19
Жұма,
Сәуір

һижри

Еуропа мен Ислам әлемінің алтын көпіріне айналған мұсылман ғалымы

Еуропа мен Ислам әлемінің алтын көпіріне айналған мұсылман ғалымы

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз (с.а.у.) заманында ақиқатты ақылымен ұққан кейбір яһудилердің Ислам дінін қабылдағанын білеміз. Ал кейінгі еврейлер мұсылмандармен бітіспес жауға айналды. Десек те, олардың арасында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұхаммед Асад секілді Ислам дінін қабылдап қана қоймай, оның мәртебесін әлемде биікке көтерген еврей-мұсылмандар да аз емес.

Мұхаммед Асад – қызметтік мансабын журналистикадан бастап, жазушы, дипломат, саясаткер, реформатор, БҰҰ-дағы Пәкістан елшілігімен жалғастырған “Меккеге жол” кітабының авторы әрі Құранды ағылшын тіліне аударған мұсылман ғалымы. Мұхаммед Асад Исламды сөзбен қабылдай салған жоқ, өмір салтына айналдырды. Оны кей мұсылмандардың мұсылман бола тұра Ислам шарттарын орындамайтыны таңғалдыратын. Асад Ислам діні туралы: “Ислам мен үшін архитектура өнерінің ғажап бір туындысы секілді. Оның барлық негіздері керемет үйлесімділікпен орналасқаны сондай, бірін-бірі толықтырып отырады, кемшілік таппайсың”, - дейді.

Мұхаммед Асад ғұмырбойы либералды демократия мен ислам негіздерінің түбі бір екенін дәлелдеумен келді. Бірде оның баласы Талалдан журналистер: «Сіздің әкеңіз Пәкістанда мұсылман мемлекетін құруды қатты қолдады, ал Палестинада еврей мемлекетін құруға қарсы болды. Мұны қалай түсінуге болады?» – деп сұрағанда, ол: «Мұнда қарама-қарсы ештеңе жоқ. Рас, әкем Пәкістанда кез-келген адамға ашық, ислам негіздеріне құрылған мұсылман мемлекетін құруды қалады. Ал Палестинаны әкем жергілікті арабтардың жері санайды. Сондықтан ол мемлекеттің құрылуына қарсы болды», – деп жауап берді.

Мұхаммед Асад Исламдағы фундаментализмнің өсуіне қатты алаңдап: «Мұсылмандар ұзақ уақыт бойы төмендетіліп келді. Енді олар өздерін өзгеше көрсетуге тырысуда. Мұсылмандардың проблемасы маған енді түсінікті болды. Оларға Ислам, Исламмен өмір сүру жетпей жүр», – дейді. Ол өзі таныған Исламнан қазіргі мұсылман мемлекеттерінің алыс екенін түсініп, жаңа демократиялы мемлекет құрғысы келді. Тіпті әйел құқығын жақтап, Мұхаммед Асад: «Көптеген адамдар әйелдің бетін паранжамен жабуды Ислам деп түсінеді. Бірақ ол олай емес. Пайғамбарымыздың кезінде Мұхаммедтің (с.а.с.) әйелдері ғана беттерін жапқан. Осыған қарап, бүкіл мұсылман әйелдері бетін жабу керек деген сөз қате болар еді. Қасиетті кітап та, сүннет те әйелдерге мұндай міндет жүктемейді», – деді.

Өзі таныған Исламды Еуропаға, әлемге танытуға барын салған Мұхаммед Асад 1992 жылы, 92 жасында дүниеден озды. Сүйегі Марбелдегі шағын мұсылман қабірінде жатыр. Оның өлімі туралы некрологтар әлемнің көптеген газеттерінде жарияланды, оның жаназасына талай ислам ғалымдары қатысты.  

Жұрт оны Исламға бар жан-тәнімен берілген әрі сол жолда толассыз еңбек еткен жан ретінде есте сақтап қалды. 2008 жылы БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінің алдындағы алаңға «Muhammad Asad Platz» атауы берілді. Оның ашылуына Вена мэрі мен Пәкістан, Сауд Арабия елшілері қатысты. Бұл – мұсылманның атына берілген Батыс Еуропадағы тұңғыш алаң. Бүгінде туған жері Украинаның Львов қаласында 2015 жылдың 5 маусымында ашылған Ислам орталығы бар.

Мұхаммед Асадты көптеген ғалымдар Еуропадан шыққан, ХХ ғасырдың ұлы мұсылман ойшылы санайды. Ол – Еуропа мен Ислам әлемінің алтын көпірі. Мұсылмандар Асадты Еуропаның өздеріне жасаған сыйлығы деп қабылдаса, еуропалықтар үшін оның еңбектері мұсылмандарды тану жолындағы қайнар көзге айналды.

Ал маған Мұхаммед Асад әлемге, әсіресе Батыс Еуропаға Исламның нағыз бет-бейнесін көрсетуге Алланың арнайы жіберген адамы секілді көрінеді де тұрады...

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: