09
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Имам Ағзам Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орны

Имам Ағзам Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орны

Ислам тарихы

Әбу Ханифаның өмір сүрген уақытында Куфа Ислам әлемінің ең ірі ілім орталықтарының бірі еді. Аталмыш шаһарға сахабалардың көп бөлігі қоныс аударып, олардың ілімдерін бойларына сіңірген мыңдаған табиғин ғалымдары өсіп жетілді.

Тарихи мәліметтерде сол кезеңдегі Куфаның хадис ілімі тұрғысынан маңыздылығын көрсететін көптеген мәліметтер кездеседі. Әнәс ибн Сирин «Куфаға келдім. Ол жерде хадис үйренуші төрт мың, ал фақиһ төрт жүз адамды көрдім», – дейді. Ал, Аффан ибн Муслим: «Куфаға келдік. Онда төрт ай тұрақтадық. Қаласақ, осы мезгілде жүз мыңдай хадисті жазып алуға болар еді. Тек хатқа түскендерін ғана қабылдағандықтан елу мың хадисті ғана қағазға түсіріп үлгердік», − дейді.

Имам Зухри  Ирактықтардың ілімін төмен санайтын. Оған Куфада төрт мың хадис риуаят еткен бір адамның (Ағмаш) бар екендігі айтылып, ол хадистердің біразы жеткізілді. Ол әлгі хадистердің бірін қалдырмай егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін «Уаллахи, бұл – нағыз ілім. Иракта мұны білетін адам бар деп ойламаппын» деп айран-асыр қалған екен.

Әбу Ханифаның хадис риуаятының осыншалықты кең тараған берекелі аймақта ғұмыр кешіп, одан нәсібін алмауы мүмкін емес. Қайта, керісінше, риуаяттың көп тарауына байланысты әр естіген хадисін ала бермеген. Фақиһтардың хадисшілерден ең үлкен айырмашылығы да, міне, осында. Хадисшілердің бір бөлігі әр естіген хадисін жинап, онымен амал етуге болып-болмайтынына қарамай, тіпті кейбіреулерінің хадис-терде не айтылғанын да түсінбей, басқаларға жеткізуге тырысқаны көптеген кітаптарда келтірілген.

Кейбір деректерде Әбу Ханифаның үйінде жазбаша түрде сақталған сандық толы хадистердің болғаны, олардың аз бөлігін ғана риуаят еткендігі айтылады. Әрине, осы хадистерді риуаят еткен ұстаздары да болуы тиіс қой. Мысалы, Мұғжамул-муссанифиннің авторы Муаффақ Меккидің кітабына сүйене отырып, Әбу Ханифаның 292 ұстазының аты-жөндері мен қай хадис кітаптарында аттары аталатындықтарын айтқан.  Имам Суюти Әбу Ханифаның 74 шейхының аты-жөнін берген. Бағдади мен Зәхәбидің келтірген тізімі бойынша шейхтерінің саны 50-ге жетер-жетпес. Муаффақ Мекки Әбу Ханифа жақтастарының Имамның шейхтерінің санын төрт мыңға дейін шығарғандығын айтады. Әрине, бұл санның әсірелі болуы да мүмкін. Десе де, оның хадис риуаят еткен ұстаздарының аз болмағанын әрі хадиске ынтасының қаншалықты болғанын көрсетеді. 

Үлкен мүжтәхид, әлемде кең тараған мәзһабтың имамы Әбу Ханифаның хадистен жырақ қалмайтындығы айдан анық. Өйткені, құқықтық үкімдердің негізі көбіне хадиске сүйенеді. Соған қарамастан кейбіреулер білместікпен Ұлық имамға жала жауып: «Хадисті аз білген, өз көзқарасымен амал еткен» деген секілді пікірлер айтып жүр. 

Осы мәселеге қатысты белгілі тарихшы Ибн Халдун: «Кейбір шектен шыққандар мен көреалмаушылар мүжтәхид имамдардың кейбірінің хадис ілімі жеткіліксіз, сондықтан хадис риуаяты аз екенін айтуда. Үлкен имамдар жайлы бұлай ойлау орынсыз. Өйткені, шариғат заңдарының Құран мен хадистен алынатыны әмбеге аян. Дінді сахих (сенімді, дұрыс) негіздерден және оның үкімін жеткізушіден ала білу хадисте жүйрік болуды талап етеді. Ал пәтуа беру, қазылық ету хадис ілімі таяз адамдардың қолынан келетін іс емес. Ал хадис риуаяты аздарға келсек, олар өздеріне жеткен хадистердегі (хадис жеткізушілердегі) кейбір кемшіліктерге байланысты хадис риуаятын азайтқан... Міне, Әбу Ханифа да риуаят пен хадис жеткізуге қатаң талап қойып, асқан жауапкершілікпен қарағандықтан, хадистерді аз риуаят еткен...Ол біле тұра хадис риуаят етуден қашпаған. Мәзһабының хадис имамдары арасында сенімді деп табылуы, риуяттарды қабылдау не алмауға қатысты қойған талаптарының орындылығы, оның хадис ілімінде алып мүжтәхидтерден екендігін көрсетеді» дейді.

Сиқа хадисшілердің бірі Исраил ибн Юнус «Нұғман − қандай ұлы тұлға. Фиқһ кездесетін хадисті одан жақсы білген, одан терең зерттеген, ондағы фиқһтық үкімді одан жақсы аңғарған ешкім жоқ» деп, оның өзге хадисшілер секілді тек хадис риуаят етіп қана қоймай, үкім шығаруға болатын сенімді хадистерді дәлел ретінде қабылдағандығын айқын көрсетеді.

Бұхаридің шейхтарынан Яхия ибн Әдәм «Нұғман аймағындағы барлық хадистерді жинады. Пайғамбардың аузынан не айтылса, соның бәрін егжей-тегжейлі зерттеді» десе, Сахих Бұхари рауиларынан Хасан ибн Салих та «Әбу Ханифа насих пен мансухты ерекше мән беріп зерттеген, Куфалықтардың хадистерін ең жақсы білетін, жамағаттың ұстанған жолына беріктігімен көзге түсіп, өз аймағына жеткен хадистер мен әсәрды жадына тоқитын», – дейді. 

Хасан ибн Салих «Әбу Ханифа хадистер арасындағы насих пен мансухты, яғни хадистің үкімінің жойылып-жойылмағандығын бір-бірінен дұрыс ажырата білу керектігіне қатты көңіл бөлетін. Егер қандай да бір хабар Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен сахабалардан сенімді рауилер арқылы келіп жетсе ғана дәлел ретінде қабылдайтын. Ол Куфа хадисшілері риуаят етіп жүрген хадистердің бәрін де білетін. Ол Куфалықтардың фиқһын да жақсы білетін. Сонымен қатар, өз өңіріндегі тұрғындардың әдет-ғұрыптарына да мән беретін» дейді.

Шәкірті Әбу Юсуф: «Қай мәселеде болмасын, Әбу Ханифаға қандай да бір қарсы пікір айта қалсам, артынан ойға қалып, оның көзқарасының тура бағытқа бастайтынына көз жеткізетінмін. Мен хадистермен де көп шұғылдандым. Бірақ, ол хадистің сахихын маған қарағанда тез аңғаратын. Бұл мәселеде оның зейіні терең еді» дейді.

Әбу Ханифа хадис зерттеу мәселесінде, тіпті, өзінің ұстаздарын басып озған көрінеді. Зәхәби «Манақибу Әби Ханифа» атты еңбегінде Имам Мисар ибн Қидамның «Әбу Ханифамен бірге хадис үйрендім. Бірақ, ол бізді шаң қаптырып кетті. Тақуалық жолға түстік. Соның өзінде бізден оқ бойы озық тұрды. Содан кейін фиқһ ілімін үйренуге кірістік. Бұл саладағы жетістігі болса да белгілі» дегенін жеткізеді. Өз кезегінде имам Мисар ибн Қидам хадис саласында есте сақтау қабілеті мен тақуалық жағынан Ирактың мақтан тұтар тұлғаларының бірі әрі Әбу Ханифаның ұстазы еді.

Таханәуи хадисшілердің хадис риуаят етуде хадисті аз да емес, көп те емес, орташа риуаят еткендердің қатарынан саналған хазірет Омар, Али, Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р. анһум) секілді, сахабаларды хадиске сүйенген көзқарастарының көптігіне байланысты муксирун (мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар) қатарынан санауға болғаны секілді хадистерге сай, түбінде соларға негізделетін мыңдаған көзқарас пен үкімі бар Әбу Ханифаны да көп хадис риуаят етушілердің қатарына қосуға болатынын айта отырып, осыған дәлел ретінде Абдуллаһ ибн Мүбарактың «Әбу Ханифаның көзқарасы демеңдер, хадисті тәпсірлеуі деңдер» деген сөзін келтіруде. «Уқудул-жуман» кітабының авторы Мұхаммед ибн Юсуф әс-Салихи да осы мәндес ойын былай келтіреді: «Әбу Ханифа хадис хафыздарының алдыңғы қатарлы ғалымдарынан еді. Егер хадистерді терең білмегенде шариғат үкімдерін шығаруы оңайға соқпас еді. Зәхәбидың оны «Табақатул-хуффаз» (хадисті көп жаттаған хафыздар) кітабына кіргізуі орынды-ақ. Ол былай дейді: «Хадисті көп білгендігіне қарамастан көбіне фиқһтық үкім шығарумен шұғылданғандықтан, Әбу Ханифадан риуаят аз жеткен. Имам Мәлік пен Шафиғиден риуаят етілгендер де естігендерінен аз болған. Дәл осы секілді көп білгендеріне қарамастан, Әбу Бәкір мен Омар секілді үлкен сахабалардан өздерінен төмен дәрежедегі сахабаларға қарағанда риуаяттар аз келген».

Имам Сарахси сахабалар мен табиғиндардың хадис риуаят етуде мұқияттылық танытқандығын, әр естігенін Пайғамбарымыз айтты деп айта бермегендігіне қатысты көптеген мысалдарды  бере отырып: «Міне, осы секілді көптеген оқиғалар хадисшілерге мәлім. Сондықтан Әбу Ханифа хадис риуаят етуді азайтты. Сондықтан да, кейбіреулер оған хадис білмейді деп жала жапты. Алайда, ол олардың ойлағанындай емес еді. Керісінше, өз дәуірінде хадистің ең білгір ғалымы еді. Кәміл дабт (есте сақтау) шартын ұстанғандықтан, аз риуаят етті», – дейді.

Сонымен қатар, оның хадисті аз риуаят етуінің тағы бір себебі, өзі өмір сүрген кезеңіндегі Ирактың нағыз хадис шығарудың орталығына айналып кеткендігіне барып тіреледі. Ол кезде Ирак ислам елдерінің арасындағы төнкеріліс пен түрлі қозғалыстардың орталығы еді. Міне, сондықтан жалған хадис айтушыларға Иракта қолайлы орта қалыптасты. Осы себептен Әбу Ханифа хадисті сахих деп қабылдау үшін, хадис риуят етушіге қатал шарттар қойды. Тек сенімді, әділдігімен танымал риуятшылардың мәшһүр (көпшілікке мәлім) хадистерін ғана қабылдады. Осылайша, Әбу Ханифа хадис зерттеп, оның дұрыстығын қадағалауда хадис ғалымдарынан да асып түсті. Хадисшілердің шарттарына қарай хадис дұрыс деп саналса, Әбу Ханифа үшін ол хадис әлсіз болып қалды.

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: