Кейде жастардың ажырасуына құдалар арасындағы келіспеушілік те себеп болады. Құдалық қатынасқа қатты мəн беретін біздің қазақта мұндай жағдайлар көптеп кездеседі.
Ең бастысы екі жас тату. Ал бұл кісілерге не жетпейді десеңіз, бірі құдасының мансабын менсінбесе, енді бірі кедей деп қор санайды екен. Мақсаттары балаларын бақытты ету емес, қолдарын ұзату ма дерсіз. «Дүние шіркін көңіліңнің қай тесігін бүтіндейді» демейді. Ең аяғы тойда киген киіттерін місе тұтпай, «жарымаған жер екен» деп əңгімелейді. Пайғамбар салған соқпақты өмірлерінің жолы еткен атам қазақ, «теңі келсе тегін бер» демейтін бе еді? Бірақ ата дəстүрінен қол үзіп, барлық жетістігіміз дүниемен өлшеніп, дүниемен пішілген мына заманда, тегін беру былай тұрсын, сол дүние үшін жастарды ажыратуға дейін барып жатамыз. Көйлек-көншектің өкпесінен гөрі балалардың бақыты қымбат екенін қаперімізге алмаймыз. Рас, құда күту, киіт қою, жасау беру бұрыннан келе жатқан салт-дəстүріміз. Бірақ, қазіргі таңда олардың əу бастағы мəн-мағынасы, тəрбиелік мəні ұмытылып, бақай есепке негізделіп бара жатқаны ащы шындық.
Осының салдарынан қызын ұзатқан жақ «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды, саған тегін берер жолда жатқан қызым жоқ» деп долданса, жігіт жағы да «тəйірі, қатын жолда, бала белде деген, сондай бір шүйкебас табылмас дейсің бе» деп, шекеміз шылқып отырғандай шалқаятынымыз қанда бар қасиет. Ақырында өрімдей жап-жас келіншек жесір атанса, нағыз орда бұзар шағындағы жігіт оппаға түскен арқардай мəңгіріп басы ауған жақтан жөн табады.
материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,
ummet.kz