21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың сызып берген шекарасын сақтасаң, Алла сені сақтайды

Алланың сызып берген шекарасын сақтасаң, Алла сені сақтайды

Ислам тарихы

Балақай! Қашан тақуалықты өзіңе серік етсең, бүкіл жақсылықтың көзі ашылады. Тақуалық танытқан адам – өзгелермен араласу барысында шекара сақтап, дініне зиян келтіретін амалдардан алыс болады. Кім Алланың шекарасын сақтаса, Алла оны сақтайтын болады.

Алла елшісі Ибн Аббасқа былай деп айтқан: «Алланың сызып берген шекарасын сақтасаң, Алла сені сақтайды. Алланы алдыңнан табатын боласын». Балақай мынаны есіңде сақта! Юнус пайғамбар алып киттің ішінде болып, құрдымға кетейін деп жатқанда, жинаған азығы – тақуалығы болды. Тақуалығы оны құтқарып шығарды. Ол жайлы Алла Тағала: «Егер ол Раббысын үнемі лайықты деңгейде ұлықтап, дәріптейтін жан болмағанда, Қиямет орнап, өлілер қайта тірілтетін күнге дейін сол балықтың қарнында қалар еді». («Саффат» сүресі, 143-144 аят).

Ал перғауын болса, тақуалықты өзіне азық қылып жинамағаны себепті қиналған сәтінде жалбарынып дұға еткені ешқандай пайда бермеді! Алла Тағала Құранда былай деп айтады: «Енді ғана ма? Расында сен бұдан бұрын үнемі Аллаға қарсы келіп, асы болдың һәм лаң салушы бұзғыншылардың бірі һәм бірегейі болдың» («Юнус» сүресі, 91-аят). Сол себепті өзіңе әрқашанда тақуалықты азық ет. Өміріңде әсерін көресің. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Қандай да бір жас – бала жас шағында Алладан қорқып, ізгі істермен шұғылданса, Алла оның қартайған шағында дәрежесін көтеріп қояды» деген. Алла Тағала Құранда: «Сөйтіп ол ер жетіп, кәмелетке толғанда, оған асқан ақыл-парасат пен даналық һәм ерекше ілім нәсіп еттік. Міне, Біз ізгілікке жаны құштар Алланың бақылап тұратынын жадында ұстап, игі істер істейтін ізгі жандарды осылай сыйға бөлейміз» («Юнус» сүресі, 22-аят).

Басқа аятта: «Кімде-кім асылық қылудан сақтанса әрі басына түскен тауқыметке сабырлық танытса, Алла ондай ізгі жандардың сауабын әсте зая етпейді» - деген («Юнус» сүресі, 90-аят).

Балақай есіңде болсын! Тақуалықты азық қылу дегеніміз – өзіңді харам істерден тоқтатуың. Өзіңді барынша артық сөз сөйлеуден тосуың. Әрқашан Алланың шекараларын сақтап, Алланың әмірлерін өзіңнің нәсіп қалауларынан жоғары қою. Үңгірге қамалған үш адамның қиссасы саған таныс болар? Бұрынғы заманда үш кісі сапар шекті. Жолда олар түнейтін жер іздеп, бір үңгірге келді. Олар осы үңгірге кіріп, демалып жатқанда, таудан үлкен тас домалап келіп, үңгірдің аузына кептеліп қалады. Сонда олар бір-біріне мына үңгірден ешқашан шыға алмаймыз, тек осыған дейін істеген ізгі істерімізді айтып, Құдайға жалбарынсақ қана шығамыз десті.

Олардың біріншісі – "О Алла, менің жасы келген әке-шешем бар еді. Таң атысымен мен сол әке-шешемнің жағдайын жасамай тұрып, өз бала-шағам мен мал-жаныма көңіл аудармайтынмын. Тек бір күні бір шаруаны бітіре салайын деп, жүріп қалып, үйге келсем, ол екеуі кешкі астарын ішпей ұйқыға жатып қалыпты. Сөйтіп әдеттегідей келе сала екеуіне арнап, күнделікті ішетін сүттерін сауып дайындадым. Ол екеуінің шырт ұйқыда жатқанын көріп, екеуінен бұрын бала-шағам мен малды тамақтандырғанды жаным хош көрмеді. Бала-шағамда кешкі астарын ішпеген, малдарға да жем берілмеген. Сөйтіп екі қолыма ыдысты ұстаған күйі, таң атқанша екеуінің оянуын күтіп, аяғымнан тік тұрдым. Таң атқанда ол екеуі оянып, сүттерін ішті. О Алла, мен сол істі шын ықыласпен істегем болсам мына үңгірден бізді құтқар" деді. Сонда тас адам шыға алмайтындай кішкене ғана ысырылып ашылды.

Екіншісі: "О Алла, менің қолымда жақынымның қызы тұрды. Мен оны қатты жақсы көргендіктен басыма арам ой келді. Сол ой мені азғырып, жаман әрекетке бастады. Бірақ ол менің құрығыма түспей, құтылып қашып кетті. Арада көп жылдар өткен соң, ашаршылық заман болды. Ол сол кезде күн көре алмай, маған келді. Мен оған менімен оңаша қалуы үшін – 120 ділда бердім. Ол келісті. Сөйтіп мен оны жайлап икемдей берген кезімде, ол – мен саған арам жолмен арымды таптауыңа ризашылық білдірмеймін деді. Содан кейін мен оған тиісуге ұялып, оған қаттық ынтық болып тұрғаныма қарамай кетіп қалдым. Оған берген алтынымды қайтарып алған жоқпын. О Аллаһ, мен сол істі Сен үшін, шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар" деді. Сонда тас адам шыға алмайтындай, тағы да кішкене ысырылып ашылды.

Үшіншісі: "О Алла, мен бір жылдары жалшылар жалдап, жұмыс істеткен едім. Солардың бәріне де өз еңбек ақыларын бердім. Бірақ олардың ішіндегі біреуі өзіне тиісті сыбағасын алмай кетіп қалған болатын. Сөйтіп жылдар өткен сайын, оның сыбағасы өсе берді. Ол қаншама жылдар өткен соң келіп, маған жалақымды беріңіз деді. Мен оған мынау көріп тұрған түйе, сиыр, қой – бәрі де сенің жалақың. Көбейген мал – бұның бәрі де сенікі, тіпті соларды бағып жүрген қызметшілер де сенікі дедім. Ол маған – мені келеке мазақ қылым тұрсыз ба? деді. Мен сені келеке етіп тұрған жоқпын, Құдайшылығымды айтып тұрмын дедім. Көбейген малдың бірін қалдырмай, алдына салып айдап кетті. О Алла, мен сол істі Сен үшін, шын ықыласпен істеген болсам мына үңгірден бізді құтқар" деді. Сонда тас түгелдей ашылып, олар үңгірден шықты.

Суфиян Саури дүние салғаннан кейін, кейбір шәкірттерінің түсіне кіреді.

- "Раббың сенің күйіңді қалай етті?" дейді.

- "Қабірге түскен сәтте, Раббымның құзырында қалдым. Сол сәтте Суфиян, сен Раббыңды нәпсі қалауынан артық қылған сәтің есіңде ме? - деп сұрады.

- " Иә.

Осы кезде мені жәннатқа алып кетті" деген...

материал «Ибн Жаузидың баласына жазған өсиеті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: