17
Жұма,
Мамыр

һижри

Әдетін өзгертіп, табысқа жеткен тұлғалар

Әдетін өзгертіп, табысқа жеткен тұлғалар

Ислам тарихы

Әдет десе, санамызға «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мақал оралады. Адамның әдеті өздігінен кете қоймайды. Біздің данышпандарымыз да бұл жайында толғанған. Шәкәрім атамыз: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады. Әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» деген. Шортанбай Қанайұлы: «Сүтпен біткен мінез – сүйекпен кетеді» десе, Абай атамыз оған қарсы шығып: «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді. Осы орайда, әдетін өзгертіп, табысқа жеткен тұлғаларды назарларыңызға ұсынамыз.

Джеймс Клир, «Атом әдеттер» кітабының авторы

Джеймс Клир әдеттер арқылы өмірін қалай өзгерткені жайлы айтады: «...Курстастарым түнімен бейнеойындар ойнап, кеш жататын, уақыттың қадірін түсіне бермейтін. Ал мен, керісінше, уақтылы ұйықтауға әдеттеніп, күнде кешкісін ерте жатып қалатын болдым. Студенттер қайбір тазалық сақтайды дейсіз, жатақхана үнемі шашылып жататын. Алайда мен өз  бөлмемді таза ұстауға тырыстым. Әдетке қатысты бұл өзгерістер түкке тұрғысыз боп көрінуі мүмкін, алайда соның арқасында әр сәтімді бақылауда ұстауды үйрендім. Бойыма сенім ұялады. Өзіме деген осы сенімнің арқасында оқу үлгерімім де жақсара бастады. Күнделікті тапсырмаларды уақытында орындауды әдетке айналдырғанның арқасында бірінші курсты үздік бағамен тәмамдадым.

Әдет – ұдайы қайталанып отыратын, көп жағдайда өзінен-өзі орындалатын қимыл-әрекет. Әр семестр сайын бірді-екілі ұсақ, бірақ тұрақты әдет қалыптастыра бердім. Нәтижесінде мен оқуды жаңа бастаған кезде ойыма да кіріп-шықпаған жетістіктерге қол жеткіздім. Мәселен, өмірімде алғаш рет аптасына бірнеше рет зілтемір көтеруді әдетке айналдырып, одан кейінгі жылдары салмағы 77 келі қаңбақтай жеткіншектен аяқ-қолы балғадай, жауырыны қақпақтай, дене салмағы 90 келі азаматқа айналып шыға келдім (бойым 193 см болатын).

Екінші курсқа көшкенде питчерлер (доп лақтыратын ойыншы) арасында алдыңғы қатарға шықтым. Үшінші курстың басында мені команда капитаны етіп сайлады. Маусымның соңындағы іріктеуде құрама команданың ойыншылары қатарына қосылдым. Тұтастай алғанда, уақытымен ұйықтау, оқу және спортпен ұдайы шұғылдану тұрғысындағы жаңа әдеттерім төртінші курстың соңында нақты нәтиже бере бастады.

Бетіме бейсбол таяқшасы тиіп, ауыр халде жатқан сол бір оқиғадан соң, алты жылдан кейін ғана мен Денисон университетінің ерлер арасындағы ең үздік спортшысы атанып, Америка Құрама Штаттарының ESPN университеттік командасының ойыншысы болдым. Мұндай құрметке еліміз бойынша небары 33 адам ғана ие болған. Оқуды аяқтайтын жылы менің есімім сегіз санат бойынша колледждің рекордтар кітабына енді. Сол жылы маған университеттің ең жоғарғы марапаты – ректор медалі табысталды».

Британия велоспорт федерациясы

2003 жылы Британия велоспорты құлдыраудың ең төменгі деңгейіне жетеді. Неге десең, жүз жылдан бері бірде-бір жарыста жеңіске жетпеген. Тіпті бұларға спорттық велосипед құрастырушы компания тауарын сатудан бас тартқан. Олардың жарыста еш жеңе алмауы компанияның абыройына нұқсан келтіреді деп шешсе керек. Осылай құрып кетудің алдында тұрғанда командаға Дэйв Брейлсфорд есімді бапкер келеді. Оның жетістікке жету философиясы бар еді: «әр ұсақ істің сапасын 1 пайызға арттырса, бәрі бірігіп, үлкен нәтиже береді».

Осылайша Дейв велосипедтің орындығын ыңғайлы қылып өзгертеді. Дөңгелектің сыртын спиртпен сүртіп, жолда үйкелісін жақсартады. Шабандоздардың дене қызуы түсіп кетпес үшін жылытқышы бар киім кигізеді. Желге қарсы ыңғайлы киім тіктіреді. Денеге массаж жасауға ең жақсы гельді таңдады. Спортшылардың ұйқысы сапалы болсын деп, жайлы жастық, жұмсақ матрас алады. Оларды таситын үлкен минивэннің ішін ақ түске бояп, көңіл-күйді басып тастайтын артық түстерден арылады. Қарап тұрсаң, жеке алғанда бұлардың әрқайсысы ондай мықты өзгерістер емес. Ал бәрі біріккенде қандай нәтиже бергенін білесің бе?

Небары бес жылдан соң Пекин олимпиадасында алтын жүлденің 60 пайызын қанжығасына байлайды. Тоғыз олимпиада, жеті әлем рекордын жаңартты. Алты жылдың бесеуінде Тур де Франстің жеңімпазы атанды. Он жыл ішінде әлемдік додаларда 178 рет озып шығып, олимпиада ойындарында 66 алтын алған. Бұл ешқандай кездейсоқтық емес, жай ғана ұсақ әдеттерді жақсартудың нәтижесі.

материал «Әдет күші. Жақсы әдет қалыптастыру, жаман әдеттен арылу»

кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: