29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Қоғам дерттері: Нашақорлық

Қоғам дерттері: Нашақорлық

Ислам тарихы

Қазіргі уақытта жеке адамға және бүтіндей қоғамға қатер тудырып отырған дертті мәселелердің бірі – зиянды әдеттерге тәуелділік. Оның салдары күнәлі істердің жасалуы, қылмыстың көбеюі, отбасында берекетсіздік, бірліктің ыдырауы сияқты мәселелерге әкеліп соғуда. Адам баласын құрдымға жіберетін үш апат (темекі тарту, ішімдік ішу, нашақорлыққа бой алдыру) бар десек,  бірі – нашақорлық һәм есірткіге әуестік.

Есірткі қолданатын адам Алла Тағаланың бұйрықтарына бағынбайды, орындауы керек парыздарды орындамайды, күнә істеуден қорықпайды. Мұның ақыры дінді сақтамауға, ақыреттегі нығметтерден мақұрым қалуға алып барады.

Сондай-ақ есірткі адамның санасын улап, денсаулығына зиян берумен қатар, өзіне тәуелді етіп, ақыры өлімге алып келеді.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Расында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?» – деп айтқан.

Есірткіге тәуелді адамды қоғамда «нашақор» деп атайды. Қазіргі заманда нашақорлықтың салдарынан ақыл-есі кем, мүгедек, аурушаң балалардың өмірге жиі келетіні бәрімізге белгілі.  Ал, тән – адам баласына берілген Алла Тағаланың аманаты. Аманатқа қиянат жасау мұсылман адамға тыйым салынады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари). Адам баласының өмірдегі негізгі мақсаты құлшылық дейтін болсақ, сол құлшылықты орындауы үшін де денсаулық қажет. Мысалы, ораза ұстау, қажылыққа бару сияқты ұлы ғибадаттарды атқаруы үшін адамның денсаулығы жарамды болуы керек. Сол себепті дініміз Ислам адамға өз денсаулығына мән беруді және оны күтуге көңіл бөлуді талап етеді.

Сондықтан да әрбір адам денсаулығы үшін Аллаға сансыз шүкір айтып, Аллаға құлшылық, адамдарға қызмет етуге талпынуы қажет. Жастық шақ және он екі мүше саулығы уақытша ғана берілген мүмкіншілік.        

Хәкім Абай: «Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес» деген. Алланың сыйға берген нығметтеріне залал келтіру, берілген өлшеулі ғұмыр мен зор байлық саналатын денсаулықты құрдымға жіберетін түрлі зиянды әдеттерден аулақ болу әрбір ақыл иесі үшін міндет болып табылады.  

Нашақорлық – бір әулетті ортасына түсіріп қана қоймайды, бұл елдің, қоғамның, әлемнің өзекті проблемасы. Есірткі жан азабы мен тән азабына, жамандыққа бастау болатындықтан Ислам оған тыйым салған. Есірткі – у. Шариғатымыз адамның өміріне, денсаулығына зиян тигізетін кез келген нәрседен аулақ болуға шақырады. Ал есірткі физикалық, психологиялық және қоғамдық зардаптарға душар етеді. Егер адамның өліміне себеп болған нәрсе темекі немесе сол сияқты зиянды, улы нәрселер болса, онда оның ақырғы дүниедегі жағдайы да жақсы емес екенін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте былай түсіндірген: «Кімде-кім өзін өткір затпен өлтірсе, қолындағы өткір зат тозақта мәңгіге қарнына қадалады. Кімде-кім өзін у ішіп өлтірсе, ол тозақта мәңгілік у жұтады. Кімде-кім өзін таудан тастап өлтірсе, тозақта мәңгі бақи құлайды.» (Әбу Һурайрадан. Имам Әл Бұхари). Егер есірткіні у десек, осы хадисте ескертілгендей, нашақорлқтың зардабынан қайтыс боғандардың да жағдайын елестетудің өзі қиын. Оның залалы туралы айтылып та, жазылып та жатыр.

Бір сәттік көңілді көтеру мақсатында «денсаулық үшін» деп ішімдік ішсек, ермек үшін темекі тартсақ, қызық үшін, уақытша мастық үшін есірткі қолдансақ, одан соң сол істеріміздің кесірінің бір қиындығы келіп қалса, оны өзімізден басқа ешкімнен көре алмаймыз. Өзімізді және ұрпағымызды өмірдің әртүрлі жағдайларна дайындау үшін денсаулығымызды сақтау үшін соған лайықты салауатты өмір салтын ұстануымыз керек.

Құранда тыйым салынған, хадистерде зұлымдығы ескертілген нәрселерлерден мұсылман баласы бойын аулақ ұстағаны бұл дүниенің ғана емес, о дүниесінің жарқын болуына себеп болары ақиқат.

Нұрлан Рамазанов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің бас имамы

Бөлісу: