19
Бейсенбі,
Қыркүйек

һижри

Ғайбат сөз – теңізді де былғайды

Ғайбат сөз – теңізді де былғайды

Ислам тарихы

Аз, алайда әділ әрі тапқыр сөйлеу – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мінез-құлқы. Алла Тағала оған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін ерекше қасиет дарытқан.

Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған және айтқан сөзінің артығы не кемі болмайтын Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жөн-жосықсыз сөйлейтіндерді жақтырмайтын, өзіне ұнамсыз бір жайтты жанындағыларға сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін. Айша анамыз бір әйелдің бойының қысқалығын айтып қалғанда: «Қой, ғайбат айтпа. Әлгі сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», - деп сол мезетте тыйған екен (Ибн Касир).

Сахабалар да өмір бойы тілден келетін күнәмен алысып өтті. Әбу Бәкір: «Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр жоқ», «Сені тоқтатқанша сөйлегеніңнен гөрі – сені сөйлеткенше үндемей отыруың әлдеқайда артық» деген. Мұсылмандардың екінші билеушісі Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) Худайбиядағы ойланбай сөйлеген сөзі үшін өмір бойы опық жеп, «қалған өмірімде жасаған барлық игі ісім сол сөздерімнің өтеуі болса екен» деумен болды. Бұл – Омардың (оған Алла разы болсын) аузынан шыққан бір ғана сөзі үшін өкінуі еді, ал біз күн сайын қаншама зиянды сөздер айтамыз? Жастықтан басты көтергеннен, қайта тигізгенше ауыздан қанша былапыт сөз шығаратынымызды есептей аламыз ба? Әли (оған Алла разы болсын): «Жүрек таза болғанда ғана тілден оңды сөз шығады», -  деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім маған екі ұрты мен екі санның арасындағы мүшелеріне ие болуға кепілдік берсе, мен оған жәннатқа баруына кепілдік беремін», - дегенді бекер айтпады. «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам», «Мұсылман адамның Исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі – бос сөзден арылу» (Бұхари), «Үндемеуде үлкен даналық бар, әттең, оның байыбына баратындар өте аз». (Дәйләми).

материал «Тіл кесапаты» («Ихия улумид-дин» кітабынан)

 кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: