Әйел баласы мархұмдарға Құран бағыштай алады.
Мысалы, үйінде, бөтен ер адамдар жоқ жерлерде және әйелдер арасында Құранды дауыстап немесе күбірлеп оқып бағыштауына болады.
Алла елшісі бір күні түнде Мединелік Ансарлардың үйіне шыққан кезінде, солардан болған бір кейуананың есіктің арғы жағынан «Ғашия» сүресін оқып отырғанын естиді: «Бисмиллаһир рахманир рахим. Саған Қияметтің хабары келді ме?». Сонда Алла елшісі қатты жылап: «Ия, келді. Ия, келді» деген екен.
Өзі еститіндей ғана күбірлеп те оқуға болады. Риуаяттарға қарағанда Абдулла ибн Қайс, Айша анамыздан «Алла елшісінің Құранды дауыстап оқитын ба еді, әлде дауыс шығармай оқитынба еді» деп сұрағанда, Айша (радияллаһу анһа): «Екі түрлі де оқитын. Кейде іштей, кейде дауыстап» деп жауап береді. Оны естіген сахаба: «Осындай кеңшілік берген Аллаға мақтау болсын» дейді[1].
Алайда, бөтен ер адамдар бар жерде Құранды әуездеп оқуы мәкруһ саналғандықтан, Құранды ер адамдардың бағыштағаны дұрыс.
[1] Имам Тирмизи, Сүнән: Китабус салат.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz