27
Жексенбі,
Қазан

һижри

Тыныштық болмаған жерде ризықтың да болуы екіталай

Тыныштық болмаған жерде ризықтың да болуы екіталай

Ислам тарихы

Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген мекені болады. Бұл қастерлі мекенде ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны «атамекен», «Отан» деп атайды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, ұшқан құстан жүгірген аңға дейін өз Отанында бейбіт, еркін. Жер бетіндегі жеті миллиард адамның барлығына туып-өскен жері, өз Отаны қымбат.

Адам баласын иман нәрімен сусындататын Ислам діні – отансүйгіштікке тәрбиелейтін дін. «Отанды сүю – иманнан» деген тәмсіл бар. Отаншылдық – дініміздегі шынайы мұсылманға тән қасиет. Шын мәнінде, Отансыз жұрттың тілі, діні, ділі, тарихы болмайды. Туған жері үшін, ұлты үшін алақанын жайып, дұға тілеген әрбір адам елінің тыныштығын тілейді. Өз заманында сүйікті пайғамбарларымыз да (оларға Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз Отаны үшін Аллаға дұға жасаған.

Құранның«Бақара» сүресі, 126-аятында келгендей, Ибраһим пайғамбар да  (оған Алланың сәлемі болсын): «Раббым! Бұл шаһарды тыныш қала ете көр! Және оның тұрғындарынан кім Аллаға, Ақырет күніне иман келтірсе, түрлі өнімдермен ризықтандыр», - деп елі үшін дұға жасаған. Ислам ғұламалары Хазреті Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бұл дұғасында ризықтан бұрын тыныштықты сұрайды. Өйткені, қауіп-қатер мен бүлік болған жерде бейберекетсіздік орын алып, адамдар ризықтың ләззәтын сезіне алмайды. Үрей мен қорқыныш ішінде өмір кешеді. Тіпті, тыныштық болмаған жерде ризықтың да болуы екіталай», – деп түсініктеме берген. 

Шынында да, қарапайым отбасы өмірінен мемлекеттің тағдырына дейін тыныштықтың қадір-қасиеті ерекше. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ең әуелі бейбіт өмір мен халқы үшін, содан кейін ғана әртүрлі ризық-несібе сұрағандығын байқадық. Демек, Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан сұраған ұлық дұғасының өзегі де тыныштық болған.

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: