30
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кенесары ханның діни білімі болды ма?

Кенесары ханның діни білімі болды ма?

Ислам тарихы

Кенесары ханның зауаты болғанын оның ел ішіне енгіздірген шариғат заңдарынан да білуге болады. Хан өзге мұсылман елдеріндегідей мал шаруашылығымен айналысатын аудандардан «зекет», ал егіншілерден «ұшыр» салығын алып отырған екен.

Тарихшылар оның зекет жинағанда белгілі бір заңдылыққа бағынғанын, яғни «40 басқа дейінгі малдан салық мүлде алынбады, 40 бастан 100 басқа дейінгі малдан 1 бас алғанын» келтіреді. Міне, осының өзі ханның кейбір фиқһ мәселелерінен де хабардар болғанын аңғартады.

Сонымен қатар, соңғы кездері Хан Кене тақырыбында қалам тербеп жүрген белгілі дінтанушы Мұхан Исахан өз зерттеуінде: «2000-шы жылдардың басында Кентау қаласының іргесіндегі көне Қарнақ медресесіне соғып, оқу орнының өткен тарихымен танысудың сәті түсті. Медресенің мұрағатынан осында оқыған шәкірттердің тізімі табылыпты. Тізімге қарап отырсам қазақтың бірқатар билеушілері осында білім алған екен. Ішінде Кенесары ханның аты да ұшырасты. Демек, Хан Кененің өзі де құр жайдақ емес, белгілі бір деңгейде діни сауаты болған. Оның мемлекеттік басқаруда шариғат заңдарын басшылыққа алуына, осы діни білімі әсер етке керек», – деген дерек келтіреді. Ал ханның баласы Ахмет сұлтан Кенесарыұлының естелігінде: «1844 жылы Сібір жақтан шыққан отряд Кенесары жоқ кезде Жезді мен Ұлытау маңындағы Ақши деген жерде қыстап отырған ауылын шауып, Күнімжан деген бәйбішесін ұстап алып кетті. Кенесары естіген бойда өз әскерімен отрядты қуғынмен кездестіре алмады, отряд басқа жолмен кеткен еді. Кенесары Құдайдың салғанына көніп, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһү ғаләйһиссәлламның «Сабыр еткен жетер мұратқа» деген сөзін еске алып, сабырмен істің аяғын күтті. Кенесары хан қаза болғаннан кейін оның екі әйелінен сегіз ұл қалды. Кенесары ханның балалары Түркістан хәкіміне қарап, қоңыраттардың арасында тұрып жатты. Балиғылыққа жеткенге дейін ауылдарында молда жалдап сабақ оқыды. Сонымен қатар, атқа міну, мылтық ату әдістерін үйренді», – деп жазды. Балаларының өзі діни білім алғанда, Кенесары хан оқымады деуіміз шындыққа жанаспаса керек.

Рас, Кенесары хан өлімі – қапыда кеткен өкінішті өлім. Арада ғасыр өтсе де қырғызды көрген жерде қазақ соңғы ханының басын сұрайды, оны әлі күнге дейін жоқтайды. «Рақымды бір ғана Алладан күту керек, ал орыс басшыларынан оны күтудің қажеті жоқ» деген Кенесары арманы болған тәуелсіздік – бүгінгі қазақтың бақыты. Тек сол қазақ ханының арманы баянды болғай!

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: