28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Алладан – барлығын сұра, Адамнан – насихат қана сұра!

Алладан – барлығын сұра, Адамнан – насихат қана сұра!

Ислам тарихы

Алланың досы атанған Ибраһим пайғамбарды қауымы қанша ай бойы отын жинап, оны әбден лаулатып сол отқа лақтырған. Ол оттың ыстығы сонша аспандағы ұшып бара жатқан құсты да өртеп жіберген екен.

Сол кезде алты жүз қанаты бар, әрбір қанаты көкжиекпен таласқан Жәбірейіл періште келіп: « Көмек қажет пе?» - деп сұрайды. Алладан басқа ешкімнен жәрдем сұрап үйренбеген Ибраһим: «Сенен ешқандай көмек қажет емес», - деп жауап берген. Бұл - жүрегі Аллаға бекіген адамның жауабы. Бірнеше секундтан соң күлге айналғалы тұрғанын біліп тұрса да Алладан басқаға тәуекел етпеу – берік иманның көрінісі! Сонда от өшіп қалатындай жаңбыр да жаумады, дауыл да тұрып қауымды үйлерімен қоса жұлып алып кетпеді. Оны құтқаратын ешнәрсе болмады. Алайда ол отқа түсіп, Алланың қалауымен одан дін аман шықты. Қауымы бұл жайтқа таң қалып, тіпті мүшрік болған әкесі Азар: «Ей, Ибраһим Құдайың неткен керемет еді!» - деді.

Алла Тағалаға сеніммен бас ұруды үйрен. Алла Тағала «себебін жасау» дегеннің астарында «басқа біреуден сұра» дегенді меңземеген. Бізге Алланың әмір еткен нәрсесі – жағдайымызға қарап, басқа біреуден сұрамай, шама- шарқымыз жеткенше амал қылу. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, мүміндер! Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар!» [8:60]

Бұл адамның амал мен еңбек етуінің міндеттілігін көрсетеді. Алла Тағала басқалардан көмек немесе жаудан қорғауды сұраңдар демеген. Бұл істің себебін жасау болып саналмайды. Негізінде, бұл – тәуекел қылу. Егер бір нәрсе қаласаң, шама-шарқың жеткенше себебін жасап Аллаға тәуекел ет. Алла бізге жеткілікті. Алла тұрғанда ешкімнен ештеңе сұрама. Алла тұрғанда басқадан көмек сұрама. Құранды ашып «Фатиха» сүресінен бастап «Нәс» сүресіне дейін қарап шық, еш жерден Алланың басқадан сұрауды бұйырғанын көрмессің. Алла Тағаладан өміріңдегі майда заттардан үлкен заттарға дейін сұрауды үйрен. Адамнан сұрар болсаң ол білмейтін дүниең немесе насихат қана сұра. Жүрегіңде титтей де шек болмасын, қандай билік пен мансаптың иесі болса да бірнәрсе сұрап жатқан адамың сенің жағдайыңа қожалық ете алмайды. Сенің жағдайың тұтастай Алланың қолында.

Намаздарыңды жер мен көктердің Патшасына еткен зиярат секілді қыл. Барлық нәрсеге шамасы жететіннің алдында тұрғаныңды елестет. Түсініп тұрсың ба? Алла Тағала барлық нәрсеге құдіретті! Одан қалағаныңды сұра. Барлық уайымдарыңды, күнделікті проблемаларыңды оқып жатқан намаздарыңда ақтарып сал. Азан мен қаматтың арасында мешітте болуға тырыс, екі бас намаз оқып керегіңді сұра, егер намаз оқи алмасаң қолыңды жайып шын жүректен сұра. Раббыңнан бақыт тіле, жүрек тыныштығын сұра. Қорқып жүрген мәселелерің болса, Оған жалбарын. Құдай саған жеткілікті. Әлдекім үшін қорқып жүрсең, Алладан оны сақтауды сұра. Бір істің нәтижесін күтіп, алаңдап жүрсең, Алладан сәттілігін сұра. Дініңді қорғауын сұра. Ризығыңа береке сұра. Нығметіңді арттыруын сұра. Алладан махаббат сұра. Жер мен аспанның Патшасы саған бір нәрсені харам еткен болса Оның мүлкінен ешнәрсе артып кетпейді не кем болып та қалмайды. Алла Тағала: «Сендер шүкіршілік қылып, иман келтірсеңдер Алла сендерді азаптап қайтсін?!» - дейді. [4:147]

Егер сынақтардың хикметін түсінсең, жүрегің тыныштықта болар еді. Сынақтар мен қиындықтар сені Аллаға шындап байлайтын нәрселер. Сұрағаның алдыңа айдалып әкелгенін көрген кезде қуаныш пен мақтанышты, иманның дәмін сезесің. Алла Тағаламен мәмілең өзгеше кейіпке еніп, намазың Алламен байланысатын басты құралың болмақ.

материал «Мүмкіндік» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: