28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ұрланған шырағдан

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ұрланған шырағдан

Ислам тарихы

1989 жылы Қожа Ахмет Ясауи кешені “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне айналды. Бұл игі істе де Өзбекәлі Жәнібековтің үлесі бар. Бүгінде музей-қорық құрамында Кесене, Қылует, Жерасты мешіті, Медресе, Шығыс моншасы, ортағасырлық Сауран қаласы, Күлтөбе, Хан ордасы, Рәбия Cұлтан бегім кесенесі секілді тарихы ерекше 137 ескерткіш бар. Ал музей қызметкерлері қорда 21 мыңнан астам жәдігердің барын айтады. Осының өзі көңіл қуантарлық болғанымен кесенедегі талай дүниенің қолды болып кеткені өкінішті.

Ұрланған жәдігерлерді шығыстанушы Әшірбек Мүминов бастаған топ «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты кітап-альбомның екінші басылымына енгізді. Ол туралы ғалымның өзі: «1905 жылы кесенеден ұрланған шырағдан Франциядан, Луврдан бір-ақ шығыпты, 1915 жылы бір адам музейге сыйға тартқан көрінеді. Лувр музейінің басшылығына үлкен рақмет, бізге шырағдан туралы толық мәлімет беріп қана қоймай, шырағданның суретін жариялауға да рұқсат берді. Кесенеден ұрланған жәдігерлердің екінші бір тобы Санкт-Петербургте, Эрмитажда, шырағдандардың үшеуі, жазуы бар есіктің тұтқасы да сонда. Әріптестеріміз академик М.Б.Пиотровский, профессор Е.А.Резвандардың рұқсатымен жәдігерлердің көшірмесін алдық. Кесенеге қатысты үшінші деректер тобын өзіміздің Алматыдағы Ұлттық кітапханадан таптық. Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында 50-ден астам Құран бар екен. Құранның үшеуін 1935 жылы Ясауи кесенесінен алып келінгені туралы қолжазбаның өзінде және кітапхана құжаттарында жазылған екен. Бұған осы уақытқа дейін ешкім мән бермеген, зерттелмей қалып қойған. Бұл үш Құранның біреуі куфи жазуымен жазылған. Ал куфи жазуы ХIV ғасырға дейін ғана пайдаланылған, яғни бұл
 – шамамен ХІІ ғасырда көшірілген көне Құран. Екі Құран да құнды жәдігерлер қатарына жатады. Кейін көшірілгенімен, әр жолдың астына парсыша аудармасы берілген», - дейді.

Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, насихаттау жұмыстарының басында жүрген ясауитанушылар, музей қызметкерлері түрлі конференциялар мен байқаулардың өтуіне себепші болып жүр. Жылда Түркістанда күрестен «Тайқазан» атты турнир өтеді екен. Әрі кесененің кіреберіс тұсында «хикметтер аллеясы» ашылып, 13 гранит тақтаға Қожа Ахмет Ясауидің 52 хикметі қашалып жазылыпты. Ясауи мұрасын тануға да ден қойылып, ғалымдар хикметтерін жан-жақты зерттеп жатыр. Мұның барлығы көңіл қуантады.

Ясауи қорық-музейін аралап жүріп, осының барлығын ой елегінен өткіздім. Әрі осыдан дәл 100 жыл уақыт бұрын бұл жерді зиярат еткен Міржақып Дулатовтың кесенені толық аралай алмай: “Қожа Ахмет Ясауидің бірнеше бөлмелері бұзылып, құлағалы тұр деп қауіп айтып, үкімет осы күні жауып қойыпты. Абылай хан жатқан бөлме,
ақ сарай деген бөлме, зияратхана һәм мешіттің құдығы – бәрі де жабулы. Енді біраз жылдарда бес-алты жүз жыл өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи мешітінің орнында үйіліп бір оба томпайып қалуы ғажап емес» деп көкірегі қарс айырылғаны есіме түсіп, Алаш арысы елестете де алмаған кесененің бүгінгі жай-күйі үшін Аллаға шүкіршілік айттым.

Белгілі шығыстанушы академик Михаил Массон: «Бұл кесенеге Орта Азияда қай жағынан болсын тең келетін құрылыс жоқ. Ол – қайталанбас бітімді дара ғимарат» деп баға берсе, біз үшін бұл жәй ғана сәулет өнерінің ғажап туындысы емес, Ислам дінінің қазақ топырағына қаншалықты берік бекігенінің, тамыр жайғанының көрінісі. Бұл қазаққа сонысымен де ыстық, сонысымен де қадірлі. 

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: