29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Қаралы хабарды естірту әдептері

Қаралы хабарды естірту әдептері

Ислам тарихы

Кенет естіген суық хабардан жүрегі қысылып, табан астында қайтыс болып кеткен қаншама адам бар. Ал біз осы тұста  қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінен мүлде алыс кетіп, ол қандай жақыны, жанында адам бар ма, жоқ па, ескермей, салмағы таудай қазаны солқ еткізіп айта салатын, тіпті баруға ерініп, ұялы телефон арқылы жазып жіберетін болғанбыз. Осы орайда Исламдағы қаралы хабарды естірту әдептерін ұсынамыз.

«Әкесі өлгенді де естіртеді»

Қазақ қазаны ешқашан тіке айтпаған. естірту жолымен жеткізген. Біреудің туысы қайтыс болса, не болмаса жақыны өмірден өтсе, ең алдымен, сол үйдің маңайындағы үлкендерге хабар береді емес пе? Ауыл адамдары бас қосып, адамы қайтқан үйге барып, орнығып отырып, әңгімені алыстан орағытып әкеліп, тікелей айтпай, астарлы түрде жеткізген. Бұл – қазақтың «естірту» салты. Бұған қазақ даласында мысал да көп. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деп тараған Қарашаш сұлудың қазасын Жиреншеге естірту, одан бергі кезеңдегі естіртудің үздік үлгілері ретінде Үмбетей жыраудың: «Ей, «Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай» деп басталатын атақты Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту жырын, Қазбасты шешеннің Байшуақ өлгенде баласы Байғараға: «Алып арыстан құласа, жан беруші бар ма екен. Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен» деп сұраулай естіртуін, сондай-ақ, Абыл (Тілеуұлы) ақынның Сүйінқараның қазасын өлеңді толғау арқылы естіртуін білеміз. Ал Бабаларымыз Шоқанның өлімін Шыңғысқа қалай жеткізіп еді? Келдібек Жандосұлы Шоқан өлімін Шыңғысқа: «Ұлы өлмеген руда жоқ, қызы өлмеген Қырымда жоқ. Қатыны өлмеген халықта жоқ, ағасы өлмеген аймақта жоқ. Інісі өлмеген елде жоқ, әкесі өлмеген әлемде жоқ. Шешесі өлмеген пенде жоқ. Аққу ұшып көлге кетті, дуадақ ұшып шөлге кетті. Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны иесі өзі әкетті. Шоқан деген балаңыз бәріміз баратын жерге кетті» дейтін тағы қаншама естіртудің тамаша үлгілерін атауға болады.

 

Үлкендерге хабар беріңіз

Қаза - айтпай, аяқ-асты келе салады ғой. Сен дайынсың ба, жоқсың ба, қуанып отырсың ба әлде қайғырып отырсың ба?! деп жатпайды. Жақында ғана өзімізбен қатарлас құрбымыздың ұзату тойы болып, ақ босағаны аттап үлгермей, жолда көлік апатынан тіл тартпастан қайтыс болып кеткенін естіп, "ах" деп қалдық. Қолымыздан келер қайран жоқ. Дәл осылай көршіңіздің, жақын араласатын досыңыз не ауылдасыңыздың жақыны қайтыс болды делік. Енді не істейсіз? Ең әуелі көпті көрген, орта жасқа келген, сөзі мірдің оғындай ақсақалдарға хабар беріп, естіртуін өтініңіз. Қазақ "өмір көрген" деп жатады ғой. Бұдан да қиын жағдайларды бастан өткізген үлкендер ақылмен, сабырмен, жанамалап жеткізудің жолдарын айтар не өздері келіп естіртер.

Ел ауызындағы әңгімелерге қарағанда, белгілі ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естірткен деседі.

Аталған оқыс оқиға «Бабалар сөзі» жинағында былай суреттеліпті: «Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкер ертіп, Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:

– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.

– Адам қымбат, – депті Шыңғыс.

– Адамға не қымбат?

– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.

 – Жансызда не қымбат екен?

– Жансызда қымбат гауһар деуші еді...

– Теңіз тұңғиығында жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?

– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.

 – Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді, – дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, күштісі алады» деп өз санын бір соғыпты да:

– Менің гауһарым Мұхаммед Қанапияға Тәңірдің оғы тиген екен ғой», – деген екен.

Келдібек би тоқтау айтып: – Уа, Сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! – деген екен.

 

«Тікелей хабарласпау»

Заманауи хабарласу құралдары, ондағы интернет көп жағдайда алысты - жақын, баяуды - тез ететіні рас. Бірақ жақыны қаза тапқан адамға  хабарласып, "Осы туысың қайтыс болды" деп, сүйінші сұрағандай асығыс жеткізудің қажеті жоқ. Өйткені оның да сол жерде жүрегі тоқтап не есінен айырылып қалуы мүмкін. Сол себепті, жақын жерде болса, екі-үш адаммен барып естіртіп, ал алыста болса (Басқа қалада тұратын жақындары, оқуда жүрген баласы, тұрмысқа шыққан қызы, т.б), алдымен ол араласатын жанындағы адамдарға хабар беріп, солар арқылы естіртуі керек.

Тақырыпқа тұздық ретінде жаза кетсем. Екібастұздық "Отарқа" газетінде тікелей естіртудің осындай зардабы жөнінде жазылған мынадай ақпаратты көзіміз шалды: "Бұрынғыдай хат-хабар алысу қиын уақыт емес, сондықтан бүгінде бұл салт өзінің түпкі мақсатынан ажырай бастағандай. Кейбір ауылдық жерлерде болмаса, қазаны әдейілеп естірту дәстүрі қалып барады. Алыс жерде тұратын туыстарға қаза туралы ұялы телефон хабарламасын жіберіп естірту не қоңырау шалып айту әдетке айналды. Астарлап жеткізу былай тұрсын, уақыттың асығыстығынан бір ауыз сөзбен пышақкесті хабарлай салады. Өткенде осындай қаралы хабарды естіген жігітағасы жүрегі шыдамай, сол күні қайтыс болып кетіпті" делінген хабарламада.

 

«Мен қалай естіртемін?»

Егер сіз алыста (іс сапарда, оқуда, шет елде, т.б) жүргенде жаныңыздағы досыңыздың жақыны қайтыс болып, оның өзге туыстары сізге хабарласып, суық хабарды оған жеткізуіңізді өтінді делік. Өлім кез келген адамға оңай емес, естіген сәтте сіз де есеңгіреп, өз әрекетіңізге жауап бере алмай, оған бірден тарс еткізіп айта салуыңыз не түріңіз бұзылып жылап та жіберуіңіз мүмкін. Бірақ шын қайғыға ортақтасу, жан ашу бұлай көрініс таппайды. Әуелі оның жанында отырсаңыз, сыр білдірмей тұрып кетіңіз. Оңашада эмоцияңызды шығарып та алыңыз. Сосын оған қалай естіртуге болатын жолдарын іздеңіз. Мейлі сөзге шешен жан болсаңыз да, ойыңызды жинақтап алу артықтық етпейді. Өзіңіздің батылыңыз бармаса, көпті көрген, тәжірибесі бар адамның көмегіне жүгініңіз (Сабақ беретін ұстазы, ақыл айтар ағасы, т.б.).

 

«Қандай сөздер айту керек?»

Кейде өзіңізден басқа естіртетін адам таппай да қалуыңыз мүмкін. Ондай кезде, амал жоқ, сіздің жеткізуіңізге тура келеді. Бұл үлкен жауапкершілік екенін тағы ескертеміз. Сондықтан азды-көпті ізденіңіз, үлкендерден қалай естіртуге болатынын сұраңыз, ата-бабаларымыздың естіртулерін де бір қарап алу артықтық етпейді. Сонымен қоса, суық хабар жеткізгелі отырған адамға тағдыр мәселесі туралы хабар беріңіз. Әрине тікелей айтсаңыз, жүрегі бір нәрсені сезіп, қабылдай алмай қалуы мүмкін. Естіртуден біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілер арқылы, тағдырға сену, иман келтіру, өлім мен өмір мәселесі туралы ұстаздардың уағызын өзіңіз тыңдап отырғандай ол да еститіндей етіп, қосып қойыңыз немесе соған сай мәлімет оқыңыз. Ол адам бұрын да оны оқыған не естіген болуы әбден мүмкін, бірақ әр естіген сайын жаңа бір ой түйіп, ойланады. Хабарды есту де қатты ауыр болмайды не тағдырға қарсы сөз айтпайды.

материал «Исламдағы әдептер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: