20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Дала заңдары мен Ислам шариғаты

Дала заңдары мен Ислам шариғаты

Ислам тарихы

Мұсылмандық Орта Азияға, соның ішінде қазақ даласына сонау VIII ғасырдың өзінде-ақ ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста мұсылмандардың жеңіске жетуімен Ислам діні мен мәдениеті қазақ жеріне тарай бастады. Орта Азияны мекендеген түркі халықтары арасында ислам діні қарқынды дамып, Қазақстан аймағында Қараханидтер мен Алтын Орда кезеңінде ресми дін ретінде жарияланғаны мәлім.

Қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуында ислам дінінің ықпалы күшті болды. «Ол XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының ресми идеологиясы болып жарияланды. Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығаюына және сол кездегі түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға бірігуіне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Ислам дінін ұстанған түркі тайпалары Қазақ хандығына мүшелікке өтті. Ал, ислам дінін әлі қабылдамаған тайпалар «Қазақ» бола алған жоқ. Яғни, Қазақ халқын бір кеңістікте өмір сүрген діни сенім-нанымы, салт-дәстүрі, саяси мүддесі бір түркі тайпалары құрады».

Қазақ халқының тұрмыс-іршілігінде әдет-ғұрыптың орны ерекше болған. Әдет-ғұрып құқығы сайын сахараны мекендеген ұлы дала халқының сан ғасырлық тарихымен қатар өмір сүріп, 1930 жылдарға дейін өзінің күшін жойған емес. Кеңес өкіметі кезінде құқықтық норма ретінде күшін жойғанымен халықтың санасында, тұрмысында әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан өміршең жүйе. Ол рухани бастаулардан нәр алып, адами құндылықтарды қорғауды мақсат тұтты. Әдет-ғұрыптық нормалар мен институттар көшпелі қазақ қоғамының құқықтық мәдениетінде үлкен рөл ойнады. Алайда оның ауқымы одан да кең еді. Олар ең алдымен ата-баба жолы, көнеден келе жатқан жора, үлгі, өсиет ретінде қабылданды. Сондай-ақ орындалуға міндетті қажеттілік, өмір заңы ретінде бағаланды. Құрылымдық қарапайымдылығына қарамастан оның тұрмыстағы күрмеуі қиын мәселелерді шешудегі пәрмендігі зор еді. «Қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет құрғаннан бері «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы», «Төрт би төре заңы», «Шар» ережесі секілді заңдарды қабылдады. Әрқайсысының дәуір мен кеңістікке сай өзіндік ерекшелігі болғанымен бұл заңдардың түп-негізі Шыңғысханның «Ұлы Ясасынан» бастау алады. Бұл тақырыпқа қалам тартқан зерттеушілердің көпшілігі «Ұлы Ясаны» Шыңғысханның шығарған жарлықтары деп біледі.Алайда Шыңғысхан жарлықтарының қалыптасу негіздері бағзыдан келе жатқан көшпелілердің әскери және азаматтық ережелерінде жатқан тәрізді. Шыңғысхан өз заманының алғышарттарына сәйкес түркілердің құқықтық дүниетанымына жаңа жөн-жосық қағидаларын енгізген. Шыңғысханның жарлықтарына өзіне дейінгі бабалар негізін қалаған салт-сана мен әдет-ғұрып әсер еткен. Яғни, көне түркілік әдет-ғұрып нормалары «Жасақтың» өзегі болған».

Шыңғысханның ел билеуші ұрпақтары кейін ислам дінін қабылған соң «Ұлы  Ясадан» басы бүтін бас тартқан емес. Шариғат пен «Ұлы Ясаны» жымдастырып, қатар ұстанған. Оған сол дәуірдің шариғат білгірлері рұқсат берген. Мысалы, атақты ислам тарихшысы Тақиуддин Мақризидің жеткізуіне қарағанда мұсылман құқығындағы «сийаси шария» термині Шыңғысханның «Ұлы Ясасынан» алынған. Оның айтуына қарағанда, «сийасаны» (саясат) ізгілікке һәм зұлымдыққа негізделген деп екіге бөліп қарастыруға болады. Яғни, ізгілікке негізделген «си-йасаны» қолдану шариғатқа қайшы емес. Бейбарыс Мысырда Мәмлүк мемлекетін құрғанда және оның одақтасы Алтын Орда билеушісі Берке хан да Шыңғысханның «Ұлы Ясасын» шариғатпен сабақтастырып, қатар ұстанған. Соның негізінде мұсылман фикһында «Си-йаси шария» (си – үш, иаси – Ұлы Ясақ, яғни, жосық) деген әдет-ғұрыппен үкім беру тарауы пайда болды64. Әйтсе де, шариғатқа «Сийаси шария» термині кіріккеннен кейін көбінесе «ғурфтің» орнына осы термин кеңінен қолданыла бастаған. Әсілінде әдет-ғұрып нормалары қатып, семіп қалған құқықтық жүйе емес, халықтың тұрмысының өзгеруіне сай өзгеріп тұратын жанды құбылыс еді. Жоғарыда ислам шариғатында құқықтық норма белгілеуде діннің негздеріне қайшы келмейтің әдет-ғұрыптарды жетекшілікке алуға болатыны атап өткен едік.

Сондықтан да қазақтың би-қазылары шариғатқа сай ғүрыптарды негізге алып,  қайшы елген жораларды тәрк етіп отырған. «Ұлы Ясаның» әр ғасырда сын-тезден  өткізіп, оның жосалы жұрнақтарын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» етіп қабылдаған. Әсіресе, соңғы «Жеті Жарғы» заңындағы құқықтық нормалар барынша шариғатқа сәйкестендірілген. Ал, Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» қазақ халқының әдет-ғұрып құқығының дамып, ең шырқау шегіне жеткен тұсы саналады. Олай болса, біздің ескі салт-жораларымыз толығымен шариғатпен қабысып жатыр деп нық айта аламыз». Ендігі кезекте дала халқының өмір, тіршілігін реттеп-жүйелеу мақсатында Қасым хан, Есім хан және Тәуке хан кезеңдерінде қабылданған заңдар мен шариғат діні арасындағы байланысқа қысқаша тоқтала кетейік.

Қазақ хандығының қуаты артып, күшейе түскен кезеңі Қасым ханның билікке отырған шағына тура келеді. Қасым хан кезінде (1509-1523) Қазақ хандығындағы ислам дінінің де мәртебесі жоғарылап, дамудың жаңа сатысына көтерілді. «Қасым ханның қасқа жолының» қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеуде рөлі ерекше болды. Қазақ рулары арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалған бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгешеленгенімен68 одан алшақ кеткен емес.

Хронологиялық тұрғыдан алғанда, Кенесарыдан бұрын ел билеу ісіне шариғат заңдарын Арынғазы сұлтан енгізгенімен, Кенесары қазақ хандарының ішінде мемлекеттік басқару ісінде тұңғыш болып шариғат жүйесіне өтуге талпынған билеуші еді. Ол хандық билік деңгейінде мемлекеттік басқаруға шариғат заңдарын енгізген. Кенесары хан мемлекеттік басқару реформасында өзі жоғары билеуші болғанымен, «Хан Кеңесі» органы жұмыс істеді. Осы кеңеске дін адамдарының да тартылуы Кенесарының діни құндылықтарға қаншалықты мән бергенін көрсетеді. «Есім ханның ескі жолы» заңының тарих сахнасына шығуына да XVI-XVII ғасырлардағы саяси-рухани жағдайдың ықпалы болды. Есім хан тұсында Қазақ хандығы Орталық Азиядағы негізгі субьектіге айналды. Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына ауыстырылып, ханның резиденциясы Ясауи тариқатының аситанасы болды. Есім хан Нақшыбандиа тариқатына Қарнақтан уақыфтық жер бөліп беріп, дін адамдарына мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетті. Ол «ескі жол» атты құқықтық құжат қабылдап, ел билеу ісіне едәуір өзгеріс енгізді. «Есім ханның ескі жолының» төрт тұғыры болғандығы айтылады. Олар:

1. Хан болсын, ханға лайық заң болсын.

2. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын,

3. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын.

4. Би болсын, би түсетін үй болсын.

Үшінші ұстындағы абыз сыйлауды фарз үкіміне жатқызуы сөз жоқ «ескі жол» заңының жаңалығы болатын. Қазақтар бұрын Құранды жатқа білетін дана адамдарды «абыз» (хафиз) деп  атап, оларға құрмет көрсететін. Есім хан осы құрмет көрсету дәстүрін парызға  айналдырып,ел билеу ісіне теократиялық элементтерді енгізуді қолға алды. Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар кодексіндегі әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа негізделіп, ислам дінінің қазақ топырағында тамыр жайып, гүлдене түсуіне үлес қосты. Әдет-ғұрып заңдар жиынтығы саналатын «Жеті жарғыны» Әз-Тәуке билік құрған 1680-1716 жылдары билер кеңесі қабылдаған. Ол XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ қоғамының сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыруға бағытталды.

Қазақ әдет-ғұрыптары мен шариғат заңдарының үйлесімі жайлы салмақты зерттеулер жасап жүрген құқықшы әрі дінтанушы М. Исахан «Жеті жарғыдағыдағы» екеуінің арасындағы көптеген ортақ тұстарды көрсете білген. Солардың бірнешеуіне ғана тоқтала кетсек. Мәселен, «Жеті жарғыда» белгіленген құн төлеу мөлшерлері шариғатта басқаша қаралғанымен, жалпы келтірілген зиянның орнын мүліктік компазициямен өтеу шариғатқа қайшы емес.

Шариғатта құн төлеуді дийат деп атайды. Алайда,  құн мен дийат мазмұндық тұрғыдан бір ұғымды білдіргенімен, «Жеті жарғыда»  көшпелі қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігіне сай құн мөлшері белгіленген еді.  Өз-өзіне қол салған адамдардың мұсылманша жаназасы шығарылмайтын. Ондай  адамдар мұсылман қорымынан бөлек жерленетін. Құдайға тіл тигізген адамға  тасборан жазасының берілуі, шариғатттағы «қысасқа қысас» принципі әдет-ғұрып  заңында «қанға қан, жанға жан» жазасымен көрініс тапты.  Көтеріліс жасап, бүлік шығарған, жараулы атты ұрлаған бәукеспе ұрыға өлім жазасының кесілуі, диқаншылардың өнім табысының оннан бірі көлемінде алынатын «қалан» салығының, шариғаттағы «ұшыр» салығымен бірдей болуы т.б. М. Исаханның «Қазақ билерінің үкім айту кезінде қолданған сот прецеденті әдіснамасы негізі ислам шариғатының жалпы пәлсапасынан келіп туындаған ханафи мәзһабындағы хила-шарғиямен сабақтасып жатыр»71 деуі де өте орынды тұжырым. Сондықтан да дала заңдары өзінің локальды ерекшелігін сақтап, сырт көзге шариғат заңдарынан өзгеше секілді көрінгенімен, көбіне исламның негізгі рухына сай келген-ді.

Философ-ғалым Д.Кенжетай өз зерттеулерінде: «Исламдағы сайру-сулук ілімі қазақ халқына сал-серілік дәстүр ретінде трансформацияланды» деген тұжырым айтады. Исламдағы сайру-сулук ілімінде кемелдікке құштар адам Хаққа рухани сапар шегеді. Хақиқатты толық танып білгеннен кейін халыққа сол хақиқатты таныту үшін қайтып оралады. Бұл жолы кемелділік иесі бар ынты-шынтымен халыққа қызмет етіп, хақиқатты паш етеді. Осы тұрғыдан алғанда исламдағы сайру-сулук иелері мен Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар, Дулат, Махамбет, Абай, Шәкәрім және т.б. қазақ ақын-жырауларының ұстанымынан ортақ үндестікті көре аламыз.

Жалпы әдет-ғұрыптың нормативтік жағынан гөрі рухани жағы халыққа жақын болды. Ол көбіне жеке адамдар арасында туындаған дау-жанжалдарды шешуге бағытталған-ды. Орталық мемлекеттік билік орнықпаған жерлерде көбіне құқықтың қайнар көзі әдет-ғұрып еді. Ресми құқықтан гөрі әдет-ғұрып бойынша шешу халықтың рухына жақын еді. Олар құқықтың бейресми формасы ретінде халықтың тұрмысына, қажеттілігін өтеуге мейлінше жақын келді. Неке және отбасына қатысты құқықтар да исламға сай шешілген. Мәселен балиғат жасы, есі дұрыс емес жандармен некеге тұруға рұқсат етілмеуі, белсіз болған жағдайда әйеліне, бедеу болған жағдайда ерлерге басқа әйелге үйленуге рұқсат етілетін.

Көшпелілер құқықтанымында азаттық, еркіндік, бостандық, әділдік және теңдік жетекші орын алып, басты құндылықтар ретінде бағаланды. Өз кезегінде бұлар да ислам шариғатының негізгі мақсаттарының арасында болғандықтан түркілер үшін ислам дінінің ұстанымдары жандарына жақын келіп, жатсынбай қабылдауына жол ашқан. Жоғарыда атап өткендей ислам шариғатында әдет-ғұрыпты құқықтық норма ретінде белгілеуге жол ашуы араб емес өзге ұлттардың ислам дінін қабылдауында үлкен рөл ойнаған.

Қазақ халқының дәстүрлері мен ислам дінінің талаптары ықылым заманнан бері біте қайнасып, өріле өмір сүріп келеді. Әрбір дәстүріміздің негізін ислам дініндегі талаптардан таба аламыз. Біздің қоғамда адам дүниеге келіп, құлағына азан айтылған сәттен бастап, жаназа намаз оқылып, қабірге қойылған сәтке дейінгі өмірінің әр кезеңі ислами талаптарға сай дәстүрлер аясында өтеді. Ислам діні шариғатқа қарсы келмейтін дәстүрлерге тыйым салған емес. Исламмен үндескен дәстүрлер киім үлгісінен де, халық тұрмысының өзге салаларынан да көрініс табады. Ортағасырлық ойшылдар сол кезеңде ислам әлемінде қалыптасқан дәстүрден алшақ кетпей, әр шығармасының басын Алла атымен бастап, желісін Құран мен хадис мәтіндерін түсіндіруге, насихаттауға, халыққа жеткізуге арнаған. Ал бертін келе, қазақ зиялылары ислам дінін, ислами дәстүрлерді жүйелі, әдеби еңбек ретінде халыққа таныстыруға тырысқан. Бұған мысал ретінде Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандық тұтқасы», Абайдың «Қара сөздер», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» секілді еңбектерін тізе беруге болады. Мұндай ұлы тұлғалар бейнесі жалпы ұлт бейнесінің, танымының аясында көрініс береді. Олар да діни ұстанымдарға негізделген ұлттық санасы бар қазақтың бір бөлшегі. Біздің ата-бабамыз діни ұстанымдар мен ұлттық ұстанымдарды бір-бірінен бөле-жара қараған емес. Сондықтан қазақ пен мұсылман ұғымдарын бір-бірінен бөле-жаруға келмейтін тұтас ұғымдарға айналып кеткен.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: