.

Әрине, жүрек ауырады, дертке шалдығады. Алайда рухани дертке шалдығу тән ауруынан да жаман. Сол үшін Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَوْمَ لا يَنْفَعُ مَالٌ وَلا بَنُونَ إِلا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни (рухани кеселдерден арылып) сау жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып) мұратына жетеді», – деп айтқан («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар).

Аятта айтылған «сау жүрек» сөзінің мағынасы жайында тәпсірші ғалым имам Рази (р.а): «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандықтан, жаман мінезден аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, теріс іс-әрекеттерден және дүние құмарлықтан арылуы», – деген.

Алла Тағала біздерге жүрегіміздің түрлі дерттерінен, кеселінен таза болуды, дүниеде және ақыретте Раббымыздың разылығын алуды нәсіп етсін!

Ренат Жапбасов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: