17
Жұма,
Мамыр

һижри

Ашкөз адам дүниеден айқын үш сипатымен өтеді

Ашкөз адам дүниеден айқын үш сипатымен өтеді

Ислам тарихы

Ашкөз адам дүниеден айқын үш сипатымен өтеді:

1. Жинағандарына тойып, қанағаттанбай кетеді.

2. Армандағандарына жете алмай көз жұмады.

3. Көңіл, парасаттылық пен рухани байлықтан мақұрым қалып өтеді.

Ашкөздің көңілін жаулаған қанағатсыздық ол жерге иләһи махаббат пен ықыласқа аз да болса орын қалдырмайды. Өкінішті-ақ! Осындай адамдардың өмірлері дүние-мүлік жинап, жүк тасушылықпен өтіп кетеді. Өмірлері бір соқыр теке ойынына айналады да, аяғы өкінішпен бітеді. Ашкөздің тоя алмаған бұл дүние өмірі жайында «Назиғат» сүресінің 46 аятында: «Олар қияметті көрген күні (өздерін) дүниеде бір кеш немесе бір сәске ғана тұрғандай сезінеді» - деп, баяндалған.

Ашкөздіктің, адамның рухын құрдымға жетелейтін әуестермен иірімге айналдыруы Хақ Тағаланың жәһәннамды суреттегендегі баянын еске салады. «Ол күні тозаққа: «Толып, болдың ба?» - дейміз. Ол да: «Тағы да бар ма?» - дейді. (Қаф, 30)

Алла Тағала ашкөздер үшін басқа аятта былай дейді: «Оларды қоя тұр (өз еріктеріне жібер)! Жеп-ішіп, ойнап-күліп жүреберсін, құр үмітке алдана тұрсын. Олар әлі-ақ, (қылмыстарының зардабын) білетін болады». (Хижр, 3)

Қызғаныш тарихы адамның жаратылыс тарихындай ескі. Тұңғыш қызғаныш Ібілістің Хазіреті Адамды (аләйһиссәләм) тек топырақтан ғана тұрады деп, оны көре алмауымен басталады. Өйткені, Ібіліс періштелердің ұстазы болғанымен адамдар секілді нәпсі деген пәлемен сыналатын жындар тобынан еді. Сондықтан жаратылысындағы бұл бейімділіктің көрінісімен иләһи сырды аңғара алмай, Хазіреті Адамның топырақ жаратылысына алдана отырып, өзі мен оның арасын салыстырды. Сөйтіп, түтінсіз оттан жаралған Ібіліс, Хазіреті Адамның (аләйһиссәләм) үстемдігін, ерекшелігін қызғанды. Хазіреті Адамға періштелердің иләһи бұйрықпен сәжде етулерінің, ондағы Мұхаммеди нұрды қадірлеу қажеттілігінен болғанын біле алмады. Бұл қисса дүниеуи ғылымның иләһи сырды, даналықты меңгеру үшін жеткіліксіз екендігін көрсеткен ең алғашқы, ең мықты да маңызды мысал. Одан кейінгі Әбіл мен Қабыл қиссасы да қызғаныштың адам өмірінде қашаннан бері бар екендігін көрсететін мысал. Қызғаныштың біз үшін тағы басқа бір ғибрат көрінісі Юсуфпен (аләйһиссәләм) бауырларының арасында болған тарихи оқиға. Юсуфтың (аләйһиссәләм) бауырлары Хазіреті Якуб сияқты ұлы Пайғамбардың балалары әрі оның тәрбие аясында өсіп-өнгендер. Осыған қарамастан, өз бауырлары Хазіреті Юсуфты (аләйһиссәләм) қызғанып, оны бір құдыққа лақтырып тастау сияқты бір қылмыстан бас тартпады. Осы оқиға адам баласының бойындағы қызғаныш сезімінің қаншалықты қатты, қуатты екендігін көрсетіп тұр.

материал «Махаббат сыры» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: