15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Ақшаға деген көзқарасың қандай?

Ақшаға деген көзқарасың қандай?

Ислам тарихы

Ақша адамның болмысын көрсетеді. Ал көп ақша адамның болмысын көбірек көрсетеді. Ақшасы көбейген танысыңыз күрт өзгерсе, «оны ақша бұзды» демеңіз, ақша тек оған ішкі болмысын көрсетуге мүмкіндік берді. Тәкаппар адамның қалтасы жұқа кезде өзін қарапайым ұстауы заңды. Оған кеуде көтеру жараспайды. Оны өзі де біліп тұр. Себебі тіреп тұрған ештеңесі жоқ. Ал енді қолына байлық бітсе, ол ойындағысын істеуге кіріседі. Оның шынайы табиғаты көріне бастайды. Өзін басқалардан жоғары сезінуге енді негіз бар. Ол кедей кезінде де өзгелерді өзінен төмен санағысы келген. Қазір ақшасының көбейгені соған есік ашып тұр.

Ақшасын шаша бергісі келетін шопоголик табысы артқан кезде қымбатырақ заттарды сатып ала бастайды. Ол ақшасы аз кезде «осыдан табысым артсыншы, тапқаным өзіме жете бастайды» деп ойлауы мүмкін. Бірақ әсте олай емес. Болмысы тұтынушы адам ақшасы көбейгенде көп көлемде шоппинг жасай бастайды. Шопоголик – ақшасынан тезірек құтылғысы келетін адам. Оған Apple Pay, Google Pay, Kaspi Pay т.б. ақшадан тезірек құтылуға көмектесетін жаңа технологияларды қосыңыз.

«Ақшадан тезірек құтылғысы келеді» дегеннен шығады. Кейбір адамдар бар. «$1 миллион берсе, не істейсіз?» деп сұраса, «өзіме қажет заттарды сатып алам да, қалған көп бөлігін садақаға жұмсаймын» дейді.

Бір қарағанда ниеті жақсы сияқты. Садақа сияқты ізгі істі ойлап тұр. Бірақ негізі ол ақшасынан тезірек құтылғысы келіп тұр. Не үшін? Себебі ол ақшаны басқару, сақтау, көбейту жауапкершілігін алғысы келмейді. Сол ақшаны бірден жұмсай салмай, дұрыс басқарса, көбейтсе, өзіне де, өзгеге де көбірек пайда тигізер еді ғой.

Қаржылық тәуелсіздікке ұмтылған адам керісінше ақшасын өзінен әрірек жерге сақтап қойып, ұмытуды үйренуі керек. Яғни, ақшадан құтылуға мүмкіндік бермейтін тетіктерді жасап алуы керек. Мысалы, брокерлік шот ашып, айлық табысының бір бөлігін сол жаққа лақтырып отырса болады. Қолында өзіне қажет мөлшерде ғана ақша қалдырып отырсын.

Брокерлік шотқа ақша салып, оңтайлы сәтте сенімді үлкен компанияның акцияларын сатып ап, оны кемінде 5 жылға ұмыт. Акция – ұзақ мерзімде ақшаңды инфляциядан қорғайтын ең тиімді құрал. Оны сатып ап, қайта сатып, индекстерді аңдып отырудың қажеті жоқ. Кемінде 5 жылға ұмыт. Бұл саған ақшаны көтеріп алатын ойын автоматы емес қой. Көбі инвестицияны солай көретін сияқты. Бұл ақшаңды сақтап, өзіңнен әрірек жерге қойып қоюдың жолы ғана. Қолыңда тұрмаған соң, ақшаң өзің күтпеген жаққа жұмсалып кетпейді, біреу кеп қарыз сұраса да, «кешір, дәл қазір қолымда жоқ еді» деп еркін айта аласың.

Қарыз – шыдамсыздықтың ақша түріндегі көрінісі. Шыдамсыз адам күткісі келмейді. Сол үшін қарыз алып, дегеніне тезірек жеткісі келеді. Сөйтіп қарызға батады. Яғни, оның қаржылық проблемаға тап болуына оның сандарды есептей алмауы емес, шыдамсыз болмысы себеп боп тұр.

Ал үнемдеу – керісінше, төзімнің ақша түріндегі көрінісі. Сен қаншалықты төзімді болсаң, соншалықты үнемдей аласың. Айфонды кредитке алғанша мүмкін біраз шыдап, ақша жинап аларсың? Өмірде бір нәрсеге жеткісі келетін адам төзімді болуы керек екенін білесің. Төзімді адам – ләззатын кешіктіре білетін адам. «Қазір еңбектенейін, жемісін кешірек көруге дайынмын» дейді.

Қанша табатынын, қай затқа қанша жұмсағанын жалпыға жариялап жүретіндер бар. Бірақ «ақша тыныштықты сүйеді» («деньги любят тишину») деген қағида бар. Яғни, табысың жайлы айта берме деген сөз. Отыз екі тісің ұстай алмаған сандарды уысыңда ұстай аламын деп ойлайсың ба?

Бізде «көрсетіп тұтыну» («демонстративное потребление») кең тараған. Қымбат көлік, қымбат киім, қымбат үй алып, соны жұртқа көрсетеді. Өкініштісі, біз сондай адамдарды бай деп қабылдаймыз. Инстаграм иллюзиясы тағы бар. Бірақ әсте олай емес.

Шынайы байлар ақша тыныштықты сүйетінін біледі. Сол үшін қарапайым киінеді, көлігі, үйі – бәрі қарапайым. Салығы аз жерлерде тұруға тырысады. Көзге түсе бермейді. 4 атадан бері миллиардер әулеттер бар әлемде.

Бәріміз білетін ұлт өкілдері. Сүлеймен, Дәуіт, Жүсіп пайғамбарлардың қаржы мәселесіндегі сүннеттерін берік ұстанып келе жатқандар ғой.

Олардың бай болуы да заңды. Бізге шынайы байдың образын насихаттау маңызды деп ойлаймын. Ал шынайы бай адам – ақшасынан тезірек құтылуды ойлайтын тұтынушы емес, оны көбейтуді көздейтін инвестор, болмысы бай адам. Ол – нәпсісін басқара алатын төзімді адам. Түптеп келгенде бәрі болмысыңмен жұмыс істеуге, оны қалыптастыруға кеп тіреледі.

Қаншама адаммен сөйлесіп, қаржылық проблемаларын көріп, мынаған көзім әбден жетті: қаржысын басқара алмаудың түбінде өзін басқара алмау жатыр!

Оларға «былай жина», «былай сақта», «анаған жұмсама», «мынадан үнемде» деп қанша жерден айтсаң да, оны істеп кетуі қиын. Оданша «асықпауды, ашуланбауды, ерінбеуді, тәртіпті болуды, көңілді боп жүруді, кішкентай жеңістеріңе қуануды үйрен» деген дұрысырақ. Білем, оңай емес. Бірақ бұны реттемесең, қаржылық жағдайың да реттелмейді.

Дардай жігіттің «шыдамай ақшамды жаратып қоямын» дегені «оразада шыдамай аузымды ашып жіберемін» дегенінен еш айырмашылығы жоқ. Әуелі, ол жігіт пе өзі?

материал «Қаржы қағидалары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: