26
Жұма,
Сәуір

һижри

Ережеп айында қандай тарихи оқиғалар болған?

Ережеп айында қандай тарихи оқиғалар болған?

Ислам тарихы

Әлемдегі барша мұсылмандар үшін Ережеп айының орны бөлек. Өйткені ол Ислам дініндегі қатар келетін қасиетті үш айдың алғашқысы. Қалған екеуі Шағбан мен Рамазан деп аталады. Бұл айлар Жаратушы иенің пенделеріне ерекше рақымдылықпен қарауымен, аса мейірбандық танытуымен ерекшеленеді. Сондықтан әлем мұсылмандары бұл айларға аса құрметпен қарап, құлшылықтарына ден қояды.

Ережеп айында көптеген айтулы оқиғалар болған. Ережеп айының бірінші күні Нұх пайғамбар (ғ.с.) кеме жасады. Жетінші күні Нұх (ғ.с.) топан суы басталды. Жиырма жетінші күні пайғамбарымыз (с.а.у.) миғражға көтерілді. Жиырма тоғызы күні хазіреті Осман (р.а.) шаһид болды.

Кейбір деректерде жер жүзін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге Ережеп айының бірінші күні мінген, Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең алғашқы уахи Ережеп айында түскен, осы айда Исра және Миғраж оқиғасы болған деген мәліметтер айтылады.

Пайғамбарлықтың 10-шы жылының (шамамен 620 жылдың) Ережеп айында әл-Исра уәл-Миғраж деген атпен белгілі оқиға орын алды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір түннің ішінде Меккеден Иерусалимге ғажап түрде ауысып, содан соң көкке және одан жоғары қарай көтерілген. Бұл ғажайып саяхаттың рухани мәні тек қана пайғамбарлық мияссияның басталу кезеңінің маңызымен парапар келеді. Ол уақытта Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қиын жағдайда болатын: исламдық үндеуді алғаш бастаған кезден бері оны қорғап келген ағасы Әбу Тәлібтен айрылған еді, сондай-ақ, сол уақытта оның сүйген жары Хадиджа (Алла оған разы болсын) көз жұмған болатын. Мұсылмандар Меккенің пұтқа табынушыларының тарапынан қуғынға, қысымға ұшырап жатты. Дәл сол ушығып тұрған жағдайда Ислам мен күпірліктің арасындағы күрестің қызған шағында Алла Өзінің таңдаулы құлына Өзінің ең ұлы белгілерін көрсетуді қалап, Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Иерусалимдегі қасиетті мешітке (Әл-Ақсаға) ауыстырып, одан әрі көктен де жоғары көтерді. Сол жерде ол Алла Тағаламен тілдесу мәртебесіне ие болды.

Миғраж – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.

Ислам діні келместен бұрын Ережеп айында құрбан шалу рәсімі бар еді. Ислам келіп, оның үкімін жойды. Бір адам пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз жаһилиятта (надандық дәуірде) Ережеп айында (осы айдың құрметіне) құрбан шалатын едік. Енді бізге не бұйырасыз?» – деді. Пайғамбарымыз: «Алланың жолында қайсы айда болса да құрбандықтарыңды шала беріңдер. Алла үшін жақсылық жасаңдар. Тамақтандырыңдар», – деді (Әбу Дәуіт, Нәсаи).

Шариғат бойынша Құрбан айт күні құрбан шалу – уәжіп, ал басқа уақыттарда ол нәпіл ғибадат болып есептеледі.

Осылайша Ережеп айы Ислам діні келмей тұрып та қасиетті деп есептелген. Ислам діні бұл айға деген құрметті тіптен күшейте түсті.

Біздер Ережеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе бастаймыз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде алдыңғы бұл айлардың берері мол.

Әділхан Оразов,

Республикалық бас мешіттің наиб имамы

Бөлісу: