Мұсылманға Исламдағы бауырларымен өзара татулық пен жүректердің бірлігіне жеткізетін қарым-қатынасты үзбеу бұйырылған. Алла Тағала: «Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар», – деген.
Дінімізде өзара жек көрушілік пен жүректердің келіспеушілігіне себеп болатынның бәріне тыйым салынады. Мұндай халге көпшілік жағдайда төрт іс себепші болады: қысым көрсету, көмектеспеу, өтірік пен сенімсіздік және жек көру. Оның үстіне мұсылман өзіне қалағанды Исламдағы бауырына да лайық көргенше Ислам дінін өз дәрежесінде ұстана да, кәміл иман дәрежесіне жете де алмайды. Сондықтан ол бауырына реніш келтіретін істерден аулақ болып, оны басқалардың зорлық-зомбылығынан қорғауы керек.
Исламдағы ең жоғарғы адамгершілік қасиеттер туралы айтар болсақ, онда тек мұсылмандарға ғана емес, барлық адамдарға қатысты адамгершіліктің жоғары үлгілері көрсетілген, сондықтан да аталмыш төрт іс кімге қатысты болса да, тыйым салынады.
а) Адамдарға қысым жасауға үзілді-кесілді тыйым салынған.
Шариғатта белгіленген жағдайлардан басқа кездерде адам баласын қорлауға немесе оның дүние-мүлкіне яки дініне зарар жеткізуге болмайды. Бұл Исламдағы туыстық-бауырластыққа сыйыспайтын қысым көрсетуге және арақатынасты үзуге жатады.
ә) Адамды көмексіз қалдырып қоюдың тыйымы.
Адам өте мұқтаж болғанда және қандай да бір істі істеуге мәжбүр болғанда мұсылманның оны көмексіз қалдырып қоюына кесімді тыйым салынған. Алла Тағала: «Егер олар, сендерден дін жайында бір жәрдем тілесе, сонда сендерге көмек ету міндет болады», – деген («Әнфал» сүресі, 62-63 аяттар).
Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылманның дербес құқығы сақталмай, оның қадір-қасиеті кемсітіліп, қорланған кезде оған көмек көрсетпеген (кез келген мұсылманды) Алла Тағала Өзінің көмегіне зәру болған жерде көмексіз қалдырады» (Әл-Бәйһақи);
«Кімде-кім мүмкіндігі болғанда өз бауырына жасырын жәрдем етсе, оған Алла дүниеде және Ақыретте жәрдем етеді», – деген (Ибн Ражаб). Тыйым салынған көмексіз қалдыру бұл дүниелік істерге де қатысты болуы мүмкін. Мәселен, кейде бір адам жәбірленушіге көмек көрсетуге және оны қысым көрсетушіден қорғауға мүмкіндігі бола тұра, оған көмектеспейді. Сол секілді бұл іс дінге де қатысты болуы мүмкін, мәселен, бір адам уағыз арқылы басқа бір адамға оны адасудан құтқаратын ақыл- кеңес беру мүмкіндігіне ие бола тұра, оған көмектеспейді.
б) Басқаларға өтірік айтуға немесе оларға сенімсіздік көрсетуге қатысты тыйым.
Бір мұсылман екінші мұсылманнан шындықты күтуге құқылы және одан естігеніне сенеді, ал Исламдағы өзара сенімді бұзатын әрекеттің бірі – басқаларға шындыққа сәйкеспейтін істі хабарлау, әсіресе екінші адам хабар жеткізушіге сенетін болса. Басқа біреудің жүрегін өзіне бұру немесе өзін яки дүние-мүлкін қорғау үшін айтылмаса, өтірік айту айлакерлік және сатқындық болмақ.
в) Адамды жек көрудің харамдығы.
Мұсылманға туысын қорлауға және оның қадір-қасиетін түсіруге ерекше тыйым салынған. Алла Тағала құлын жаратқан кезде оған Өзінің жек көрушілігін көрсетпеген, керісінше, оны құрметтеп, дәрежесін көтерген, оған тіл қатып белгілі міндеттер жүктеген. Сондықтан басқаларға қатысты жек көрушілікті білдіру адамның Тәңірі паңдығынан асқан паңдық, менмендік көрсетуінің айғағы болып табылады да, зор күнә саналады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылман бауырын жек көретін адам зиянда қалады, ал жек көру менмендіктен туындайды»; «Менмендік – ақиқатты қабылдамау және адамдарды менсінбеу» («Хужурат» сүресі, 10-аят);
«Менмендік – ақиқатқа қатысты ұятсыздық көрсету және адамдарды менсінбеу» («Әнфал» сүресі, 72-аят). Менмендік – зұлымдықтың негізгі ерекшеліктерінің бірі. Бұл қасиет адамды тозаққа жетелейді және жаннаттан алыстатады. Пайғамбар (с.а.с.): «Жүрегінде тозаңның салмағындай менмендік бар адам жәннатқа кірмейді», – дейді (Әбу Дауд).
Сонымен қатар Хариса ибн Уаһаб (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) бір күні адамдарға: «Сендерге кімнің жәннаттық екені туралы хабар берейін бе? (Ол) – әрбір әлсіз және ұнамсыз (кедейлігі шін адамдар онымен санаспайтын жоқ-жітік, елеусіз) адам, ол егер (бір нәрсе туралы) ант етсе, Алла міндетті түрде оның антын іс жүзіне асырады. Сендерге кімнің тозақтық екені туралы хабар берейін бе? (Ол) – әрбір дөрекі, сараң және менмен», – деді», – деп айтқан (Әл-Баззар).
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz