30
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

«Мына екі көз ақыретте тозаққа күймейді»

«Мына екі көз ақыретте тозаққа күймейді»

Ислам тарихы

Пенденің кіндік қаны тамған, өскен жерін «Отан» деп атаймыз. Заңдық тұрғыдан алғанда өз алдына бекітілген шекарасы, ел басқарар патшасы, құқықтық заңдары, тілі, діні, салт-дәстүрі бар тәуелсіз мемлекетті «Отан» десек, сол қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан халыққа «отандас», «жерлес» деп атаймыз. Сол үшін адам туған жерін, Отанын қастерлеп, қадірлейді.

Әр адамның өз отаны болғандай, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де отаны – Мекке қаласы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетіндегі ең қасиетті мекен Мекке қаласында жарық дүниеге келді. Балалық шағы Меккенің топырағында өтті. Ғаламның Раббысы Алладан пайғамбарлық жауапкершілігі жүктелген күннен бастап, ол кісіге дұшпандықтың қатары артты. Яғни, екі дүние сардары Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, исламның ертеңі үшін Мәдинаға қоныс аудармаққа шешті. Мекке шаһарынан қасиетті Мәдинаға қоныс аударуға шыққан кезінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап:

– Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген екен.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін айтқаны бар. Ардақты сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген. Және бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» (Тирмизи, Фадаилул-Жихад,12).

Отанның іргесі мықты болу үшін оның ішкі бірлігі берік болу керек. Отанды шын сүйген адам бүлікке емес, әуелі бірлікке қадам басады. Бірлікті қалаған адам «жихад» деп соңына жетелеген жалаң ұрандардан сақтанады. Отанын сүйген адам еліне қызмет етуді қасиетті борыш санайды.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», «Елінен безген ер болмас, көлінен безген қаз болмас», - деп бабаларымыз отаннан асқан ыстық жер жоқ екенін аманаттап кетті. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Еліміз біз үшін өте қымбат. Алауыздыққа жол бермей, отанның тыныштығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: