28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Адам – жер бетінің Халифасы

Адам – жер бетінің Халифасы

Ислам тарихы

Жаратушы Алла адам баласын жер бетінде қор болу үшін жаратпаған. Керісінше, оны ардақтап, оған «Жер бетіндегі халифа» деген ат қойып, үлкен миссия жүктеген. Бойына ізгіліктің дәнін егіп, асыл қасиеттердің, түрлі қабылеттердің иесі етіп қойды. қай қырынан алып қарасақ та адам баласы басқа жан иелерінен ардақты келеді.

Тіпті Хақ Тағала періштелердің білмегенін үйретіп, оларды адамға сәжде еттірді. Демек, осынау миссиясын түсініп, өзінің адам атына лайық өмір сүрген пенде, періштелерден де артық болады деген сөз. Бұл ақиқатты пікірі матасқан, ойы шатасқан адам немесе жарық күннен қашқан жарқанат секілді Құран нұрынан жалтарған жұмыр басты ғана жасырады. Алла Тағала былай дейді: «Сөйтіп періштелерге (Адамның ілімін, артық жаратылысын, және Алланың жер бетіндегі өкілі болуға әбден лайық екенін мойындап): «Адамға сәжде етіңдер!», - деп бұйырдық. Олар сол мезетте теріс сәжде етті» («Бақара» сүресі, 34-аят). Тағы бір аятта адамның кемел жаратылысы былай деп сипатталған: «Шүбәсіз, біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят).

Қадір Мырза Әли:

Адам боп оңай туғанмен,

Адам боп қалу көп қиын, - деп жырлаған.

Бұл өмірде адам деген атымызға дақ түспес үшін, ешкімнің қолындағысын аңдымай өз маңдай терімізбен дүние табу аса маңызды. Өмір туралы толғауында Жәнібек Кәрменов: «Адам боп келдім өмірге, Адам боп өту – тілегім, Бәріңе соңы тіледім!» – дейді. Қазақтың ақын-жыраулары, әулие-ғалымдары адамдықты бұзбаудың түрлі жолдарын кестелі оймен жеткізіп кеткен. Мәшһүр Жүсіп бабамыз бір сөзінде былай дейді: «Ақылды, ғылымды Алла Тағала адамзатқа қиған, басқа мақлұқатқа қимаған. Ақылдың қаралдысы жалғыз тарыдай болады, бұл бір тары ең азы. Бір пұт ақылы бар жан болады. Онан да көп болса бола береді. Бір тарыдай ғана ақыл біреуде бола қалса – ол ақыл иесін қорлыққа бермей, таза сақтауға жарайды. Біреуге біреу ұрысқанда «Осы шіркіннің өзінің тарыдай ақылы жоқ» деп ұрысады. Малайлықта, жұмыста жүргендердің көбі тарыдай ақылы жоқтықтан. Тарыдай ақылы болса есебін тауып, малайлықтан, лас жұмыстан кетіп, басқа бір кәсіпке кірісіп кетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бала-шағасын адал еңбекпен асырауға тырысып жүрген жаң Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес», - дейді. Қазақта «Еңбек етпей елге өкпелеме, Егін екпей жерге өкпелеме» деген залық даналығы бар. Дінімізде де, дүниетанымымызда да еңбектің орны ерекше. Адал еңбегімен кәсіп қылып, отбасын, елді асыраған еңбек адамдары қашан да ерекше құрметке ие.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: