28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Дұғасы кері қайтарылмаған дара сахаба

Дұғасы кері қайтарылмаған дара сахаба

Ислам тарихы

Әкесі: Абдулла ибн Имад (Ибн Абдулбарр, «әл-Истиғаб фи мағрифатил асхаб», 525-бет)

Туған жері: Араб жазирасы

Дүние салған жері: Ирак, Басра маңайы (Ибн Сағд, «әт-Табақатул кубро», 4-том, 268-бет) әл-Ғала ибн әл-Хадрами (Алла разы болсын) мұһажирлердің ішіндегі ең құрметтісі, ал жалпы сахабалардың ішінде ең айрықша тұлға. Негізгі аталары Йемен жерінің Хадрамаут қаласынан Меккеге қоныс аударып, Харб ибн Умаяның (Әбу Суфиянның әкесі) одақтастығы себебімен қасиетті қалада тұрақтаған (Ибн Сағд, «әт-Табақатул кубро», 4-том, 268-бет).

Бауыры Мәймун ибн әл-Хадрами надандық кезеңінде Меккенің жоғарғы жағындағы бір төбеден құдық қазып су шығарған. Сол себепті оның есімімен «Мәймун құдығы» деп аталып кеткен. Ал тағы бір бауыры Амр ибн әл-Хадрами һижреттің бірінші жылы орын алған Нахла жорығында мұсылмандар қолынан қаза тапқан ең алғашқы мүшрик ретінде тарихта қалды. Бұл өлім Ислам тарихындағы ұлы шайқас – Бәдірге себеп болды (Ибн Хажар, «әл-Исоба фи тәмиизи сахаба», 7-том, 236-бет).

Ал үшінші бауыры Амир ибн әл-Хадрами сол Бәдір шайқасында иманға келместен өлім құшты (Ибн әл-Әсир, «Усдул ғоба фи мағрифатис сахаба», 864-бет). Ал әпкесі Соғба бинт әл-Хадрамиді Әбу Суфиян некесіне алып, кейін талақ қылған. Одан соң Убайдулла ибн Осман әт-Тәймиге тұрмысқа шығып, одан тірі күнінде жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі әрі Алла елшісінің (с.ғ.с) көмекшісі, «Жер бетіндегі тірі шәһид» деп аталған Талха ибн Убайдулланы дүниеге әкеледі (Ибн Абдулбарр, «әл-Истиғаб фи мағрифатил асхаб», 526-бет).

Ал әл-Ғала ибн әл-Хадрамидің (Алла разы болсын) өзіне келер болсақ, ол дұғасы қабыл болатын, Алланың көркем есім-сипаттарын айтып жалбарынғанда тілегі кері қайтарылмайтын дара сахаба болған (Ибн әл-Әсир, «Усдул ғоба фи мағрифатис сахаба», 864-бет).

Алла елшісі (с.ғ.с) әлем патшаларын Ислам дініне шақырып хат жолдағанда Бахрейн жеріне бұл аманатты табыстау бақыты әл-Ғала ибн әл-Хадрамиге (Алла разы болсын) бұйырды. Демек, әл-Ғаланың бойында елшілерге тән керемет сипаттар да бар болған. Алла елшісінің (с.ғ.с) хатын табыстағаннан кейін Бахрейн билеушісі Мунзир ибн Сәуа әл-Абди оған: «Енді... Уа, Алланың елшісі! Ақиқатында, мен сенің хатыңды Бахрейн тұрғындарына оқып бердім. Олардың бір бөлігі Исламды ұнатып, оны қабылдады, ал бір бөлігі оны жақтырмады. Менің жерімде мәжусилер мен яһудилер бар. Маған осыған қатысты бұйрығыңды жеткіз», – деп хат жолдады.

Алла елшісі (с.ғ.с) Мунзирге: «Бисмилләһир Рахманир Рахим. Алла елшісі Мұхаммедтен – Мунзир ибн Сәуаға. Саған сәлем болсын. Мен саған Одан өзге ешбір құдай болмаған Алланы мадақтап дәріптеймін және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік беремін. Енді... Мен саған аса құдіретті әрі ұлы Алланы есіңе саламын. Ақиқатында, адалдықты ұстаған адам оны өзі үшін ұстайды. Менің елшілеріме бағынған және олардың ісіне ерген кісі маған бағынады, ал кім оларға адалдық көрсетсе, маған адалдық көрсетеді. Шындығында, менің елшілерім сені мақтады. Мен сені қауымыңа арашашы еттім, мұсылмандардың Исламды қабылдаған кездегі мүліктерін өздеріне қалдыр және мен күнәлілерді кешірдім, сен де олардың тәубесін қабылда. Сен түзулік етіп тұрғанда біз сені қызметіңнен алмаймыз. Ал кім яһудилігі мен мәжусилігінде қалса, оның жизия (салық) төлеуі міндетті», – деп жауап хат жазды (Мубаракфури, «ар-Рахиқул махтум», 344-бет).

Алла елшісі (с.ғ.с) дүниеден өткеннен кейін әділетті халифа Әбу Бәкір әс-Сыддық (Алла разы болсын) әл-Ғала ибн әл-Хадрамиді (Алла разы болсын) он алты аттылы кісімен Бахрейнге жіберді. Әрі оған жолда кездескен мұсылмандардың барлығын қосып алуға рұқсат екендігін айғақтайтын хат жазып берді. Бахрейнге баруларының негізгі себебі адамдардың зекет беруден бас тартып, діннен шығуы еді. Бахрейнге бара жатқан жолда сулары таусылып, Дахна шөліне жеткенде әл-Ғала ибн әл-Хадрами (Алла разы болсын) Алланың көркем есімдерімен дұға қыла бастады. Кенет жерден атқылап су шығып, сахабалар қанғанынша ішіп, ыдыстарын толтырып, ары қарай жүріп кете барды. Әскер құрамындағы бір кісі әлгі жерде заты қалып қойғандығы есіне түсіп, су ішкен жеріне қайта оралса, бұлақ суы жоқ болып кеткен (әз-Зәһәби, «Сияр ағлам ан-нубала», 1-том, 265-бет).

Осылайша, олар Жуаса қамалына жетіп, оларды жермен-жексен етті, тіпті, бұлардан ешкім қашып құтыла алмады. Одан әрі әл-Қотифке келіп ондағыларды жайратып салды. Бұл жерден қашқандар әз-Зарлықтарға қосылды. Оларды да теңіз жағалауында ұстап, қоршауға алғанда келісімге келуді өтініп, оларға рұқсат етілді (әз-Зәһәби, «Сияр ағлам ан-нубала», 1-том, 265-бет).

Әл-Ғала ибн әл-Хадрами (Алла разы болсын) бастаған бұл әскер жеңіс артынан жеңіске, сәттілік артынан сәттілікке кездесіп жатқанда бұл үмметтің ең мейірімдісі, Алла елшісінің (с.ғ.с) үңгірдегі үзеңгілесі әділетті халифа Әбу Бәкір әс-Сыддықтың дүние салғандығы жайлы суық хабар жетті. Бірақ бұл хабар әл-Ғала ибн әл-Хадрамиді (Алла разы болсын) міндетінен тоқтатпады, керісінше, қияметке дейін адамдар жадында сақтаған мына бір тарихи карамат орын алды. Ол – Парсы теңізінің арғы бетіндегі Дарин қаласына жасалған жорық. Жағалауға жеткен әскер кеме таппай тоқтап қалғанда әл-Ғала ибн әл-Хадрами (Алла разы болсын) күбірлеп дұға қыла бастады да, атынан түспестен жер бетінде жүріп бара жатқандай теңізді кемесіз кешіп өтті. Аттылы әскер де оның артынан ілесіп бір күн, бір түндік жолдан аман өтіп, қаннен-қаперсіз отырған жаудың зәре-құтын қашырды. Қарсыласқандарды сабасына түсіріп, жас балаларын жинап алды. Бұл сәттерде атақты сахаба Әбу Һурайра әд-Дәуси әл-Ғаланың қасында азаншы, ал майданда жауынгер болып кете беретін.

әл-Ғала ибн әл-Хадрами (Алла разы болсын) халифа Омар әл-Фаруқтың тұсында тамаша игілікке жетті. Олар жорықты ары қарай жалғастырып, Парсы империясына қарасты Парсы теңізіндегі үлкен аралды қоршауға алды. Ол жерге де Ислам нұрын таратып, алғашқы мешіттің іргетасын қалады (Ибн Сағд, «әт-Табақатул кубро», 4-том, 267-бет).

Неткен қырағылық пен айбаттылық десеңші?! Осыншама ұлы істер бұл кісінің жақсылық таразысына нәсіп болатынын кім білген? Адам ақылына сыймайтын нәтижелі керемет іс атқарылып жатқанда Халифа Омар әл-Фаруқ сол жетістіктерді Ирактың Басра қаласынан да көргісі келіп, әл-Ғала ибн әл-Хадрамиді (Алла разы болсын) Басраға әкім етіп тағайындап, оның орнына Бахрейнге Әбу Һурайра әд-Дәусиді басшы етіп қалдырды (Ибн Абдулбарр, «әл-Истиғаб фи мағрифатил асхаб», 526-бет). Дегенмен, Әбу Һурайра әд-Дәуси оған жол серік болып Басраға бет алды. Жолда Тәмим руына қатысты жерге жақындағанда ең алғашқы болып Ислам халифалығының мөрін дүниеге әкелген, өте сақ әрі адамды жақсы тани білетін, әрдайым дұғасы қабыл болған, қаншама әулиелік караматтар көрсеткен, Алла елшісінің (с.ғ.с) уахи жазушысы, азуы алты қарыс ұлы сахаба әл-Ғала ибн әл-Хадрамиге (Алла разы болсын) ажал оғы тиді. Әбу Һурайра әд-Дәуси: «Оны жерлеу үшін жуындыруға су таппай қалдық. Кенет көкте бұлт жинала бастады да, нөсер құйды. Біз оны жаңбыр суымен жуындырып, қылышымызбен қабірін қазып жерледік», – дейді (әз-Зәһәби, «Сияр ағлам ан-нубала», 1-том, 266-бет).

Бұл орны толмас қайғылы сәт һижреттің он төртінші жылы Омар әл-Фаруқтың (Алла разы болсын) халифалығында орын алған еді (Ибн әл-Әсир, «Усдул ғоба фи мағрифатис сахаба», 864-бет). Әбу Һурайра әд-Дәуси (Алла разы болсын): «Мен әл-Ғала ибн әл-Хадрамиден ұмыту мүмкін болмаған үш ғажап нәрсені көрдім. Даринге барар жолда теңізді атымен жүріп өткендігі, Дахнада дұға қылып, шел даладан су шығарғандығы, дүние салғанда су таппай қалып, көктен жаңбыр жаууы», – деген (Ибн Сағд, «әт-Табақатул кубро», 4-том, 268-бет). Тарихы талайға тағылым болған ерекше сахаба әл-Ғала ибн әл-Хадрамиге Алла Тағала разы болып, жақсылығын арттырғай. Ал бізге оған көркем түрде ілесуді жазсын.

материал «Сахабалардың сәулелі ғұмыры» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: