29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Жеке адамдарға үйренуі парыз болған ғылым

Жеке адамдарға үйренуі парыз болған ғылым

Ислам тарихы

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ғылымды талап қылу әрбір мұсылманға парыз», – деп айтты. Сондай-ақ «Ғылымды қытайдан болса да талап ет», – деп ғылым іздеуге жігерлендірген.

Ғұламалар күллі мұсылманға парыз болған ғылым жайында айтып таласқандары соншама шамамен жиырма топқа бөлінді. Бұлардың әрбірінің пікірін ашықтап жатпаймыз, бірақ негізгі ерекшеліктерін айтуды жөн көріп отырмыз. Әрбір топ өздерінің ұстанған бағытына байланысты ғылымды күллі мұсылманның білуі парыз деп уәж айтты.

Мысалы, мутакаллимдер кәлам ғылымын айтты. Кәлам ғылымы арқылы кемшіліктен пәк Алланың сипатын біліп, Оның бірлігін таниды деді. Ислам құқықтанушылары фиқһ (құқық) ғылымын айтты. Бұл ғылым арқылы құлшылық қылуды, халал мен харамды таниды және шариғат рұқсат беретін адамдармен қарым-қатынас жасау жолдарын біледі деді.

Ал енді муфассирлер (Құранды түсіндірушілер) мен мухаддисшілер (хадис ғылымын зерттеушілер) болса, барлық мұсылманның білуі парыз айын болған ғылым – Құран мен Хадис ғылымдары деп айтты. Себебі, осы ғылымның екі қайнар көздері арқылы бүкіл ғылымға есік ашылады деп ойларын топшылады.

Сопылар өз кезегінде мұсылман атауына парыз

болған ғылым осы ғылым деді. Бұлардың кейбірі: пенде Жоғары мәртебелі Алланың қасындағы өзінің жағдайы мен мақамын танытатын ғылым деп айтса енді басқалары: ықылас арқылы нәпсіні тәрбиелеп Алланың жіберген нәрсесінен әзәзілдің берген нәрсесін ажыратып танытатын білім деді.

Кейбір ғалымдар: ол батыни (ішкі) ғылым. Мұны барлық адамның алатын қасиеті жоқ. Онымен тек арнайы кісілер ғана шұғылданады деп айтып, осыдан бастап жалпы, бұқара (аммун) деген ұғым пайда болды.

Әбу Талиб әл-Мәкки бұл жайында: «Барлық мұсылманның білуі парыз болған ғылым – исламның бес үстіні айтылған хадистегі ғылым»,– деп Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Ислам бес үстінге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі деп куәлік беру; намаз оқу; зекет беру; қажылық өтеу және рамазан айында ораза ұстау», – деп айтқан хадисін келтіреді (Бұхари, Мүслим).

Себебі исламның бұл бес үстіні – уәжіб. Сондықтан оларды орындау тәртіптері мен амалдарын кез келген мұсылманның білуі міндет. Кітаптың кіріспесінде баяндағанымыздай, ғылым екіге бөлінеді: амал-әрекет ғылымы мен зерттеу ғылымы. Мұнда айтылып отырған ғылым амал-әрекет ғылымы. Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс пендеге орындауы үшін жүктелген амал-әрекеттің үш түрі бар: сенім, амал ету және орындамау.

Егер ақыл-есі дұрыс пенде балиғат жасына жеткен болса, мысалы, ұйқыда жатып шауһат суы келу нәтижесінде жүніб болса немесе жасы толса, онда оған сол сәттен бастап уәжіб болатын нәрсе әуелі – куәлік сөзін айту. Куәлік сөзі – «Алладан басқа Құдай жоқ және Мұхаммед Оның елшісі».

Ол адам үшін айтылған кәлиманың мән-мазмұнын зерттеп, ой-жүгіртіп ізденуі міндетті емес керісінше, дауыстап айтып, күмәнға тап болмай, көңілімен растаса жетіп жатыр. Кәлиманы білетін адамның артынан қайталап айтса да дұрыс саналады. Бұған келесі хадис дәлел болмақ, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алланың елшісі естіген кәлимасын қайталап, оны растаған дөрекі, сауаты жоқ арабтың куәлік сөзін дәлел келтірмеген күнде де дұрыс санайды», – деп айтқан (Мүслим).

Осы кәлиманы келтірген уақытта мұсылман өзіне айтуы парыз айын болған міндетінен құтылған саналады. Егер осы заматта бақилық болса, онда Алланың алдына Оның әмірін орындап бойсұнушы ретінде барады. Енді кім балиғат жасына жетіп, кәлиманы айтқаннан кейін түс мезгіліне шейін өмір сүрген болса, ол адамға түс мезгілінің кіруімен дәрет алу тағылымы мен намаз тағылымы парыз болмақ. Түс мезгілімен бірге түскі намазын оқу міндеті де жүктеледі. Қалған намаздар да осындай реттілікпен жалғасып отырады.

Сол сияқты, ол адам Рамазан айына дейін өмір сүрсе, онда ораза айының келуімен ораза ұстау ережелерін де білу міндеті жүктеледі. Себебі рамазан айының шарты бойынша ораза ұстауға ниет қылады, кейін таң атқаннан күн батқанға шейін ішпейді, жемейді және төсек қатынасына бармайды. Осылайша келесі айдың (жаңа айдың) туылған мезгіліне шейін созылады.

Егер қолында малы бар болып, оның нисабы (көрсеткіш саны) зекет беретін мөлшерге жететін болса, онда зекет ғылымын үйренуі – парыз. Алайда, ислам зекет беру үшін белгілеген талаптардың барлығы орындалған уақытта ғана оның зекет білімін үйренуі парыздық күшіне енеді. Ол үшін мұсылман болған (кәлима айтқан) күннен бастап бір жыл мерзім өтуі қажет.

Зекет парыз болған кісінің тек түйе малы болса, онда зекет ғылымының ішіндегі тек түйеге қатысты ғылымын білуі парыз. Сол сияқты басқа да малдардың түріне қатысты білуі парыз болған ғылымның түрі де ауысып отырады. Мұсылман қажылық айларына кірген уақытта қажылық амалын үйренуі міндетті. Ғұламалардың айтуынша, артық дүниесі мен қажылыққа беретін көлігі бар адам үшін қажылық – парыз. Сондықтан қажылық амалы тез арада орындалатын парыздардың қатарына жатпайды. Оның орындалу рәсімдерін байыппен үйренуге көңіл бөлу лазым. Дегенмен, қажылыққа бару бірінші мәрте парыз болған мұсылман үшін қажылықтың нәфіл (қосымша сауап үшін) емес, тек парыз бен уәжіп амалдарын үйренуі міндетті. Нәфіл амалдарды негізгі парызын орындаған соң барып үйренеді.

Егер қажылықтың нәфілдерін үйренетін болса, демек оның нәфілді үйренген білімі де парыз айын емес, нәфіл есептеледі. Сол сияқты орындалуы парыз айын болған амалдардың білімі де парыз айын болып жалғаса бермек.

материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: