06
Жексенбі,
Қазан

һижри

Ғайбат жасап қойдық, енді не істеу керек?

Ғайбат жасап қойдық, енді не істеу керек?

Ислам тарихы

«Сахабалар құлшылықтың өлшемін ораза жəне намаздан емес, жұрт туралы жағымсыз нəрселер айтпаудан іздейтін».

Ардақты табиғиндер Ғайбаттың қаншалықты жаман күнə екендігі жəне адамның одан жылан мен шаяннан қашқандай қашу керектігі айқын. Өкінішке қарай, адам баласы қателіктерге бой алдыратын болмыс. Осы ақиқаттың белгісі ретінде Алла расулы: «Əр адам көптеген қателіктер жасауы мүмкін, қате жасағандардың ең қайырлысы – тəубе еткендер» (Али əл-Муттақи, Кəнзул-Уммал 4\90) дейді. Алланың кең рақымшылығының бір көрінісі қателік жасаған кезімізде сол қателіктен қайту мүмкіндігін беруі жəне кемшіліктерімізді кешіруі. Егер істелген күнə мен қателер өшірілмей, жазасы дереу берілетін болса, өмірдің бəрі азапқа айналар.

Раббымыз былай бұйырады: «...Ешкім ешкімді ғайбаттамасын. Араларыңда бірің өлген бауырының етін жегісі келе ме? Міне, бұдан дереу тіксіндіңдер! Олай болса, Алланың азабынан қорқыңдар да, осы жаман істен өздеріңді қорғаңдар. Алла тəууəб, рахим (тəубелерді қабыл етеді, рақымшылығы мол)» («Хужурат» сүресі, 12-аят). Иə, Хақ Тағала мүминдерден ғайбат жасап қойған жағдайда бұл ісіне өкініп, қайтуларын жəне Алланың шексіз мейіріміне сыйынуын күтеді. Бұл жағдайда олардың міндеті еш уақыт жоғалтпастан бұл күнəнің жағымсыз əсерін жөндеу. Ол былай жүзеге асырылады:

Ең əуелі тəубе ету

Ғайбат – дəл бір ішімдік ішу жəне зинақорлық жасау секілді харам іс. Мұндай күнəнің есебі міндетті түрде сұралады. Бұл іске тəубе етіп, жасалған іске өкіну керек. Риуаяттарда Хақ тағаланың əзірет Мұсаға: «Ғайбат еткен адам тəубе еткен кезде ең соңғы болып жұмаққа кіреді. Егер тəубе етпей, жалғастыратын болса, тозаққа алғашқы болып кіретін адам болады» дегендігі туралы мəлімет бар.

Ғайбат екі құқыққа қатысты күнə болып табылады. Онда əрі Алла құқығы, əрі құл құқығының тапталуы орын алады. Ғайбат ету ашық түрде тыйым салынған күнəні жасау жəне Алла құқығын таптау болып табылады. Бұл күнəларды жөндеу ең əуелі тəубе етуден басталады. Өйткені, күнəдан қайтар жолда алғашқы тоқтайтын аялдама – тəубе. Күнəнің түріне жəне көптігіне қарай кірленген тіл мен жүрек тəубе арқылы тазаланады. Бұл істің шынайылығы өлшемінде жүрек жарқырап, тазарады. Бұл тұрғыдан ғайбат сөз айтқан адам алдымен жүрегімен өкініп, сосын көз жасымен жүрегін жууы керек, тілін Алла разы болатын мəселелерде сөйлеуі үшін тəрбиелеуі керек, істелген күнəнің іздері сүртіліп, тіл қайтадан ғайбаттауға бармауы қажет.

Сосын ғайбаттаған адамы үшін Алладан кешірім тілеу

Алла расулы (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Кімде-кім мүмин бауырын ғайбаттап, сосын сол бауыры үшін Хақ Тағаладан кешірім сұраса, жасаған ғайбатының өтеуі сол болады» деп, бізге ғайбат күнəсынан арылудың жолын көрсетеді. Демек, бір кісі ғайбат етсе немесе тыңдаса, онда «Алла Тағалам! Бізді жəне ғайбаттаған адамымызды кешір» деп, ғайбатталған адамды кезіктірген кезде: «Мені кешір» деуі керек. Ғайбатталған адамның жасалған бұл ғайбаттан хабары болмаған жағдайда Ислам ғалымдарының бір бөлігі тəубе мен кешірім сұрауды жеткілікті деп санаса, көпшілігі бұларға қосымша сол адамның өзінен кешірім сұрауды керек деп санайды. Хасан Басри «Ғайбаттың өтеуі – ғайбатталған адамды мақтау жəне сол үшін кешірім тілеу» деп Алладан кешірім тілеуді жəне ғайбатталған адамның жақсы жақтарын айтып мақтауды жеткілікті деп санайды. Оның ойынша ғайбатталған адамнан барып кешірім сұраудың қажеті жоқ.

Тағы бір Ислам ғалымы Мүжахид «Бауырының етін жеудің өтеуі – оны мақтап, ол үшін дұға ету» дейді. Ол бұл сөзімен Хасан Басримен бір пікірде екенін көрсетеді. Алладан кешірім тілегенімізге қарамастан көңілімізде бір күптілік бар болса, сол ғайбатталған адамнан кешірім сұрауға болады. Егер дəл солай жеткізу ол адамға ауыр тиетін болса, онда жалпылама түрде жеткізіп кешірім сұрауға болады. Өйткені, мұндай жағдайларда кейде «артық қыламын деп тыртық қылу» сияқты қауіп те жоқ емес.

Ең дұрысы – ғайбатталған адамнан кешірім сұрау

Ғайбатталған адам бұл туралы естісе, бұл жағдайда жасалатын нəрсе – барып одан кешірім сұрау. Өйткені, пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) былай дейді: «Кімде-кім бауырының ар-намыс, қадір-қасиетіне бағытталған бір қате іс жасаса, ақшаның үкімі жүрмейтін күннен бұрын, яғни бүгін кешірім сұрасын. Егер (бұл іс ақиретке қалатын болса) дұрыс амалы бар болса жасаған ғайбатының мөлшерінде одан алынады. Егер жақсылығы жоқ болса ғайбатталған жолдасының жамандықтары алынып, соған жүктеледі»  (Бұхари, Мəзалим 11, Риқақ 48;). 

Ғайбаттау – адам құқығына жасалған жауыздық. Бұл жағдайда сол адамнан кешірім сұрау талап етілуі керек. Өйткені, құқығы тапталған адам рұқсат бермейінше ол күнəдан құтылу мүмкін емес. Хақ тағала өзіне қатысты мəселелерде қаласа кешіреді, алайда бір құлдың құқығына тиетін нəрселерді айтқан адам сол адамды тауып, қатесін түзеуді ақиретке қалдырмауы керек. Алла расулы ғайбат туралы былай бұйырады: «Ғайбаттаудан сақтаныңдар, өйткені ғайбат зинақорлықтан да жаман. Əлдекім зинақорлық жасап, тəубе етсе (тағы қайталамаса) Алла Тағала оның тəубесін қабылдайды. Ал ғайбат еткен адам ғайбатталған адам тарапынан кешірілмейінше оның күнəсі кешірілмейді» (Табарани, Мужамул-Əусат 6\348).

«Мұсылмандарды ғайбаттамаңдар! Кімде-кім мұсылман бауырын ғайбаттаса, қиямет күні тілі желкесіне байланған түрде əкелінеді. Сол күні ол түйін не Алланың кешіруімен, не болмаса ғайбатталған адамның кешіруімен шешілуі мүмкін» (Али əл Муттаки, Кəнзул Уммал, 2\235).

Айтылған хадистерде өте нақты көрсетілген, ғайбат жасалған жағдайда жасалатын ең маңызды іс тиісті адамнан кешірім сұрау жəне сол үшін Алладан кешірім тілеу болып табылады. Ол адамнан кешірім сұраған кезде назар аударылатын маңызды мəселе – мұны шын көңілімен айту. Шынайы айтылмаған сөздердің адамға да, Аллаға да əсері болмайды. Сондықтан да кешірім сұрағанда көрсін деп емес, ең шынайы түрде сұралуы тиіс. Осы жерде ғайбатталған адам туралы кішкентай ескерту жасап өтейік. Кешіру – өте үлкен ізгілік жəне кəміл адамдардың үлесіндегі іс. Алла расулы өзіне зұлымдық жасаған адамдарды кешірген адамдар үшін жұмақта арнайы есік бар екенін айтады (Али əл Муттаки, Кəнзул Уммал 3\208; Ибн Хажар, Фатхул-Бари 7\28).

Ғайбат айтқан адам жасаған күнəсімен өзінің орнын онсыз да дайындады. Ғайбатталған адам болса кешіру арқылы сауап алады, əрі адамдардың қолдауын алады. Кешіру Алланың ахлақынан жəне мүминдерге əрдайым ұсынатын əрекетінің бір түрі. Хасан Басри (рахматуллаһ алейһ) айтады: «Махшар күнінде үмбеттер Алланың құзырында тізе бүккен кезде «Алланың құзырында кімнің сыйы бар болса тұрсын» деп шақырылады. Бұл шақыруға тек бұ дүниеде кешіре білгендер жауап беріп, орындарынан тұрады» (Қуртуби, əл Жами ли ахкамил-Қуран 6\4; Əбу Нуайм, Хилиатул- Əулия 9\204).

Сөзіміздің қорытындысы ретінде қазірге дейін жасаған ғайбат күнəларымызға кешірім тілеу ниетінде еңбегімізді мына дұғалармен аяқтайық:
«Біздерге көру үшін екі көз жəне көңіліміздің тілмашы болатын тіл мен ерін берген Раббымыз! Сенен тіліміздің əрдайым жалбарынушы тіл, көңілдеріміздің əрдайым Сенен қорыққан көңіл болғанын тілейміз. Көкірек көзімізді ашып, тілімізді туралыққа байла. Бізді Сенің бақшаңның көгершіні ет жəне бізге Сені түсіндіру жолында бітпейтін дем, таусылмайтын дауыс бер!

Уа, Раббымыз! Біз Сені түсіндірмейтін тілден, Сені шырқамайтын əуеннен Саған сыйынамыз. Тілімізді əрдайым Сенің ризалығың жолында қолдануды бізге нəсіп ет! Жалған сөйлеуден, жалған куəгерліктен, өсектен, ғайбаттан жəне тілдің апаты болып саналатын əр түрлі күнəлардан бізді аулақ ет! Бізге тілімізді, көңілімізді тазартып, жамандықтардан сақтайтын күш бер жəне бізді жұмағыңмен қуант!

Уа, Ұлы Раббымыз! Пəни өмірімізді Сен туралы сұхбаттармен өлімсіздендір! Сен туралы айтылмайтын, бос сөздер айтылатын сұхбаттардан аулақ ет! Жүрегімізге мүминдерге деген өшпенділік, жамандық сияқты жаман сезімдерді салма! Бауырымызбен арамыздағы бауырластығымызды, сүйіспеншілігімізді арттыр! Бізді бір-бірімізге адал ет жəне бізді ғайбат секілді екі жүзді күнəдан сақта!

Уа, шексіз рақымдылықтың иесі Сұлтанымыз! Аяғымыз тайып, тіліміз күнə сөйлесе бізді де, ғайбатталған адамды да кешіргейсің! Бізді ғайбат шұңқырына қайта түсуден сақта жəне бəрімізді аузына ие болып құтқарылған адамдардан еткейсің! (Əумин)».

материал «Ғайбат» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: