27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Сапар (сафар) айы басталды. Ол туралы не білеміз?

Сапар (сафар) айы басталды. Ол туралы не білеміз?

Ислам тарихы

Сапар (сафар) айы  — мұсылманша күнтізбе бойынша екінші ай, мухаррам айынан кейін келеді. Биылғы жылғы сапар айының басталуы 2021 жылғы 9 қыркүйекке тура келеді.

Жалпы, сапар айы дегеніміз не? Ол жөнінде біз не білеміз? Сапар айы туралы жұртшылық пікірлері қандай?

«Сапар» сөзінің ай атына қатысты екі мағынасы бар:

1) сары, сарғаю; сапар айына алғаш атау берілгенде күз болып, айнала сап-сары түске оранған болатын.

2) бос, нөл (араб: сифр); мұсылмандар осы айда Меккеден көшіп кеткеннен кейін қала қаңырап, бос қалған.

Ел арасында: «Осы сапар айында үйленуге, неке қиюға және той жасауға, ұзақ жолға шығуға болмайды», - деушілердің жиі кездесіп отыратындығы белгілі. Мұндай түсінік сонау ертеректе араб түбегінде Ислам діні келмей тұрып бар еді. Сол кезеңдерде оларда сапар айы – бақытсыздық айы, сорлы бір ай деп қабылдаған. Сондықтан, бұл айда үйленсе, яки бір істі бастаса ол іс нәтижесіз болады деген наным бар-тұғын.  Алайда, Ислам діні келгеннен кейін Алланың Елші етіп жіберген құлы әрі сүйікті елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «..Сафар айында сәтсіздікке ұшырау деген нәрсе жоқ», - (Бухари, Тыб-№5425 хадис), дей отырып, ол жөнінде қалыптасқан теріс түсініктің исламда жоқтығын, пұтқа табынушылардың жоққа сенуінің дұрыс емес екендігін нақтылап берді. Демек, бұл айда некелесудің, яки бір істі бастаудың немесе  ұзақ жолға шығудың ешбір ағаттығы жоқ. Оны қоғамдық ортада жиі айтылып жүрген желұшты, алыпқашпа сөздердің қатарына жатқызуға болады.

Сонымен қатар, Алланың елшісі Мұхаммед с.ғ.с. (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ауруға, үкіге және сапар айына қатысты бақытсыздық хақындағы жалған сенімге орын жоқ», - деп, адамдарды ақиқатпен хабардар етті. Мұндағы үкіге байланысты сөз Ислам дініне дейінгі адамдардың “үкі (құс) қонған үй қайғы-қасіретке тап болады” деген жалған түсінік-сенімдеріне байланысты айтылған еді.

Шын мәнінде, Ислам дінінде жалған, соқыр сенімге орын жоқ. Мұсылман баласы жақсылық пен жамандықтың бір Алла тағаланың құзырында екендігіне куәлік етіп, тағдырына иман келтіреді. Сондықтан мұндай жалған түсініктерден мейілінше аулақ болғанымыз жөн.

Сондай-ақ, адамдар арасында: «Сапар айының соңғы сәрсенбісі күні әдеттегі намаздардан тыс қосымша арнайы нәпіл намаз оқылуы тиіс. Себебі, сапар айының соңғы сәрсенбісінде жер бетіне 320 мың түрлі алапаттар мен қасіретті жағдайлар түседі. Олардан сақтану үшін арнайы нәпіл намазын оқу керек»,-деген сөздердің айтылатындығы белгілі. Дегенмен, бұл құлшылықты орындау керектігі жөнінде қандай да бір Құран аяты немесе хадис келтірілмеген. Сондықтан бұл мәселеге мейілінше мән-маңыз берілуі тиіс.

Шариғат негіздеріне сәйкес Ислам діні дәлелсіз, күмәнді әрекеттерді харам етіп, оларды жасауға тыйым салатындықтан сапар айының соңғы сәрсенбісі күні ешқандай арнайы құлшылық жасаудың қажеті жоқ. Басқа уақыттарда жасалатын құлшылық-ғибадаттармыз бұл айда да дәл сол қалпында орындалады.

Жалпы сапар айында: «Аллаһумма фаррижнә бидухулис-сафари уәхтим ләнә билхайри уәз-зафари», мағынасы: «Аллам, сапар айы кіруімен бізге қуаныш нәсіп ет. Ол айда жақсылықпен, сондай-ақ, жеңіспен шығуды нәсіп еткейсің», – деп дұға етудің маңызы үлкен, мәні зор.

Дей тұрғанмен, өзге айлардағыдай бұл айда да айдың басында, ортасында және соңында үш күн нәпіл оразасын ұстауға болады. Бұл туралы хадис шәріпте Алланың елшісі Мұхаммед с.ғ.с. (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ай сайын үш күн ораза ұстау — жыл бойы ораза ұстағанмен тең» ( Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят еткен) – деп, баршамызды сауапты амал жасауға шақырған. Сондай-ақ, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, татуластыру, науқастарымызды зиярат етіп, олардың қал-жағдайын білу, ата-ана, ағайын-туысқандармен тату тұру және жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын беріп, қайырымдылық жасау үлкен сауап.

muftyat.kz

Бөлісу: