25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

9. Әйелдерге қатысты мәселе

Ораза

Оразаға қатысты өте маңызды нәрсе жайында арнайы айтып кеткен жөн. Ол – әйелдер мәселесі.

Біріншіден: әйел адам ораза ұстау үшін тән тазалығы шарт. Бұл мәселе жайында оразаны толық ұстау, оразаны ниеттену және ораза дұрыс болудың шарттарына қатысты тақырыптарда айтқан болатынбыз.

Тұжырым ретінде айтарымыз: ораза уақытында хайз немесе нифас жағдайында болған әйел кәффаратсыз тек ауыз бекітпеген күннің қазасын өтейді.[1]

Айша анамыз (родиял-лаһу ъанһа) айтады: «Оразада сол жағдайға[2] тап болсақ, бізге оразаның қазасын өтеу міндеттеліп, намаздың қазасын өтеу міндетті болмайтын».[3]

Таң атқаннан кейін тазарған жағдайда, тазарған уақыттан бастап ауыз бекітеді. Алайда, оразасы таң атқаннан кейін басталуы себебінен кейін қазасын өтейді.[4]

Етеккірі ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін келген жағдайда, сол күннің оразасы есепке алынып, оразаның қазасы да, кәффараты да міндетті болмайды.[5]

Таң атпай тұрып хайз, нифастан тазарған жағдайда, сол мезеттен бастап ауыз бекітеді. Бұл жағдайда да оразасы есепке алынып, оразаның қазасы мен кәффараты міндетті болмайды. Әрі таң атудан бұрын тазарған әйел оразаны ниеттену үшін ғұсыл етуі[6] шарт емес. Яғни алдымен ауыз бекітіп, кейін шомылса болады. Себебі, бой дәретсіздіктен таза болу ораза дұрыс болудың шартына жатпайды. Алайда, уақыты болған жағдайда[7] алдымен шомылып, кейін ауыз бекіткені – абзал.[8]

Айша анамыз (родиял-лаһу ъанһа) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бойы дәретсiз халде таң атырса алдымен шомылып, кейiн ауыз бекi-тетiн».[9]

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 



[1]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[2] яғни, хайз.

[3]«Сахиху Муслим».

[4]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[5]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[6]шомылуы.

[7]мысалы, сәресі ішкенге ғана жетерлік уақыты болса. Мұндай жағдайда алдымен сәресі ішіп, таң атқаннан ауыз бекітіп, кейін шомыла берсе болады. Бұл жағдайда ол сәресі ішу сүннәтін орындаған болады. Уақыты аз болған жағдайда шомылса сәресі ішкенге уақыты болмай қалады. Нәтижеде бір сүннәт орындалмаған болады.

[8]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[9]«Сахихүл-Бухари».

Бөлісу: