13
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Алла сені кешіретіндей тірі кезіңде қандай іс істедің?

Алла сені кешіретіндей тірі кезіңде қандай іс істедің?

Ислам тарихы

Имам Кушейри әңгімелейді:

«Қорасан патшасы әрі қаһармандарынан Амр бин Ләйс қайтыс болғаннан кейін, оны салих (ізгі, тақуа) бір кісі түсінде көреді, араларында төмендегі әңгіме өтеді.

– Алла саған не істеді?

– Алла мені кешірді.

– Алла сені не себептен кешірді? Алла сені кешіретіндей тірі кезіңде қандай іс істедің?

Амр бин Ләйс:

– Бір күні биік төбеге шыққан едім. Сол жерден әскерлеріме қарадым. Олардың көптігі мен салтанатын көргенде: «Әттең, Расулулла (с.ғ.с) уақытында болған соғыстарға әскеріммен бірге қатысып, оның жолында жандарын пида еткен бақтиярлардан болсам едім» – деп іштей өкіндім. Міне, осы құштарлығым мен ниетімдегі ықыластың арқасында Алла Тағала маған рахым етіп, менің күнәларымды бағыштады, әрі мәңгі бақытын сыйлады. Бұл оқиға ықылас пен шынайылықтың мұсылман үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін бір керемет мысал. Сондықтан, Алла елшісі (с.ғ.с): «Мүминнің ниеті оның амалынан қайырлы» - деп бұйырған. (Суюти, жами-ус Сағир ІІ.194)

Ниет – жүректің амалы. Ислам көз қарасы бойынша амалдардың құндылығы олардың пайда болуларына себеп болған, ниетпен, ықыласпен өлшенеді. Демек, бір істің пайда болуына, оны істеген кісінің ниеті қандай болса, үкім де соған қарай болады. Бұл шындықты күшейту мақсатында хадис шарифте: «Амалдар ниетке байланысты» – делінген. (Бұхари; Иман-41. Муслим Имәрә-155)

Сол себепті, әуелі құлшылықтарды, сонымен қатар бүкіл сауапты істерді Алла ризалығы үшін істеу керек. Ал, бұл болса, ықыласпен ғана мүмкін. Ықылас-амалдарды тек Алланың ризалығын алу мақсатында бір істі орындау, нәпсіге тән мақсаттардың көлеңкесін олардың үстіне түсірмеу болып табылады. Тән үшін рух қаншалықты маңызды болса, амалға да ықылас соншалықты маңызды. Ықылассыз орындалған амал, сауаптан мақұрым құрғақ шаршау ғана. Кемелдену жолында ілгерілеген бір дәруіш түннің жарымында мешітте намаз оқып жатыр еді. Жаңбыр жауа бастады. Көңілі бірден үйге қарай бет бұрды. Сол сәтте мешіттің бұрышынан бір дауыс есітіді:

– Ей, дәруіш! Оқыған мына намазыңмен біз үшін бір нәрсе істеген болмайсың! Себебі, әдемілігіңді (көңіліңді) үйіңе жібердің, жамандығыңды (нәпсіңді) бұл жерге тастадың! Осы оқиғаға қарағанда бүкіл іс-әрекетті тек қана ықыласпен ұлы бір мақсатқа байланыстырып, ғибадат дәрежесіне көтеру керек. Бірталай пенделік, нәпсілік істерде Алла Тағаланың басқа мақлұқтарымен бірдей болған адам баласы, бүкіл іс-әрекетінде дүниде, тәндік және нәпсілік жағынан жай табуды көздеу сияқты бір төменділіктен құтылып, оларды Алланың ризалығын алу мақсатына бағыттаумен өз жаратылысындағы кәмілдікті, көркемдікті ортаға шығара алады. Ал, бұл болса, Алланың ризалығын өмірдегі жалпы, шексіз мақсат халіне келтіру деген сөз. Сонда бүкіл істері, осы мақсат орайына болғандықтан руханилік сипатын алып, ғибадат дәрежесіне көтеріледі. Ұйқы, ішіп-жеу, балашаға және дүние-мүлік иемдену сияқты шексіз пенделік істер әрқашан Алла ризалығын алуға себепкер болатын жағдайда жалғастырылғанда шын мәнінде құлшылық пен жақсылықтар категориясына кірген болады. Бұл жағдайда адамның ұлы жаратылысына жарасатын бір қабілеттілікпен Хақ Тағаланың ризалығынан басқа бүкіл армандарды көңілден шығарып тастау, мұсылман көрсетуге міндетті болған үлкен қаһармандық. Сондықтан Алла  құзырында амалдардың қабыл болуының негізгі шарты – ықылас. 

Ықылас – Алла Тағалаға жақындай алу мақсатымен әр түрлі дүниелік мүдделерден жүректі қорғай білу. Ықыластың жемісі болса, Ихсан. Бұл құлдық Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуі, жүріп-тұруы, өзін үнемі Алланың бақылауында болғанын сезінуі. Ықылас құлдарды ең үлкен қайыр болып саналатын Алла ризалығына жеткізеді. Мақлұқтарының амалдарынан Алланың қалағаны тек өзінің ризалығына қарай жөнелген ықылас. Төмендегі аятта былай айтылған: «(Ей Пайғамбарым!) Бұл кітапты саған расында ақиқатпен (ақиқатты қамтыған түрде) түсірдік. Ондай болса сен де, дініңді кіршіксіздендіре отырып (нағыз арнап), Аллаға құлшылық қыл». (Зүмәр, 2)

«Мен дінді кіршіксіздендіре отырып, Аллаға құлшылық етуге бұйырдым, деп айт». (Зүмәр, 11) Алланың рахымдылығынан қуылған шайтан былай деген: «Ібіліс: Ей, Раббым! Мені адастырғаның үшін адам баласына жер жүзіндегі (күнәлі істің) бәрін жақсы көрсетемін де, олардың барлығын сөзсіз адастырамын». «Тек олардың ішіндегі нағыз ықыласты құлдарыңды ғана адастыра алмаймын», деді». (Хижр, 39-40)

Аят кәримада айтып өткендей шайтан, тек ықыласы төмен, әлсіз болғандарды ғана азғыра алады. Ықыласты құлдарға болса, ешқандай әсер ете алмайды. Міне, сондықтан жаратушы иеміз шайтанның сөздеріне қарсы былай дейді: «Маған келетін дұрыс жол міне, осы (ықыласты құлдардан болу жолы)». «Менің пенделеріме ықпалың әсте жүрмейді, саған ілескен азғындарына ғана болмаса». (Хижр, 41-42)

«Рас, өз пенделеріме сенің ықпалың әсте жүрмейді. Раббың оларды қорғауға кәміл». (Исра, 65) Құдси хадисте айтылған: «Ықылас, менің сырларымнан сондай бір сыр, оны құлдарымнан (тек) сүйген құлымның жүрегіне аманат етіп тапсырамын. Оны белгілеп, жазайын деген бір періштенің де, бұзу үшін шайтанның да одан (ықыластан) хабары болмайды». (Әт-Таж 1, 43)

Бұл хадис құдсидің мағынасы бойынша ықыластың құлдарға бағышталуының себебі, Алланың сүйіспеншілігін ала білу. Хадистегі «сүйген құлдарымның жүрегі» деген сөйлем осыған ишарат етеді. Сол үшін құлдың Аллаға деген махаббаты ең кәміл түрде жан-дүниесінің төрінен орын алуы керек. Ықылас пен шынайылықтан ада қалған жалған махаббаттардың ешбір пайдасы болмағаны секілді, мәңгі бір зиян мен өкінішке апарып соғатындығы айғақ. Осыған байланысты Хазіреті Нахшәби бір қисса айтады: «Бір жас жігіт патша қызының есігінің алдына келіп, оған ғашық болып қалғандығын айтады. Бұл хабар патша қызының құлағына жете салысымен есікке келіп, ол жігітке: «Мына мың дирхамды (ақша) ал. Енді қайтып маған да, саған да зияны тиетін нәрселерді айтпа!» – деді. Жігіт сөзінен бас тартпады.

Қыз: «Олай болса, екі мың дирхам ал!» - деген ұсыныс айтты. Ақыры бұл сауда он мың дирхамға жеткенде әлгі жігіт оны қабылдады. Бұл жағдайды көрген патша қызы: «Сен мені қалай сүйесің? Екі көзің ақшаға бітіп, көрмей қалды. Мені менен басқаға ауыстырғандардың жазасы не екенін білесің бе?» – деді. Сосын жалған махаббаты бар ол жігіттің басын шауып тастатты. Бұл оқиғаны естіген бір әулие кісі есінен танып құлады. Өзіне келгеннен кейін: «Ей, адамдар! Қараңыздар! Жалған сүйіспеншіліктің соңы не болды? Ал, Алланы сүйемін деп, бірақ басқаға бет бұрғандардың басына ақыретте не келмек?» – деді.

Хазіреті Мәулана бұл оқиғадағы жағдайды төмендегідей сараптайды: «Адамға іздегеніне қарай құрмет көрсетіледі». Ықылас – бүкіл амалдар үшін зәру болған сондай ұлы нығмет, оған ие болмай, табысқа жету мүмкін еместігі мына Хадис-шәрифте тамаша баяндалған: «Адамдар құрдымға кетеді, тек ғалымдар ғана құтылады. Ғалымдар да құрдымға кетеді, тек ғылыммен амал еткен ғалымдар ғана құтылады. Ғылыммен амал етіп жүрген ғалымдар да құрдымға кетеді. Тек ықылас иелері ғана құтылады. Бірақ, бұл ықылас иелері де (бұл дүниедегі әрбір сәт) үлкен қорқыныш алдында тұр». Бұл ақиқат Құран Кәрімде былай баяндалады: «(Азаптан) тек Алланың ықыласты құлдары ғана құтылады...». (Саффат, 40) 

«Ей, Мүминдер! Сендер өздеріңе қараңдар. (Ықыласты болыңдар, тіпті көпшілік болған күйлеріңмен бұл ахуалдарыңды сақтаңдар! Осылай істесеңдер), басқалардың адасқаны сендерге кесірін тигізе алмайды. Түбінде барлықтарың Алланың алдына барасыңдар, Алла сендерге істеген істеріңді айтып береді». (Мәйдә, 105)

Ықылас – ниеттердің кіршіксіз таза, шынайы болғаны соншалық ғибадаттардың дұрыс әрі берекелі болуы да бұған байланысты. Хазіреті Мәулана ықыластан мақрұм болып құлшылық етіп жатқан кісілерге былай үндейді: «Ей, ғапыл! Әттең сәжде еткен уақытта жүзіңді шын пейілмен Аллаға қарай бұрып алып, «Ұлылардың ең ұлысы болған Раббым, әр түрлі кемшілік сипаттардан пәк» деудің мағынасын білгеніңде, бас сәжде емес, көңіл сәждесін істей алғаныңда!...»

материал «Махаббаттағы сыр» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: