18
Жұма,
Қазан

һижри

Иман азайса – күпірліктің артқаны, көбейсе – күпірліктің азайғаны

Иман азайса – күпірліктің артқаны, көбейсе – күпірліктің азайғаны

Ислам тарихы

Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Жалғыз тілмен ғана айту, иманның кәміл болуы үшін жеткіліксіз.

Егер тілмен айтудың бір өзі кәміл (толыққанды) иман болса, екі жүзділердің барлығы момын саналар еді. Сол сияқты Алланы ғана танып қою да иманның толыққанды кемеліне келуі үшін жеткіліксіз, өйткені, танып қана қою толыққанды иман болса, онда Кітап иелерінің (христиан мен ияхудилер) бәрі да момын саналар еді. Екіжүзділер жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сондай-ақ Алла Тағала расында екі жүзділердің мүлдем өтірікші екендігіне куәлік етеді» («Мұнафиқун» сүресі, 1-аят) деп бұйырады. Сондай-ақ, Кітап иелері жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өздеріне кітап бергендеріміз Мұхаммедті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлдарын танығандай таниды» («Барақа» сүресі, 146-аят) деп бұйырады. Иман көбеймейді де, азаймайды. Өйткені, иман азайса – күпірліктің артқаны. Ал көбейсе – күпірліктің азайғанын білдіреді. Ал енді бір адамның бір уақытта момын әрі имансыз (кәпір) болуы мүмкүн емес.

Момын ғана шынайы момын бола алады, ал дінсіз тек қана дінсіз бола алады. Күпірлікте күман болмағаны сияқты, иманда да күмән болмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Міне солар, шынайы момындар» («Әнфәл» сүресі, 4-аят) десе және бір аятта: «Міне олар анық кәпірлер» («Ниса» сүресі, 151-аят) деп бұйырады. Сонымен қатар, Хақ Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіндегі күнәһарлардың барлығы мұсылман, олар кәпір емес.

Құлшылық иманның бір бөлігі емес, сол сияқты иманда құлшылықтан емес. Кей жағдайда момынның мойнынан құлшылық жасау түсіріледі (яғни орындау міндет болмай қалады), бірақ, одан иман түседі деп айтылмайды. Мысалы, етеккірі келген әйелден Алла Тағала намаз оқуды алып тастады, бірақ одан иманды түсірді, иманды тастауға бұйырды деп айтуға болмайды. Шын мәнінде Хақ Тағала оған (етеккірі келеген әйелге) «оразаңды үз, кейін өтейсің» деді емес пе? Алайда, «иманыңды қоя тұр, кейін өтеп бересің» деп айта алмаймыз. Сол сияқты, кедейге зекет беру міндетті емес десек, ендеше оған иман келтірмесең болады деу де дұрыс емес.

Тағдырдан көретін жақсылық пен жамандық та Хақ Тағаладан. Кімде-кім ондағы жақсылық пен жамандық Алла Тағаладан басқа біреуден келеді деп сенсе, имансызға айналып, Хақты бірлеуі (тануы) бекерге шығады.

материал «Уасия» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: