28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Жомарттықтың үш дәрежесі

Жомарттықтың үш дәрежесі

Ислам тарихы

Ислам ғұламалары жомарттықты бірнеше сатыларға бөледі:

Сахауат. Мал-мүлкіңіздің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған. Бұған зекет беру кіреді.

Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Көбінесе хазірет Әбу Бәкірдің ислам жолында жиһад үшін жасаған жомарттығына келеді. Әділдіктің символы – Омар (р.а.) оның бұл жомарттығын былайша баяндайды: «Исламның кең таралуы үшін Расулалла бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен «Әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба» дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Пайғамбарымызға әкеліп табыс еттім. Ол: «Әй, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деп сұрады. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым»,– дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол дүние-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулалла (с.ғ.с.) одан, «Ей, Әбу Бәкір, отбасыңа сен не қалдырдың?», – дегенде оның жауабы мынау болды: «Оларға Алла пен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым». Мұны естіген мен «бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан да оза алмаспын» деп түйдім.

Исар. Өзіне қажет бола тұра, өзгелер үшін беру арқылы жасалған жомарттық . Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен барабар. Бұған мысал ретінде алтын ғасырдағы мәдиналық мұсылмандардың (ансар) меккелік мухажирлерді қалаларына шақырып, барлық мүлкін теңдей бөліп, Алланың разылығын иеленгендігін келтіруге болады.

Құранда: «Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді» делінеді. Міне, жомарттықтың ең биік шыңы – осы.

Бір күні бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с)! Менің қарным аш», – дейді. Сонда Расулалла (с.ғ.с) әйелдерінің біріне хабар беріп, жейтін тамақ жіберулерін сұрайды. Бірақ оған үйде судан басқа ештеңе жоқ деген хабар жетеді. Осы кезде Алла Елшісі (с.ғ.с)  сахабаларға қарап: «Кім бүгін түнде бір кісіні қонақ етуді қалайды?» – деп сұрайды. Ансарлық бір кісі: «Мен қонақ етейін», – деп, кедей кісіні үйіне алып барады. Үйге барған соң әйелінен: «Жейтін нәрсе бар ма?» – деп сұрайды.

– Жоқ, тек балалардың ғана тамағы бар.

– Олай болса, балаларға қарайлап тұр. Дастарқан басына келсе, оларды ұйықтат. Ал қонақ ішке кірген соң шамды сөндір. Біз болсақ, тамақ жеп жатқандай сыңай танытамыз.

Сөйтіп, олар дастарқан басына отырды. Қонақ кісі қарнын тойдырып, ал үй иелері ашқұрсақ күйде  таңды атырды. Таңертең сол сахаба пайғамбардың (с.ғ.с) қасына келді. Оны көрген Алла Елшісі (с.ғ.с): «Алла Тағала бүгін түнде қонаққа жасаған пейілдеріңіз үшін дән риза болды», – дейді.

Мінекей, біз бұл оқиғадан асқан қонақжайлылықты, балалары аш бола тұра, қонақтың хақысын берген сахабаның сауап алудағы ықыласын байқаймыз.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz



Бөлісу: