28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

«Алланың берген нығметтерін бұл дүниеде тауысқым келмейді»

«Алланың берген нығметтерін бұл дүниеде тауысқым келмейді»

Ислам тарихы

Дүние тіршілігі өткінші, ақырет өмірінің хақ екені қасиетті Құранда былайша баян етіледі: «Дүние тіршілігі еш нәрсе емес (оның құны жоқ). Ойын-сауық қана. Әрине, ақырет тақуалар үшін абзалырақ. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» («Әнғам» сүресі, 32-аят).

Сахаба Абдулла ибн Омар (Алла разы болсын) айтады: «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) иығымнан ұстап тұрып: «Бұл дүниеде ғаріп адамдай немесе жат жерде жүрген жолаушы секілді бол!» – деп айтты» (Бухари). Расында, біз мекен еткен дүние – ақырет үшін әзірлік жасайтын сынақ алаңы. Дүниенің соңы бар, ал ақырет – мәңгілік. Сахабалардың өміріне қарасаңыз, олардың мына дүниенің алдамшы байлығына еш қызықпағандығын көресіз. Солардың бірі – хазіреті Омар (Алла разы болсын).

Бірде ұлы мен қызы хазіреті Омарға (Алла разы болсын): «Егер дәмді, қуаты мол тағамдармен қоректенсеңіз, қызметіңізді жақсы атқару үшін күш жинайсыз», – дегенде халифа Омар (Алла разы болсын) оларға:

– Әрине, сендер менің жағдайымды ойлайсыңдар. Бірақ мен екі досым – Алла елшісі (с.ғ.с) мен хазреті Әбу Бәкір (Алла разы болсын) осы жолды таңдағандарына куә болдым. Олардың жолынан айрылсам, олардың деңгейіне жете алмай, ақыретте бірге бола алмай қалудан қорқамын, – деп жауап берді. Тағы бірде хазіреті Омар (Алла разы болсын):

– Аллаға ант етейін! Біз бұл өмірдің ләззаттарына елікпейміз. Егер бір қозы сойылып, одан дәмді тағамдардың пісірілуін, жүзімнен сусындар дайындалып, дастарқаныма әкелінуін бұйырсам, әрине, ол орындалар еді. Бірақ біз мұндай ләззаттардың қарымын о дүниеге қалдырғымыз келеді. Өйткені Алла: «Сендер дүние тіршілігінде асарларыңды асап, жасарларыңды жасап, қызықтарыңды тауыстыңдар», – дейді («Ахқаф» сүресі, 20-аят). Мен Алланың берген нығметтерін бұл дүниеде тауысқым келмейді, – дейді.

Дүниеде ашық-жасырын істелген барлық ізгі амалдар мен күнә істер ақыретте анықталады. Жақсылық пен жамандық қиямет күні асқан мұқияттылықпен әділет таразысына тартылады. Сонда адам баласы дүниеде істегендерінің қайтарымын көреді. Адам баласы бұл дүниеде не еккен болса, ненің дәнін сепкен болса, ақыретте соны орады, соны жинайды. Алланың әділеттілігі орындалып, әркімге өз ақысы беріледі.

Ислам діні – адамзатты қос дүние бақытына жетелейтін иләһи жүйе. Алла Тағала Құранда былай бұйырады: «Алланың саған берген дәулетімен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс, дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77-аят).

Қысқаша түсіндірмесі: ақырет күніне иланған, сол күні барлық істері мен Алланың берген нығметтері үшін есеп беретінін түсінген адам бұ дүниеде жасаған әрбір амалы мен сөйлеген сөздеріне мұқият болады. Ондай адам бұл дүниедегі ризық-несібені адалынан теруге талпынады.

Қу дүниенің қамы деп ақыретті ұмытуға, «ақыретім» деп дүниеден баз кешуге болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дүние – ақыреттің егістігі», – деген. Қасиетті Құранда бұл жайт былай баяндалады: «Ол сондай Алла, сендер үшін жерді көнбіс қылып жаратты. Ендеше, оның айналасында жүріңдер. Сондай-ақ оның ризығынан жеңдер. Алайда қайтар орындарың Алланың құзыры» («Мүлік» сүресі, 15-аят).

материал «Уақыт және сен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: