Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Ол: «Пайғамбарға (с.а.с.) бір соқыр кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мені мешітке ертіп келетін адамым жоқ», – деп, Алла елшісінен (с.а.с.) намазды өз үйінде оқуға рұқсат беруін сұрады. (Пайғамбар (с.а.с.)) оған рұқсат берді де, ол кете бергенде, (қайта) шақырып: «Намазға азан шақырылғанын естисің бе?» – деп (сұрады). Ол: «Иә», – деді. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Онда (оған) жауап бер», – деп айтты», – деген (653/255).
Бұл хадис жамағат намазы азанды еститін әрбір (балиғатқа жеткен ер адамға) парыз айн деп есептейтіндер үшін дәлел болып табылады (ән-Нәуәуи).
Имам Ибн Һумам сияқты біздің мазһабтың көпшілік ғалымдары осы пікірді ұстанған. Ал кейбіреулері бұл хадисті «жеке намаз оқыған адам жамағат намазы сауабынан құралақан қалады және оның намазы кәміл болмайды» деп түсіндіріп, жамағат намазын «парыз кифая не әрбір адамға жекелей бекітілген сүннет (сунна муаккада)» санаған. Жамағат намазына қатысу міндеті шарттарының бірі – азан даусын есту.
Алайда бүгінгі таңдағы жағдайға қатысты ескерерлік жайт, қазіргі заманда мешіттердің басым көпшілігінде намазға азан дыбыс күшейткіш құралдар көмегімен шақырылады. Ал шариғаттың нұсқауы азаншының дыбыс күшейткіш құралсыз, табиғи өз даусына негізделген. Өйткені дыбыс күшейткіш құралдар көмегімен шақырған жағдайда, азанның естілу қашықтығы мешіттен өте ұзаққа тарайды. Ал бұл күнделікті бес уақыт намазға қатысу үшін қиындық тудырады. Сондықтан да біздің мазһабтың ірі ғалымдары өздерінің пәтуаларында «мешітке келу – одан азаншының өз табиғи даусы жететін қашықтықта тұратындар үшін міндет» деп көрсеткен.
Басқа риуаятта: «жиырма жеті есе» деп келген. Мұнда жеке оқылған намаз меңзелген (ән-Нәуәуи).
материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,
ummet.kz