Деректерге сүйенсек, ертеректе өмір сүрген Ислам ғұламаларының көпшілігі тәттіге де тірі жанның мүсінің бейнелеуге болмайды деп есептеген. Ол да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тыйымы аясына кіреді дейді[1].
Әйткенмен, ұзақ сақталмайтын заттардан салынған мүсіндерге рұқсат дейтін ғұламалар да болды. Соның бірі Имам Құртуби өзінің тәпсірінде: «Жас қыздардың ойыншықтары тыйымның аясына кірмейді...Тәттіден немесе қамырдан жасалған мүсіндер де солай. Олар сақталмайды», - деген[2].
Қорытындылай келе, мүмкін болса торттарға да тірі жанның мүсінін бейнелемеген абзал. Бейнелесе де күнәсі жоқ. Одан бөлек, табиғаттың бейнесін, түрлі ғимараттардың, көліктердің т.б. жансыз заттардың бейнесін бейнелеуге рұқсат.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Бухари – 5950: «Қиямет күні Алланың алдында адамдардың ең ауыр азапқа ұшырайтындары – суретшілер».
[2] Имам Құртуби: Сәбә сүресі, 13 аят тәпсірі.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz