03
Жұма,
Мамыр

һижри

Ашура күнінде қандай амалдар жасаған дұрыс?

Ашура күнінде қандай амалдар жасаған дұрыс?

Ислам тарихы

Ашура күні ең бастысы ораза ұстаған дұрыс болады. Бұл күні ораза ұстаудың сауабы мол. Муслимнен жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күнгі ораза жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Өткен жылдағы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі», – деп жауап берген. 

Сондай-ақ, Сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда: «Пайғамбарымыз осы күнгі нәпіл оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын...», – деп жауап берген.

Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы күні ораза ұстайтын. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда, Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі ораза сүннет боп қалады. Яғни, сауап үшін істелетін амал. Бұхариде келген бір хадисте сахаба Муғауияның (р.а.) риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыздың былай дегенін естіген (с.ғ.с.): «Бұл күн – Ашура күні. Ол күні Ораза ұстауды Алла Тағала сендерге парыз етпеді. Бірақ менің аузым берік. Ораза ұстағысы келген ұстасын, ұстағысы келмеген ұстамасын». Сахабалар да осы күні ораза ұстаған. Олар тек өздері ауыз бекітіп қоймай, жас балаларын да осынау сауапты іске баулитын. Сонымен қатар, осы күні садақа беріп намаз оқығанда сауапты іс болады. Сахаба Әбу Муса Ашғариден (р.а.) келген бір риуаятта: «Бұл күні Алла Тағала бір қауымның күнәсін кешкен күн. Ендеше, сендерде осы күні ораза ұстап, нәпіл намаз оқыңдар», – делінген.

Және де Амр ибн Ас (р.а.) бір сөзінде: «Ашура күні ораза ұстаған бір жыл бойы ораза ұстағанмен тең, осы күні садақа берген кісі бір жыл садақа бергенмен тең болады», – дегендігі риуаят етіледі. Алайда, «осы күні ораза ұстасам бір жылға жеткілікті, садақа берсе бір жыл бойы садақа бермесем болады» деген ой қалыптаспау керек. Мұндағы мақсат, осы күні ұсталған ораза, оқылған намаз, берілген садақаның сауабының үлкендігін білдіру мақсатында салыстырмалы түрде айтылған.

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: